home
home home

19 қазан – Құтқарушылар Күні. Апат айтып келмейді

Қазақстан Республикасы Президентінің 19 қазан 1995 жылғы Жарлығымен Төтенше жағдайлар қызметі құрылып, осы күн – Құтқарушылар күні болып жарияланған еді. Содан бері осы бір мазасыз әрі қатері мен қауіпі мол қызметте жүргендер өздерінің төл мерекесін атап өтіп келеді.

Біз Құлан ауылының күнбатыс жағындағы күре жол бойындағы медициналық құтқару пунктіне барғанымызда Апаттар медициналық орталығына қарайтын жасақ мүшелері қызмет үстінде екен. Олар Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетіне бағынышты болғандықтан қандай дабыл түссе де оған сақадай сай дайын отырады. Біз барғанда Еркебұлан Белгібайдың ауысымы күзетте тұрған еді. Ол былай деді:

– Екі ауысыммен жұмыс істейміз. Екінші ауысымға Қуаныш Күнғабылов басшылық етеді. Әр ауысымда 5 адам бар. Бізге бір реономобиль автокөлігі бекітіліп берілген. Оны Жамбыл Пірімқұлов жүргізеді. Бүгінгі ауысымда фельдшер әрі диспетчер Айдар Асқарұлы, фельдшер Жантөре Көрғұлиев, құтқарушы санитар Талғат Тойлыбаев тұр. Бізге жыл басынан бері 68 дабыл келіп түсті. Сөйтіп, 86 адамды жол апатынан аман алып қалдық. Осы Құланда тұрған құтқарушылар бекеті 120 шақырым аралықтағы жол бойындағы төтенше оқиғаларды қадағалайды. Біздің қызмет телефонымыз: 5-00-65. Мұны жолдағы әр жүргізуші білуі тиіс. Мен бүгінгі кәсіби мерекесімен барлық әріптестерімді құттықтаймын!

Расында, апат айтып келмейді. Сондықтан жолда жүргенде абай болайық, ағайын!

С.ҚОЖЕКЕ,

Суретте: күре жол бойындағы құтқарушылар.

Сурет Т.Доспембетовтікі.


© 2017 Аппарат акима Рыскуловского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта