home
home home

Ауылдық округі әкімдерінің халық алдындағы 2016 жылдың қорытындысы бойынша есептері

Ауылдық округі әкімдерінің халық алдындағы 2016 жылдың қорытындысы бойынша есептері

Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдында жыл бойғы атқарған жұмыстары жөнінде есеп беріп келе жатқанына да біраз жылдың жүзі болды. Аудан тұрғындарының осы кезге дейінгі есепті жиындарда айтқан оңды пікірлері мен талап-тілектерінің басым көпшілігі орындалып келеді. Ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып, көптеген әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Тұрғындар қозғау салған маңызды мәселелердің бәрін елеп, екшеп, таразыға салған аудан әкімдігі әр ауылдың қажетіне қарай қарекет қылуда. Бұны биліктің халықтың көкейіндегісін көңілге тоқып, алдағы жұмыс жоспарларына енгізіп, елмен етене еңбек етуі деп түсінген жөн.

Жылдағы үрдіске сай биыл да қаңтар айының 18 жұлдызынан бастап 31 жұлдызына дейін барлық ауылдық округ әкімдері ауыл тұрғындары алдында есеп береді. Біз бүгін ауыл әкімдерінің есептерін қысқаша, тезистік нұсқада оқырман қауымның назарларына ұсынып отырмыз.

Ақбұлақ ауылдық округінің әкімі С.Баймұратовтың есебі

 Ақбұлақ ауылдық округіне қарасты 4 елді мекен бар. Олар Р.Сәбденов, Бәйтелі, Қызылшаруа, Разъезд-98 ауылдары. Осы елді мекендердегі тұрғындардың жалпы саны 3738 адам. Оның ішінде: оқу жасына дейінгілер – 631, оқушылар – 569, зейнеткерлер – 345. Ұлттық құрамы жөнінде қазақтар – 3585, басқа ұлттар – 160. Осы аталған 4 елді мекендерде 673 отбасы тұрады.

Аймақта 2016 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілген. Әкімшілік мамандары осы бекітілген жоспар негізінде жұмыстар атқарды.

Округте бүгінгі күнге 73 агроқұрылым бар. Сонымен қатар, 11 кәсіпкер тіркеуден өткен. Аймақ бойынша 4 дүкен, 1 жанар-жағар май стансасы халыққа қызмет көрсетеді. Дер кезінде құжаттарын рәсімдеп, тиісті салықтарын төлеп тұрады.

«Жұмыспен қамту – 2020» жол картасы бойынша мал шаруашылығын жүргізу үшін «Бөлтірік», «Боранбай» шаруа қожалықтары несиеге бизнестің жол картасына сәйкес мал алып, шарушылықтарын жүргізуде. «Тұрғынтегі» шаруа қожалығы «Алтын асық» бағдарламасы бойынша несие алды. Лизинг бойынша «Казагрофинанс» арқылы «Нұр Тау Әулие Ата» ЖШС 4 комбайн 2 трактор алса, «Қалтай», «Тұрғынтегі», «Ақ Қайнар», «Торсықбай», шаруа қожалықтары бір-бір трактордан алды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Қызылшаруа ауылындағы Абай, Бекбай көшелеріне тас төселсе, мектеп маңайына аққан суды тоқтату үшін арық қазылып, шешімін тапты. Сол секілді Бәйтелі ауылында көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Р.Сәбденов ауылында Әл Фараби, Алтынсарин, Ақ қайнар көшелеріне тас төселді. Қазіргі уақытта Қызылшаруа ауылын көгілдір отынмен қамтамасыз ету үшін «Байзақгаз сервис» ЖШС-сі газ құбырларын орнату жұмыстарын атқаруда. Р.Сәбденов ауылындағы саябақ абаттандырылып, жазғы футбол, волейбол алаңдары соғылды. Р.Сабденов ауылындағы бейіттің қоршауы кеңейтілді.

Аймақтағы елді мекендерді абаттандыру, жұмыссыздар санын азайту, әлжуаз отбасыларына қолдау көрсету бойынша бірқатар мәселелер бар, дегенмен, жұмыс барысында шешімін табатын боламыз.

Абай ауылдық округінің әкімі С.Иманбаевтың есебі

Өткен жылы Абай ауылдық округі әкімінің аппараты округтің әлеуметтік-экономикалық жағдайын дамытуға бағытталған бірқатар жұмыстарды атқарды.

Әкімдіктің жер иелігіндегі екі елді-мекендердегі 383 отбасында 2062 адам тұрады. Округ бойынша 1 орта мектеп, 1 кітапхана, 1 клуб, 1 почта және 1 дәрігерлік амбулатория халыққа қызмет етеді.

Ауыл аймақтағы жалпы жер көлемі 28647,5 гектар, оның 4304 гектары егістік алқап, оның ішінде 363 гектары суармалы жер. Аймақта барлығы 59 ауылшаруашылық құрылымдары тіркелген. Тұрақты жұмыс істейтін ұжымдар саны -43. 2016 жылдың өніміне 656,6 гектар бидай және 1484,0 гектар арпа егіліп, орылды. Орташа түсім 22,5 центнер болды. Сонымен қатар, 10 гектар жерге қант қызылшасы және 176,5 мақсары дақылдары егіліп, орташа түсімде өнім жиналды.

Ауылшаруашылығы малдарының төлдері бірдейлендіріліп, толығымен компьютерлік базаға енгізілді. Ауыл тұрғындарының малдарына 292 дана ветеринарлық паспорттар беріліп, 2015 жылғы туылған ірі қара малдардың төлдері толық қамтылды. Ауылымыздағы қолдан ұрықтандыруға жататын мал саны 288 бастың төңірегінде. Қолдан ұрықтандыру мал иелерінің сұранысына сәйкес жүргізілді.

2016 жылға бөлінген 32 миллион 094 мың теңге өз мақсатына жұмсалып, қаражат толықтай игерілді.

Межеленген мүлік салығы 80702 теңге, жиналғаны 83888 теңге немесе 100 % жер салығы 204195 теңге, жиналғаны 208915 теңге немесе 100 % орындалды. Жалпы барлық салық 100 пайызға орындалып отыр.

Өткен жылдың көктем және күз айларында көріктендіру, көгалдандыру және санитарлық тазалық айлықтары өткізілді. Айлықтар кезінде аймақ бойынша 500-дей түп әртүрлі ағаштар отырғызылып, 2300 тал-дарақ қырқылды. Көше бойындағы 450 дана электр бағандары сырланып, әктелді. Көктемгі және күзгі көріктендіру және санитарлық тазалық туралы екі айлық кезінде барлық көшелер күл -қоқыстан тазаланып, 18 тонна күл -қоқыс шығарылды. Тазалық айлары кезінде ауыл тұрғындарының 1 тракторы мен 2 автомашинасы жұмысқа тартылды. Абай атындағы орта мектептің жанындағы спорт алаңдары шөптерден тазаланып, күтіліп, бап талуда. Барлық спорттық жарыстар мен мәдени іс шаралар сол жерде өткізіледі. Үгіт насихат құралдары ілінген 8 стендтердің сөз мәтіндері жаңартылды. Көктемгі және күзгі тазалық айлығына барлығы 200 дей адам қатысып, әр аптаның жұма күндері «Тазалық күні» болып белгіленді.

Ауыл аймақта шешімін таппай отырған мәселелерде жоқ емес.

Соның бірі, Қ.Сәтпаев көшесі бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған (тротуарлар) жолдарын күрделі жөндеуден өткізу болса, одан бөлек, ауылға балабақша, мәдениет үйін салу да біздің алдағы жылдары атқаруға тиісті жұмыстарымыздың бастысы болып табылады.

Қарақыстақ ауылдық округінің әкімі О.Танкеевтің есебі

Елдігі мен ерлігі, кеңдігі мен теңдігі, өрлігі мен ел бірлігі жарасқан, көк байрағы көгінде асқақтап желбірген еңселі еліміздің 25 жылдық мерекесі де тойланып, өткеніміз бен кеткенімізді бағамдап, келер күнімізді болжайтын кезеңге де келіп жеттік. Мерекесі мен берекесі, құты мен ырысы таусылмаған қасиетті Қарақыстақ жері тарихқа да, шежіреге де бай. Осынау қаймағы бұзылмаған туған жер төсінде қызмет жасау – мен үшін үлкен абырой, зор мәртебе. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ауыл аймағымызда да көптеген игі істер атқарылды. Шешімін таппаған түйткілді мәселелер де жоқ емес. Дегенмен, оның бәрі уақыт еншісінде.

1997 жылы құрылған Қарақыстақ ауылдық округінде 4 елді мекен бар. Округте тұратын халықтың жалпы саны – 4875 адам. Түтін саны – 835. Ұлттық құрамы бойынша қазақтар – 4024, басқа ұлттар – 701.

Округте бүгінгі күнде 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 186 шаруа қожалығы тіркелген. Қазіргі кезде 176 шаруа қожалықтары жұмыс істеуде. Оның ішінде 21 шаруа қожалығы мал шаруашылығымен, 115 шаруа қожалығы егін шаруашылығымен айналысады. Ірілендіру бағдарламасына сәйкес 39 ұсақ шаруа қожалықтары бірікті.

Ауылдық округке 2016 жылы бөлінген қаржы 18 млн. 314 мың теңгені құрады.

Атқарылған жұмыстарды атап өтетін болсақ, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Қазақ ауылына демалыс орыны салынып, Тасшолақ ауылындағы бастауыш мектептің алды асфальттанды. Каменка ауылында 140 орындық «Күншуақ» бөбекжайының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Қазақ, Тасшолақ ауылдарындағы бейіттер қоршалып, Каменка ауылындағы Айдаш Базарқұлов көшесі жарықтандырылды. Сонымен қатар, Каменка, Жалпақсаз ауылдарында мини-футбол алаңдары салынды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында талай қиындықтармен бетпе-бет келгенімізді ешқайсымыз ұмытпаған шығармыз. Сол ауыртпалықтарды да кезінде бірлесе отырып жеңе білдік. Ендеше, бүгінгі күннің талабына сай туындаған қиындықтарды да еңсере аламыз деп сеніммен айта аламыз. Себебі, бағытымыз дұрыс, мақсатымыз айқын. Талай қиын-қыстауды бастан өткерген Ұлы дала ұрпақтарының ішінде елін ойлайтын, жерін ойлайтын азаматтардың көп екендігін білеміз. Мәңгілік Ел болудағы мақсат-міндеттерімізді жүзеге асыру үшін, барлығымыз ынтымақта, бірлікте өмір сүруіміз қажет.

Құмарық ауылдық округінің әкімі Б.Айдаралиевтің есебі

2016 жылы Құмарық ауылдық округі әкімі аппараты округтің әлеуметтік – экономикалық жағдайын дамытуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарды. Әкімдік аумағында 630 отбасында 3713 адам тұрады.

18 жасқа дейінгі көп балалы аз қамтылған отбасыларға жәрдемақы тағайындау комиссиясының қортындысы негізінде өткен жылы 67 отбасының 252 баласына 5 млн. 200 мың тенге, аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек бойынша 2 отбасының 16 мүшесіне 400,0 тенге төленді.

Кедейшілік пен жұмыссыздық бағдарламасын орындау барысында округ бойынша ресми жұмыссыз болып тіркелген 25 адамның 22-сі тұрақты жұмыспен қамтылды. Калған 3 адам ресми тіркеуде. Кедейшілік денгейі округ бойынша 0,3 пайызды құрайды.

«Өрлеу» бағдарламасы аясында ауылдан 6 адам жұмысқа тартылды.

Денсаулығына байланысты мүгедектік алған қамқорлық қажет ететін қарттарға округ бойынша бір әлеуметтік қызметкер қызмет жасайды. Бүгінгі таңда ауылымызда 1-2 топтағы 48 адам, 3 топтағы 32 адам бар.

Жасына байланысты үйінде көмек беретін адамдары жоқ 5 жанұя бар.

Салық түсімдерін орындау ауылдық округінің негізгі көрсеткіштерінің бірі болып есептеледі. Жер салығы бойынша 673 мың 365 тенгеге тапсырма берілсе, 100,4 % артығымен орындалды. Мүлік салығы бойынша тапсырма 71 мың 873 тенге болса,ол да 102,9 % артығымен орындалды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасына 3млн. 695 мың теңге бөлініп, оның ішінде 898 мың теңгесі Алғабас ауылының С.Игісінов көшесіне шағал тас төсеу, 1370,90 мың теңгесі Құмарық ауылының орталығына сахна орнату, 1880,8 мың тенгесі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша Құмарық ауылы, Жібек жолы көшесінің жарығын орнату үшін жұмсалды.

Бүгінгі күні ауылымызда 83 шаруа қожалығы бар. Аймақ бойынша 12723 гектар егістік алқап болса, соның 405 гектары суғармалы жерлер. 2016 жылы 32 шаруа қожалық 3712 гектар алқапқа күздік бидай, 26 шаруа қожалық 4186 гектарға жаздық арпа, 100 гектарға майлы дақыл мақсары, 306 гектарға жоңыршқа, 5 гектарға қант қызылшасы, 10 гектарға картошка, 24 гектарға сәбіз дақылдары егілді. Егілген күздік бидайдан гектарына 26,1 центнерден арпадан гектарына 25,3 центнерден өнім жиналды.

Округ бойынша ірі қара – 2324, қой мен ешкі – 35319, жылқы – 1122, құстар – 4593. Биылғы жылы ауылшаруашылық малдарын бірдейлендіру бойынша 7000 бас қойға ,600 бас ірі қараға сырға салынды. Әртүрлі ауыруларға қарсы осы малдарға10 рет вакцина егілді. 1215 бас мүйізді ірі қарадан, 10108 бас ұсақ малдан қан алынып тексерілді.

Қорағаты ауылдық округінің әкімі Б.Аблазимовтың есебі

Қорғаты ауылдық округінде 5 елді мекен орналасқан. Онда тұратын халық саны 1595 адам.

Округі бойынша барлық егістік алқабы 12245 гектарды құрайды. 2016 жылдың өніміне 3500 гектар бидай, 3232,8 гектар арпа, егілді. Барлығы 6732,8 гекьтар дәнді-дақылдар егіліп, 12373 тонна өнім алынды. Игерілген жер 54,9 пайызды құрады. 2017 жылдың өніміне 450 гектар күздік бидай себілді. 480 гектар пар айналды.

Ауыл аймақтағы малдар саны бойынша ірі қара 1806 бас, қой 12414 бас, жылқы 510 бас, құстар саны 4000 құрайды.

«Жұмыспен қамту-2020 жол картасы» Бағдарламасының екінші бағыты аясында ауылымыздан мал шаруашылығымен айналысуға 1 адам несие алды.

«Алтын – асық» бағдарламасы бойынша «Көкірек» шаруа қожалығы 30,0 млн теңге несие алып, қой малын өсіруде.

Округте барлығы 32 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде 12 кәсіпкерлік субъекті тұрақты жұмыс атқарып келеді. Аталған субъектілер бойынша жалпы жұмысшылар саны 71 адамды құрайды.

2016 жылы тұрмысы төмен 2 жанұяға бір жылда 45,012 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. 18 жасқа дейінгі көп балалы тұрмысы төмен 18 отбасындағы 73 балаға бір жылда барлығы 1.270 мың теңге төленді. Ауылдағы тұрмысы төмен 16 отбасынан 4 адам тартылып, 1 жылға 251,676 теңге жәрдемақы тағайындалды.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша берілген 1451,0 мың теңгеге Қорағаты ауылындағы Сейфулин, М.Мәметова көшелеріне толықтай шағал тас төселсе, Төле би көшесінің аяқ жағына шағал тас төселді. Қорағаты стансасына 1,600 мың теңгеге аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, 1,3 шақырым жолға шағал тас төселіп, жөнделді.

Қорағаты ауылдық округі бойынша жер және мүлік салығының болжам сомасы 33,8 мың теңге болса, болжам 100 пайызға толығымен орындалды. Жер салығы бойынша болжам сома 72 мың теңгені құрап, 100 пайызға орындалды.

Көктемде күзде екі айлық санитарлық тазарту жұмыстары жүргізілді. Ауылға кіреберістен жол бойындағы стенділер сырланып, цемент бордюрлер әктеліп, ретке келтірілді. Ауыл тұрғындары үйлерінің жанындағы қыстай жиналған күл-қоқыстарын тазалады. Луговой орман шаруашылығынан 500 түп қарағаш көшеттері алынып, ауылдағы мәдениет үйінің, мектептің және Фап ғимараттарының аулаларына егілді. 

Құлан ауылдық округінің әкімі А.Мамырбаевтың есебі

Құлан ауылдық округінде үш елді-мекен бар. Осы үш елді-мекенде 19441 тұрғын тұрады.

Ауылдық округіміздің негізгі өндірістік саласының бірі – ауыл шарушылығы болып табылады.2016 жылы 6059,5 гектар жерге дәнді-дақылдар себіліп, орылып алынды. 2016 жылдың жылдық қорытындысы бойынша, себілген дақылдарды жинау, мал азығын дайындау науқаны ұйымшылдықпен басталып, орақ табысты аяқталды. Күздік бидай 2076 гектарға егіліп, әр гектардан 21 центнерден, ал арпа 2512,3 гектарға егіліп, әр гектардан 28 центнерден өнім орылды. Майлы дақыл 1471 гектар алқапқа егіліп, әр гектрадан 6 центнерден өнім алынды. Одан басқа жоңышқа, көкөніс және мал азықтары да ойдағыдай өнім берді.

Жұмыссыздық пен кедейшілікті төмендетуге және ауыл тұрғындарымен жұмыс істеу мақсатында, тұрғындардың жағдайын зерделеп, оларға көмек көрсетіп, мұң-мұқтаждарын жергілікті басқару органдарына жеткізу үшін ауыл аймақта 25 адамнан тұратын ардагерлер кеңесі құрылған. Бұл жұмысты жүргізуге Базарқұлов Әбіш Әбілдәұлы сайланды.

2016 жылы Құлан ауылдық округі бойынша жергілікті өзін-өзі басқару шотына түсетін салықтармен төлемдердің жоспары – 41640,0 мың теңгені құраған болатын. 2016 жылдың 1 желтоқсан жағдайына жергілікті өзін-өзі басқару шотына 50647,8мың теңге, ал облыстық бюджеттен трансферт ретінде12204,2 мың теңге, жергілікті салықтардан және төлемдерден-37698,0 мың теңге түсті.

Құлан ауылдық округі бойынша жергілікті өзін-өзі басқару шотына 2016 жылдың 1 желтоқсан жағдайына түскен қаражаттың 49920,1 мың теңгесіне 37 түрлі жұмыстар өткізілді.

Еліміздегі, оның ішінде аудан, ауылдарда атқарылған жұмыстардың барлығы Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұстанып, жүргізіп отырғын саясат пен реформалардың нәтижесінде жүзеге асып отыр. Сондықтан да Елбасының ел игілігі жолындағы бастамаларына қолдау көрсету барлығымыздың абыройлы борышымыз.

Туған ел мен жердің мәртебесін асқақтату, туын жоғары ұстау – әр азаматтың арына сын боларлық қасиетті іс. Дана халқымыз “Береке басы – бірлікте” дегендей, істің нәтижесі әрі жемісті болуы қоғамның бірлігіне, елдің бірлігіне байланысты. Ел игілігі үшін, киелі құт мекеніміз – қасиетті Құлан өңірінің кемел болашағы үшін бір кісідей ынтымақпен, татулықпен жұмыстар атқарылуда.

Өрнек ауылдық округінің әкімі Б.Ақүрпековтің есебі

2016 жылы “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы аясында барлығы 3,955 мың теңгеге жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, Жарлысу ауылындағы А.Шынәсілов көшесіне шағалтас төселіп, ауыз су скважинасының су мұнарасы ауыстырылды. Сол секілді, Өрнек ауылындағы Е.Алпысбайұлы көшесіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2015 жылғы 19 наурыздағы «Жергілікті өзін-өзі басқару органдарына трансферттер беру қағидаларын бекіту туралы» №195 бұйрығымен бекітілген ережесіне сәйкес ауылдық округтің арнайы есеп шотына түсетін түсімдерден Өрнек ауылының кіре берісіне 477 мың 800 теңгеге арка тұрғызылды.

Бүгінгі күнге аймақ бойынша 228 көше шамдары жанып тұр. 210 мың теңгеге жыл бойына көше жарық шамдары ауыстырылды.

Өрнек ауылындағы артезиан құдығын жөндеуден өткізу үшін 364 мың теңге қарастырылып, ағымдағы жөндеу жұмыстары толық атқарылды.

Өткен жылы Жарлысу ауылына қарасты С.Мұқанов көшесіне 1,5 шақырымға аудандық бюджет есебі нен 14 млн.180 мың теңгеге, Өрнек ауылына кіре беріс жолға аудандық бюджеттен 3,4 шақырым жолға 33 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Елді мекендерді газдандыру бойынша бүгінгі күнге округке қарасты төрт ауылда тұрғындар қаржысы есебі нен тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстары атқарылды. Тұрғындар көгілдір отынды 80 пайыз пайдаланып отыр.

Республикалық бюджеттен Әбжапар ауылындағы Қызылту орта мектебінің құрылысы бітіп, 150 орындық орта мектеп қолданысқа берілді.

Аймақта 128 шаруа қожалығы егін және мал шаруашылығы бойынша тұрақты жұмыс істеуде. Ауыл аймақта 12328 гектар егістік алқап бар. Оның ішінде суармалы жер 301 гектар. Он бес шаруа қожалық 2677 гектар жерге күздік бидай, 5020,8 гектарға жаздық арпа, 1500 гектар жерге мақсары, 56 гектар жерге көпжылдық шөп, 17 гектар жерге көкөніс дақылдары егілді. Аймақ бойынша 2 жылыжай жұмыс істеп тұр. Шаруалармен шаруашылықтарды ірілендіру және егістік алқаптарын әртараптандыру туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты атқарылып келеді.

Көгершін ауылдық округінің әкімі В.Биғазиеваның есебі

Округ бойынша түтін саны-687, халық саны – 3546. 2016 жылы жер салығы бойынша 115 пайыз, мүлік салығы бойынша 125 пайыз орындалды. Округтегі негізгі сала – ауыл шаруашылық саласы. Егін және мал шаруашылығымен 58 шаруа қожалық, 1 жауапкершілігі шектеулі серіктестік айналысады. Өткен жылы ауыл шаруашылық өндіретін шаруашылықтар округ бойынша әр гектарына 28 центнерден өнім алды «Луговой жылқы зауыты» әр гектарынан 35 центнерден өнім жинады. Биыл шаруашылық мал азығына қажетті ұсақталған /комбикорм/ зауытының құрылысын аяқтап, сағатына 10 тонна, жылына 15 мың тонна мал азығын дайындауды қолға алды. «Луговой жылқы зауыты» ЖШС-і Америкалық «Амако» фирмасының «Веллой» технологиясы бойынша 300 гектар қатаң тәлімді алқабына жаңбырлатып суару әдісін енгізіп, көкөніс дақылдарын екті. Шаруашылық 2016 жылғы иелігіндегі 600 гектар алқапқа су үнемдеу технологиясымен, тамшылатып суару әдісін енгізе отырып, суландыру үшін, егіс алқабының барлық көлеміне электр желілерін тартып, 27 дана артезиан құдықтарын қазды.

Қазіргі уақытта «Ақтоған» шаруа қожалығы макарон өнімдерінің 30 түрін шығарып жатыр. Өндірген макарон, жарма өнімдерін облыстан тысқары жерлерден көруге болады. Шаруа қожалықтың меншігіндегі кәсіпорында 15 миллион теңгенің өнімі өсіріледі. Келесі жылы мақсары дәнін өңдеп, май шығаруды көздеп отыр.

Ауыл бойынша «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша Бигазиев көшесі толығымен асфальтталды. Жергілікті өзін-өзі басқару органына бөлінген трансферттер сомасына Абылайхан, Абай, Жамбыл көшелеріне шағал тас төселді. «Дендро» парк құрылысы аяқталып, ауыл жастарының игілігіне берілді. Тұрмысы төмен отбасыларына «Ақтоған» шаруа қожалығы 280000 мың теңгенің, «Нұрлан» шаруа қожалығы (басшысы У.Сопабеков) және Жеңіс күніне демеушілік көрсетті. Округ бойынша 225,0 теңге атаулы әлеуметтік көмек, 360 балаға 8000000 млн. теңге балалар жәрдем ақысы берілді.

Тереңөзек ауылдық округінің әкімі М.Мұсаевтың есебі

Қазақ елінің алдында дамыған 30 мемлекеттің қатарына ену жөніндегі жоспары тұр. Себебі, қазақ елі сияқты жас мемлекетке тоқтап қалуға болмайды. Кезінде Американың белгілі мемлекет қайраткері Уоллес Генри: «Берік, тұрақты өмірге жетудің бір ғана жолы-тоқтаусыз ілгерілеу» деген екен. Сондықтан да, Елбасымыз өзіне тән қайраткерлік максимализммен, сұңғыла саясаткерлік сарабдалдықпен үлкен мақсат қойып отыр. Ең бастысы, қойылған мақсат – айқын. Елімізде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы мен «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы, «Агро бизнес -2020» бағдарламалары іске асуда. Елбасының Жолдауларында айтылған тапсырмаларға байланысты Тереңөзек ауылында да көптеген жұмыстар атқарылып келеді.

Құрылыс саласы бойынша Шолаққайыңды ауылындағы Тоқтарқұл Байдосов көшісінің жолын жөндеу үшін 11 322 068 млн. тенге бөлініп, 1 шақырым жол орташа жөндеуден өтті. Тереңөзек ауылындағы Сәкен Сейфуллин көшесінің жолы да орташа жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.Бөлінген қаржы 7 737 000 теңгені құрады. “Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша Тереңөзек ауылының шығыс жағындағы жолға 1230000 теңгеге арка орнатылып, пайдалануға берілді, Тереңөзек ауылына шамдар орнату үшін және оларды жаңартуға 1 684 999 теңге бөлінді. Нәтижесінде, Жамбыл көшесіндегі көше шамдары жаңартылып, жаңа шамдар қойылды. Сол секілді, Ы.Алтынсарин, Ж.Сәтқұлов көшелеріне де шамдар орнатылды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша С.Сейфуллин көшесіне сыртқы көшені жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, көше жарығы орнатылды.

Тереңөзек ауылдық округінде 110 шаруа қожалық тіркелген. Тереңөзек ауылының шаруа қожалықтары ылғалды сақтау технологиясын тиімді пайдалана отырып, мол өнім алуға қолжеткізді.

“Өңірлерді дамыту” бағдарламасы бойынша Республикалық бюджеттен 1 235000 теңге бөлініп, Тереңөзек ауылының шығыс жақ жол бойына арка салынып, пайдалануға берілді.

Тереңөзек ауылдық округінде облыстық, аудандық, аймақтық және ауылдық деңгейде 34 мәдени іс – шара ұйымдастырылып өтті. Оның ішінде аймақтық «Көктем шақырады» және «Наурыз думан» атты фестиваль болып өтті. Осы ауылдың тумасы, жерлесіміз, белгілі сазгер Нұрлан Байгөзов Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай танымал әншілер Жұбаныш Жексенұлы мен Ералхан Әбішті арнайы шақырып, мәдени кеш өткізді. Аймақтық «Шабыт» фестивалі болып өтті. Тереңөзек ауылдық клубы Т.Рысқұлов ауданы атынан облыстық «Үздік ауыл клубы» байқауына қатысты.

Ақыртөбе ауылдық округінің әкімі М.Тасыбаевтың есебі

Ақыртөбе ауылдық округіне Ақыртөбе, Малдыбай ауылдары қарайды. Округ бойынша 3115 адам тұрады. Округте 2 орта мектеп, 2 кітапхана, колледж, пошта, медпункт, дәрігерлік амбулатория, орман шаруашылығы мекемесі, Малдыбай астық сақтау қоймасы, жерасты газ сақтау қоймасы, теміржол ПЧ, СЧ, ЕЧ бөлімшелері халыққа қызмет көрсетіп келеді. Осы мекемелерде ауыл тұрғындарының басым көпшілігі жұмыс істейді.

2016 жылы Ақыртөбе ауылдық округінде көптеген жұмыстар атқарылды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 3210,0 мың теңге бөлініп, оның 2440,0 мың теңгесіне Ақыртөбе ауылындағы Н.Серікбаев көшесіне асфальт жамылғысы төселді. Ақыртөбе ауылына 150,0 мың теңгеге тақтайша (билборд), Малдыбай ауылындағы мектеп көшесіне 155,0 мың теңгеге тақтайша (билборд) орнатылды. Ақыртөбе ауылындағы Ақыртөбе көшесіне 465,0 мың теңгеге тас төселіп, тегістелді.

Жер, мүлік, көлік, жеке табыс салығы және заңды тұлғалардың жер салығы, көлік салықтарынан түскен қаржыға Ақыртөбе ауылы Тотан көшесінің жолдарына 402,0 мың теңгеге, Көктал көшесінің жолдарына 338.3 мың теңгеге және Теміржол, Н.Серікбаев көшелерін жалғайтын жолдарға 207,0 мың теңгеге тас төселді. Сонымен қатар, 210,0 мың теңгеге Ақыртөбе ауылы әкімшілік ғимараты жанына билборд жасалды.

Ақыртөбе ауылындағы барлық көшелердің ескі аншлагтары стандартқа сәйкес ауыстырылды. Келер жылы Малдыбай ауылының көше аншлагтарын ауыстыруды жоспарлап отырмыз.

Учаскелік полиция инспекторлары өз деңгейінде жұмыс істеп, халық алдында есеп берді. Құқық бұзушылықты алдын-алу, болдырмау мақсатында жарыстар ұйымдастырылды. Әкімшілік қызметкерлерімен учаскелік полиция қызметкерлері бірігіп, қылмыстың алдын алу мақсатында түнгі рейдтер жүргізіп, жұмыстар атқарылуда.

Ақыртөбе ауылдық округі бойынша 21 шаруа қожалық тіркелген. Шаруа қожалықтар егін, мал және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. Округ бойынша 542 -мүйзді ірі қара, 122 – жылқы, 6950 – ұсақ мал, 5 – түйе, 83 – шошқа, 2970 – құс тіркелген. Бәрі бірдейлендіріліп, профилактикалық емдеу іс-шаралары атқарылды. Мал дәрігерлері малдарды емдеу, сырға салып, бірдейлендіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп отырады.

Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі Н.Жамалбековтің есебі

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізіп келе жатқан парасатты саясатының арқасында еліміз есейді, Тәуелсіздігіміз одан әрі нығайды. Қазақстанның қарқынды экономикалық дамуы халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға зор ықпал жасады.

Қазаны ортаймаған, мереке мен береке, бірлігі мен тірлігі, ынтымағы мен ырысы жарасқан, қаймағы бұзылмаған, туған жердің алтын бесігі саналатын – туған ауылың үшін қызмет жасау үлкен бір мәртебе деп есептеймін. Қазіргі уақытта, дағдарыстар мен ғаламдық жаһандану заманында ауылдың сол берекесін жоғалтпау, халықтың мұң-мұқтажын ескеру әрбір атқа мінген азаматтың парызы. Біздің де ауыл аймақта ел үшін, ауыл халқы үшін өткен 2016 жылы көптеген жұмыстар атқарылды.

Жаңатұрмыс ауылдық округінде тұратын халықтың жалпы саны – 2615 адам. Түтін саны-416, шаруа қожалық саны-122. Округ бойынша 1 мешіт бар. Округ тұрғындары негізінен егін және мал шаруашылығымен айналысады. 2016 жылы ауылдық округте қордаланған көптеген түйткілді мәселелелердің түйіні шешілді деп айта аламыз.«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша қолданыстағы саябақты абаттандыру, яғни шағал тас төсеу жұмыстары үшін бөлінген қаржы толығымен игеріліп, жұмыс толық аяқталды. ДКЗ бағдарламасы бойынша Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында ауылымызға жастарға арналған спорттық ойын алаңы пайдалануға беріліп,ауыл жастарын қуанышқа бөледі. Абаттандыру, көріктендіру жұмыстары бойынша әкімшілік ғимараты алдына 30 түп жеміс ағашы отырғызылып, 8 түрлі көпжылдық гүлдер егілді. Елді мекендегі ҰОС ардагерлеріне арналған ескерткішке 6 дана шырша, 200дана әртүрлі гүлдер, 150 түп қара тал көшеттері отырғызылып, күтіліп бапталуда.

Жоспарға сай Қ.Сәтпаев көшесінің аяқ жағы толығымен асфальтталып, Төле би көшесіне шағал тас төселді. Ауыл әкімі аппаратының күшімен жылда ауыл көшелеріне тесіктерді жамау жұмыстары жүргізіліп келеді.

Елбасының Жолдауында басты мәселе болып қарастырылатын шағын және орта бизнесті дамыту жұмыстары Жаңатұрмыс ауылында жүйелі түрде орындалуда.2016 жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 1 жұмыссыз жеке тұлға мемлекеттен 3,0 млн.тенге несие алып, мал шаруашылығымен айналысуды қолға алды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үшін «Құлан Дән»несие серіктестігінен 2 азамат 14 млн. тенге несие алып, мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыс жасауда.Ал, «Шанс М» шаруа қожалығы 10 млн. тенге алып, сүт дайындау бағыты бойынша жұмыстар атқаруда.

Қайыңды ауылдық округінің әкімі А.Әбішевтің есебі

Жыл ішінде атқарылған жұмыстар экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды.

Қайыңды ауылдық округіне қарасты 3 елді мекен бар. Жалпы түтін саны – 351, тұрғындар саны – 1867.

Қайыңды ауылдық округі әкімінің аппараты 2016 жылы жоспарға сай жұмыстар атқарды. 2016 жылы мүлік, жер, автокөлік, табыс салықтарын бюджетке түсіру жұмыстары және баспасөзге жазылу жұмыстары 100 пайызға орындалды.

Ауылдық округте барлығы 115 ауылшаруашылық құрылымдары тіркелген. Нақты айтқанда, 1 ЖШС, 114 шаруа қожалық, 9 кәсіпкер шаруаларын дөңгелетіп, халықты жұмыспен қамтып отыр. Оның ішінде, асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатындары да бар. Шаруашылықтар мемлекет тарапынан субсидияларын алып отырады. Бүгінгі күнге дейін шаруа қожалық басшыларымен шаруашылықтарды ірілендіру мақсатында бірнеше мәрте жиындар өткізіп, нәтижесінде жеке шаруа қожалықтар мен ұжымдар өздерінің жер үлестерімен бірігу үстінде.

Дәрігердің қатысуымен округке қарасты мал қыстақтары мен жайлаулардағы малшы отбасылары тұрақты түрде дәрігерлік тексеруден өтіп тұрады.

2016 жылы 18 жасқа дейінгі балалар жәрдем ақысын 61 отбасы, атаулы әлеуметтік көмекті 1 отбасы, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 5 отбасы мемлекеттік-әлеуметтік жәрдемақы алды. Жыл бойы ақылы қоғамдық жұмысқа 16 жұмыссыз азаматтар тартылып, округ бойынша тазалық жұмыстарын атқарды.

Ауылдық округ бойынша көше жарықтары бар көшелерде шамдарды жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудандық электр желілерін тарату мекемесіне округтегі ақаулық актілер көрсетіліп, хат жолданып, қауіпті электр желілері жөндеуден өткізілуде.

Сонымен қатар, ауылдық округ бойынша 2016 жылы Мамай – Қайыңды ауылындағы Қ.Сәтпаев, Қайыңды ауылындағы Мектеп, Дөңбаев көшелеріне шағал тас төселсе, Б.Қойшыманов көшесіне асфальт төселді. Үш елді мекендегі су мұнаралары залалсыздандырылды. Сөгеті ауылындағы бейіт қоршалып, барлық көрнекті тақталар ретке келтірілді. Жоғарыда атап өткен Қ.Сәтпаев көшесіне көше шамдары толық орнатылды. Көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, Қайыңды ауылына қатты тұрмыстық қалдықтарды төгетін арнайы орын жасалды. Сонымен қатар, Қайыңды ауылымен Сөгеті ауылының арасына асфалт жолы төселді.

Қабылданған мемлекеттік бағдарламалар аясында тиісті жұмыстарды атқара отырып, ауылдық округтің ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласына инвестиция тартуымыз керек. Сол арқылы жаңа жұмыс орындарын аша отырып, салық базасын кеңейтуіміз қажет. Сонда бюджетке түсетін салықтар мен түсімдер артып, әлеуметтік мәселелер де өз шешімін табатын болады. Ол үшін тиянақты жұмыс істеп, тынбай еңбек етуіміз керек. Осындай жұмыстарды өз деңгейінде орындау біздің сіздердің алдарыңыздағы міндетім деп санаймын.

Көкдөнен ауылдық округінің әкімі Қ.Әбдікалықовтың есебі

Көкдөнен ауылдық округі әкімі аппараты өз қызметтерін Қазақстан Республикасының Ата заңы мен ел Президенті және Үкіметтің, облыс, аудан әкімдерінің қаулысын, сондай-ақ бекітілген Ережеге сәйкес жүзеге асырып келеді.

Көкдөнен ауылдық округі әкімі аппаратының 2016 жылғы жалпы бюджеті 44802,0 мың теңгені құрады. Оның ішінде: мемлекеттік сатып алуға 33214,0 мың теңге, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына 3440,0 мың теңге бөлінді. Бөлінген қаражаттар өз мақсатында және ҚР «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңы аясында іске асырылды.

2016 жылғы мүлік салығының жоспары 70,0 мың теңге болса, орындалғаны 70,4 мыңтеңге немесе 100,5% құрайды. Жер салығының жоспары 363,0 мың теңге болса, 439,7 мың теңгеге орындалып, 121,1% құрап отыр. Жеке тұлғалардың табыс салығы 245,0 мыңтенге болса, орындалғаны 1096,6 мың тенге, көлік салығы 1854,0 мың теңге болса,1 919,6 мың тенгеге орындалды.

Ауданның негізгі өндірістік саласы – ауылшаруашылығы болғандықтан, аймақтағы 94 агроқұрылым ауылшаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысады. Округ аумағындағы ұжымдар мен шаруа қожалықтарына 2016 жылы еккен масақты дақылдары үшін субсидиялық көмек берілді.

Ауылымызда асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын «Мөрнұр», «Сұлтанби» шаруа қожалықтары бар. Олар қой шаруашылығымен айналысып, қолдағы мал басын асылдандырып келеді.

2016 жылы «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында бөлінген 3440,0 мың тенгеге Көкдөнен ауылындағы Ш.Уәлиханов көшесі мен Жақсылық ауылындағы Жамбыл көшесіне жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар, Жақсылық ауылындағы Каракойшы көшесі мен Көкдөнен ауылының Қ.Сүлейменов көшесіне асфальт төселінді.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасы аясында Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 13066,0 мың теңге бөлінді. Аталған қаржыға Көкдөнен ауылына саябақ салынып, бейіт қоршалды. Сол секілді, Жақсылық ауылындағы Әуелбаев көшесіне көше жарығы жүргізілді.

Жеке кәсіпкер Сайлау Ильясов 140 орындық жекеменшік балабақша құрылысын аяқтады. Оны осы жылдың басында іске қоспақ ниетте. Осындай игі істі Жақсылық ауылының тумасы, жеке кәсіпкер Сәтжан Мамырбаев та қолға алып, өз ауылында жеке балабақша салуды жоспарлауда.

Көкдөнен ауылындағы Мәди Әкешеұлы көшесіне тас төселіп, Сейдахметов көшесіне асфальт салу жоспарланса, Жақсылық ауылындағы Жамбыл көшесінің қиылысына тас төселу жоспарлануда.

Луговой ауылдық округінің әкімі Е.Әбутәліповтың есебі

Аудандағы өндірісті әрі өзіндік ерекшелігі бар Луговой ауылының жер көлемі 1768 гектар. Ауылда 22 мекеме орналасқан, оның 12-сі теміржол мекемелері.

Ауылымызда бүгінгі күні 2338 отбасында 10 375-тен аса адам тұрады. Халықты әлеуметтік қорғау, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру мақсатында біраз жұмыстар атқарылды.

2016 жылы ауылдық округ бойынша 110 адам тұрақты жұмысқа орналасты. 27 азамат ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды, 108 адам маусымдық жұмыстар атқарды.

Жыл басынан аз қамтылған 7 отбасына мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек, 293 отбасына 18 жасқа дейінгі балаларға арналған жәрдемақы төленді. «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 15 отбасына 10 996,1 теңге көлемінде көмек көрсетілді.

2016 жылы «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасының II бағыты аясында 4 жұмыссыз жеке тұлға мемлекеттен 8 800,0 мың теңге несие алып, мал шаруашылығымен айналасуда.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде өңірлердің экономикалық дамуына жәрдемдесу бойынша шараларды іске асыруға 2016 жылғы Республикалық бюджеттен 9 934,0 мың теңге қаржы бөлініп, 11 жоба іске асырылды.

Аудандық бюджеттен Семафорная, Пушкин, Коммунистическая көшелерінің жолдары асфальттанды, сонымен қатар, Б.Әбутәліпов көшесінің жолдарына шағал тас төселді.

2016 жылдың өзін-өзі басқару шотына түскен қаржы 10 458,7 мың теңгені құрады. Олар: көгалдандыру, абаттандыру, Луговой ауылының оңтүстік жағындағы бейітті және С.Есімов көшесінің батыс жағындағы бейітті қоршауға, Құрымбаев, Алматы құрылыс, Лесхоз көшелеріндегі ауыз су мұнараларының қоршауын ағымдағы жөндеу, ауылымыздағы иесіз балабақшаны бұзып, тазалау жұмыстарына бағытталды және тағы басқа жұмыстарға жұмсалды.

Ауылдың санитарлық-тазалық жұмыстары, гүлденуі, көгалдандыру жұмыстары ауыл әкімшілігінің басты назарында.

2016 жылы көктемгі және күзгі 2 айлық тазалық жұмыстары толығымен орындалып, орталық көше бойындағы бағандар әктеліп, сырланып, тал-дарақтар отырғызылды.

Ауылдық округте орналасқан қатты тұрмыс қалдықтарын төгетін арнайы орындар тазаланып, ретке келтіріліп отырады.

Новосель ауылдық округінің әкімі Е.Шәбеевтің есебі

Әкімдердің есептік кездесулерінің басты мақсаты – халық алдында атқарылған жұмыстардың қорытындысын шығарып және алдағы уақытқа жаңа мақсат-міндеттерді айқындау. Қоғамның кез-келген саласында орын алған кемшіліктерді жою – ел басқарған азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлердің басты міндеті деп білемін.

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев Бес институтционалдық реформаны іске асыру үшін 100 нақты қадамды белгіледі. Сонымен қатар, әр жылғы Жолдаудың да өз жаңалықтары бар. Соның ішінде «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, реформалар, даму» атты халыққа Жолдауының тарихи маңызы зор. Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауынан туындаған тапсырмаларды, ел Үкіметінің және облыстық бағдарламаларды жүзеге асыруға арналған іс-шараларды орындау мақсатында ауылдық округ бойынша 2016 жылы бірқатар жұмыстар атқарылды.

Новосель ауылдық округінде 2 елді мекен Юбилейное және Әбілхайыр ауылдары орналасқан. Халық саны-1258, ұлт өкілі-15. Ауыл тұрғындары негізінен мемлекеттік мекемелерде және ауылшаруашылық саласында қызмет етеді.

Білім беру саласы бойыншаауылда 2015-2016 оқу жылында 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Ол қазіргі өмір талабына сай жабдықтармен жабдықталған. 25 балаға арналған 5 жасқа дейінгі балаларды тәрбиелейтін шағын орталық жұмыс істейді.

«Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша 1 100 000 теңгеге Әбілхайыр ауылының кіре берісіндегі 640 метр жолға шағал тас төсеп, содан үнемделген 240 000 теңгеге сол ауылдағы көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Юбилейное ауылындағы Комсомольская көшесінің аяқталмай қалған 240метр жеріне және ауылдың күл-қоқыс төгетін орынына дейінгі 1км жолға тас төселіп, тегістелді.4 көшесінің жолдары жөнделіп, асфальт төселді.

Ауыз су бойыншабіздің ауылымыз Үкіметтің «Ақбұлақ» бағдарламасына енгізіліп, Юбилейное ауылында жаңа су жүйесі іске қосылды. Қазір таңда ауылда ауыз су ағып тұр.

Салық төлемдері бойынша 2016 жылымүлік, жер және кәсіпкерлердің жеке табыс салығына белгіленген жоспар 100 пайызға орындалды. Ал, көлік салығы – 90 пайыз. Кедейшілік және жұмыссыздықпен күрес бойынша аймаққа бөлінген қаржы түгел игерілді. Аймақ бойынша 20 адам тұрақты жұмысқа қабылданды.

Округте әлі де шешімін таппай отырған мәселелер аз емес. Соның бірі – ауылға көгілдір отын, яғни газ кіргізу болса, одан бөлек, көше жолдарын жөндеу, ауылдық мәдениет үйіне жылу жүйесін кіргізіп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу, Әбілхайыр ауылынан оқушыларды тасымалдау үшін автобус сатып алу.


© 2017 Аппарат акима Рыскуловского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта