home
home home

Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ж.Айтақовтың Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда:өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру және түсіндіру жұмыстары

«Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, Реформалар, Даму» атты Жолдауы бойынша актив жиналысында аудан әкімі Ж.Айтақовтың жасаған баяндамасы

Құрметті актив жиналысына қатысушылар!

Ағымдағы жылдың 30 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, Реформалар, Даму» атты Жолдауын жариялады.

Мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күнінің дәл қарсаңында жария етілген Елбасы жолдауы елдік мәселеге қай уақытта болсын көздің қарашығындай жауапкершілікпен қарауды міндеттеп отыр.

Жолдаудың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, Реформалар, Даму» деп аталуының өзі отаншыл жанның санасын селт еткізеді.

Жаңа жаһандық ахуал – сіз бен бізден өзімізге, әлемге ақылмен, парасатпен, адамшылықпен, жүрекпен қарауды талап ететін кезең. Бірақ заман дамыған сайын адамзат ақылы әлгі қилы қиындық пен күрделілік түйінін шешуге жұмылады.

Жолдауда Елбасы «Ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделген жоспар» дей отырып, өсу мен дамуды қамтамасыз ететін шараларды нақтылап айтты.

Жолдауда мемлекет басшысы қазіргі таңда әлемдік ахуалдың күрделі кезеңмен ұштасып отырғанын атап өтті. Жаһандық нақты ахуалдың жедел өзгеруін, алпауыт елдердің өзара санкциялары дүниені тығырыққа тірегенін, біздің басты экспорттық өнімдеріміздің дүниежүзілік нарықтағы бағасы еселеп құлдырағанын айтты.

«Бүгінгі ахуал — біздің жетістіктерімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түсетін кез» — деді Елбасы. Сонымен қатар, Елбасы мұндай аса жауапты сәтте бірліктің сақталуы аса маңызды екенін, сондай-ақ, барша қоғам ел игілігі үшін аянбай тер төгу қажеттігін, заманның беталысына қарай, межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отыруымыз қажет екендігін атап өтті.

Жаһандық дағдарыс – ол тек қауіп қана емес, сонымен бірге жаңа мүмкіндіктер деген мемлекет басшысы, Қазақстанның дағдарысқа қарсы 7  мүмкіндігін атап өтті. Олар:

1-ден,индустриялық-инновациялық дамудың екінші бесжылдығы — шикізат ресурстарға тәуелсіз экономика құрудамыз;

2-ден,«Нұрлы Жол» Мемлекеттік инфрақұрылымдық даму  бағдарламасын қабылдадық;

3-ден,«100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асырудамыз. Оның аясында 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап  80-нен астам заң жұмыс істейтін болады;

4-ден, қажетті мемлекеттік қор мен алтын-валюта резервін жинақтадық.

5-ден,мұнай бағасы баррельі 30-ға дейін және 20 долларға дейін төмендеген жағдайларға ойластырылған іс-қимылдар нұсқасы әзірленді.

6-дан, Қазақстанда инновациялық индустрияландыру шеңберінде  құрылған экономиканың жаңа секторлары экономикалық өсімнің драйверлеріне айналуда.

7-ден, қазақстандықтардың экономикалық мінез-құлықтары өзгеруде. Еңбек өнімділігі 60 пайыздан астамға артып отыр.

«Біздің халқымыз ешқашан бүгінгідей бақуатты тұрмыс кешіп көрген жоқ. Біз көпке қол жеткіздік», — деген мемлекет басшысы, елімізде индустриялық жобалар жүзеге асырылғанын, көптеген денсаулық сақтау нысандары мен білім беру ошақтарының салынған атап өтті.

Біздің ауданымызда да осы жылдар ішінде 11 білім беру (7 мектеп, 4 бала бақша), 11 — денсаулық сақтау нысаны (- 1 аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 4 медициналық пункт) салынды.

Нәтижесінде ауданымызда 3 ауысымда оқитын мектептер жойылды. Балабақша кезегінде тұрғандар саны азайды. Жалпы халықтың тұрмысы мен денсаулығының түзелуі нәтижесінде ауданда сәбилердің туу деңгейі өсуде.

Елбасы бұған дейін де дағдарысқа қарсы екі жоспар іске асырылғанын айтып өтіп, бұл Жолдауында дағдарысқа қарсы және құрылымдық өзгерістердің 5 бағытын ұсынды:

БІРІНШІ. Қаржы секторын тұрақтандыру.

Біздің маңызды міндетіміз – қаржы жүйесін жылдам тұрақтандыру, оны жаңа жаһандық нақты ахуалға сәйкестендіру.

Ұлттық қор қаржысы есебінен ұлттық валюта бағамын үздіксіз қолдау тәжірибесі болмайды. Ұлттық банкпен банк секторының барлық субъектілерінде жұмыс істемей тұрған несиелерді анықтау (стресс-тестілеу) жұмыстары жүргізілмек.

«Долларсыздандыру» құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға ерекше мән берді.

ЕКІНШІ. Бюджеттік саясатты оңтайландыру.

Мемлекет басшысы «Көрпеге қарап көсілу» – бұл, әсіресе, жаһандық дағдарыстың ықпалы жағдайында біз үшін тексерілген қағидат және бюджет саясатының дұрыс моделі деді. Адам дүкенге келіп, тауар бағасын өзінің қаражатымен салыстырады, ол ақшасы жетпейтін тауар сатып алмайды.

ҚР Президенті Жолдауда бюджетке салықтық түсімдердің 20 пайызға дерлік төмендегенін айтты. «Бюджет – барлық құқық қорғау органдарына, әскерге, мұғалімдерге, дәрігерлерге, полицияға, әлеуметтік құрылымдарға тағыда басқаларға жалақы болып табылады. Осы сомасы төмендеді. Біз осы қаражаттар арқасында мектептер, ауруханалар соқтық» деді Елбасы.

Елбасы бюджет шығындарын Ұлттық қор есебінен жабу – көрегендік емес екендігін айтты. Мемлекет басшысы «Біз алдағы 2017, 2018 жылдардың қандай боларын білмейміз. Сондықтан менің ұстанымым қағидатты – Ұлттық қор қаржыларын ағымдағы шығындарға пайдалану тоқтатылуы тиіс», — деді.

Оның ойынша Ұлттық қордан республикалық бюджетке жыл сайынғы кепілдендірілген, шектеулі трансферт бірден-бір тетік болуы керек.

Осыған орай, Президент Үкіметке Ұлттық қор қаржыларын жаңа жаһандық өмір шындығы жағдайында қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды.

Елбасы өз сөзінде салықтық режімдерді оңтайландыру қажет – тек үш деңгейді қалдыру керектігін ұсынды.

Олар – жалпы, жеке кәсіпкерлер үшін патент және шағын және орта бизнес, сондай-ақ, аграрлық сектор үшін арнайы салық режімі. Мұндай механизм «көлеңкелі экономиканы» жарыққа алып шығатын болады.

Мемлекеттік құжатты жариялау барысында Елбасы Үкіметке барлық бюджеттік бағдарламаларға толық ревизия жүргізуді тапсырды.

«Дағдарыс жағдайында әр теңге де маңызды. Тиімсіз шығындар немесе жеке сектор есебінен жабылуы мүмкін шығындар бюджеттен шығарылуы тиіс. Өңірлік және индустриялық даму бағдарламаларының шығындарын қайта қарау қажет» — деді.

Елбасының айтуынша, Мемлекеттік шығындар мен субсидиялар жүйесін де қайта қараған жөн. Бүгінде бүтіндей бір салалар мемлекет есебінен өмір сүруде.

Мемлекет басшысы «Бүгінде жеке инвесторларды жол, газ құбыры, ауруханалар, мектептер және басқа да нысандар құрылысына ғана емес, сонымен бірге, оларды қайта жаңғыртуға және техникалық қызмет көрсетуге тартудың да маңызы зор» — деп айтты.

ҚР Президенті бюджет шығындарын оңтайландырудан босаған барлық қаржыны бірінші кезекте халық үшін нақты нәтижелер әкелетін жобаларға бағыттау қажет екенін атап өтті.

 

ҮШІНШІ. Экономикалық бәсекелестікті жекешелендіру және ынталандыру.

Қазір мемлекеттік сектор нысандарын жекешелендіруге шектеулерді алып тастау маңызды. «Мемлекеттік мүлік туралы» Заң мен Азаматтық кодекстің бірқатар ережелерін қайта қарап, жекешелендіруге жатпайтын стратегиялық нысандардың санын қысқарту қажет,- деді Елбасы.

Осыған байланысты Елбасы Үкіметке мемлекеттік меншіктегі ұйымдардың бәрін қоса отырып, жекешелендірудің жаңа бағдарламасын жасауды тапсырды.

ТӨРТІНШІ. Инвестициялық саясаттың негіздері.

Елбасы таяудағы онжылдықта экономиканың жыл сайынғы өсімін 5 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету, жылдық өнімнің экспортын ағымдағы жылға қарағанда 2 есе көбейтуін және жыл сайын 30 млрд долларға дейін өнімді шетелге өткізуді тапсырды.

Сонымен қатар, Президент экономикаға жыл сайынғы инвестициялардың көлемін 10 миллиард доллардан астамға ұлғайтып, тұтастай алғанда 10 жыл ішінде – кем дегенде 100 миллиард долларға жеткізуін атап өтті. Сонымен қатар 660 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құру, еңбек өнімділігін 2 еседен астамға арттыру міндеттерін жүктеді.

Президент Үкіметке үш ай мерзім ішінде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлі жоспарын жасап ұсынуды тапсырды.

Бұдан бөлек, инвесторлармен жұмысты белсенді ете түсу үшін инвесторлар тарту мен инвестициялық ахуалды жақсартуға бағдарланған Үкімет кеңесін құруды тапсырды.

Инвестиция тарту бойынша 2015 жылы осы бағдарламаға жобалық құны 8,0 млрд теңгені құрайтын «GOLDEN COMPASS CAPITAL» АҚ-ның «Алтын өндіру» жобасы;

Жобалық құны 9,2 млрд. теңгені құрап, 24 МВТ күн сәулесі қуатын өндіретін франциялық «Aguila Solar» ЖШС-гі жобасы;

«Батыс–Еуропа –Батыс -Қытай»  автодәлізінің   аудан  аумағында жалпы құны –  300,0 млн тг құрайтын жол бойы қызмет көрсету  кешенінің құрылысы;

Неміс инвестициясы арқылы жобалық қуаты 100,0 млн.тг, (жылына 10 000 тонна ет өндіру) «Бройлер етін өндіру кешенінің» жобасы;

50 МВТ күн сәулесі қуатын өндіретін «Компания А&Т энерго» ЖШС-гі жобасы. Жобалық құны 10,0 млрд.тг.

 

БЕСІНШІ. Жаңа әлеуметтік саясат.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Жолдауда 2016 жылы Қазақстанда «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің және бюджет қызметкерлерінің еңбекақысы арттырылатынын жеткізді.

2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орташа алғанда – 28 пайызға дейін, білім беру саласы  – 29 пайызға дейін, әлеуметтік қорғаудағы қызметкерлердікі 40 пайызға дейін көтеріледі. Сондай-ақ, 2016 жылы «Б» корпусындағы мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысы 30 пайызға арттырылатын болады.

Елбасы өз сөзінде алдағы жылы мүгедектігі мен асыраушысынан айырылуға байланысты әлеуметтік жәрдемақылардың 25 пайыздық өсімі, сондай-ақ, стипендиялар қамтамасыз етілетіндігін және 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз инфляция  деңгейінің алдын ала отырып, ынтымақты зейнетақыны 2 пайызға индекстейтінін жеткізді.

«Азаматтарға әлеуметтік қолдауды кеңейту мақсатында Үкіметке 2016 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа Жол картасын жасауды тапсырамын. Үкіметке жаңа әлеуметтік саясат әзірлеу қажет. Атаулы әлеуметтік қолдау тек мұқтаж адамдарға, олардың нақты табыстары мен өмір сүру жағдайын бағамдау негізінде, көрсетілетін болады. Басқалар ақшаны өздері, өздерінің еңбектерімен табулары тиіс. Және бұл әділетті» деп санайды Президент.

Елбасының сөзі бойынша, азаматтарымыздың жекелеген топтарының ерекше сұраныстарын ескере отырып, өмір сүрудің ең төменгі деңгейінің құрылымдарын қайта қарау және оның түрлі деңгейлерін белгілеу қажет.

Мемлекет басшысы еңбек ете алатындарға мемлекеттік қолдау тек олардың қайта оқуға немесе еңбекпен қамту бағдарламаларына қатысулары негізінде ұсынылатын болуы тиіс екенін жеткізді.

Қазақстан Республикасының Президенті дәстүрлі Жолдауларында 2017 жылдан бастап елімізде кәсіби-техникалық мамандықтар тегін болатынын үнемі айтып келген.

Елбасы 2017 жылдан бастап жаңа жоба – «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы басталатынын жариялады.

Президент өз сөзінде:  «Жұмысшы мамандықтарын игеру керек. Мектеп бітірген соң біреулер колледжге, университетке түседі, біреулер армия қатарына аттанады. Дегенмен, олардың отыз пайызы қалады. Олар мамандық алулары керек. Үкіметке оны жасауға кірісуді тапсырамын», – деді.

Мемлекет басшысы жастарымызды жұмысшы мамандығын белсенді меңгеруге шақырды.

Президенттің айтуынша, айналаның бәрінде де жұмысшының «алтын қолынан» шыққан дүниелер мысалдар толып жатыр. Бұл ретте Н.Назарбаев еңбек адамы қашанда елеулі болуы тиістігін, сол үшін арнайы награда бекітілгенін айтты.

Небәрі ширек ғасырда Қазақстан жаһандық шаруашылық байланыстарға қосылған егемен ұлттық экономика және ұлттардың әлемдік отбасының толыққанды қатысушысына айналған мемлекет ретінде қалыптасты. «Біз бәріміз бірге көптеген сынақтарға төтеп бердік, шынықтық және нығайдық. Біз өзіміздің бүкіл тарихымызда көз көрмеген табысты экономикалық даму қарқынына қол жеткіздік», — деді Президент өз сөзінде.

Әрі қарай, еркін және саламатты бәсеке үшін Президент ҚР Үкіметіне бірқатар тапсырма берді:

«Жаңа жаһандық нақты ахуалдың мәні тек әртараптандырылған экономиканың ғана  жаһандық дағдарыс салдарына тиімді қарсы тұра алатынында болып табылады.

Сондай-ақ, Елбасы айтқандай «әлеуметтік әділеттілік идеясы жұмыс істейтін қазақстандықтарға қатысты әлеуметтік әділетсіздікке айналмауы тиіс».

Мемлекет басшысы Үкіметке жаңа әлеуметтік саясат жасауды және үш ай ішінде әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін оңтайландыру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.

Елбасының айтуынша Қазақстан халқына Жолдауындағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда «Нұр Отан» партиясына ерекше орын береді.

Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс.

Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек.

Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс.

«Мен барлық саяси партияларды, қоғамдық бірлестіктерді, барлық азаматтарды Отанымыздың игілігі жолындағы ортақ іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып жұмылып, аталған Жолдауды жүзеге асыруға белсене қатысуға шақырамын» — деді Елбасы.

Жалпы, Жолдаудың барлық тармақтары қаржылай қамтамасыз етілген және оларды жүзеге асыруда 25 млрд АҚШ доллар жұмсау жоспарлануда.

Құрметті актив жиналысына қатысушылар!

Елбасының  «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, Реформалар, Даму» атты Қазақстан халқына Жолдауы  еліміздің ертеңі мен жарқын болашағының айқын көрінісі.

«Халқы тату-тәтті, саясаты сарабдал елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады. Ырыс- ынтымаққа жолығады, дәулет-бірлікпен толығады» демекші, осы ретте біздің бір ғана Отанымыз – Тәуелсіз Қазақстанның әрбір жетістігі үшін барлығымыз бір кісідей атсалысайық дегім келеді.

Аудан тұрғындары Елбасының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: Өсім, Реформалар, Даму»  атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бағытында аянбай еңбек етіп, іспен жауап беретініне сеніміміз мол. Елімізге, жерімізге амандық, ұшан теңіз байлыққа нәсіп етсін. Келешегіміз баянды, ұрпақтарымыз бақытты болсын.

Назар қойып тыңдағандарыңызға рахмет!


© 2017 Аппарат акима Рыскуловского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта