«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»
№7
Жаңғыру жолы. Бір жыл, бір белес…
Алдымен Мемлекет басшысының мақалада жазған мына бір сүйекті сөзін жаза кеткенді құп көріп отырмыз, құрметті оқырман. Біздің пікірімізше, бұл әрбір қазақстандықтарға ой салған болуы керек. Ол қандай сөз дейсіз ғой. Жазайық. Мұқият зер салыңыз. «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек». Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының ұлттық сана туралы жазғаны. Ал, мақалада одан өзге қаншама ордалы ойлар айтылады. Соның бірі – білім мәселесі. Білім беру туралы мақалада өз ойын :
– Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болу керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды XXI ғасыр талаптарына даярлаудың қамы,-деп түйіндейді Ұлт көшбасшысы. Расымен де, бүгінгі ұрпаққа ең керегі – білім. Жаңа ғасыр бізден осыны талап етіп отыр. Ендеше, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұлт саналы болса бақытты, ал санасыз болса – сор» деген ұлағатты сөзін ескере отырып, сыналған сәтте сыр беріп қалмағанымыз абзал.
Одан кейін, Елбасының «Туған жер», «Жаңа гума
нитарлық білім», «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Қазақ қарпін латынға ауыстыру» жөніндегі ойлары да елдің көкейінен шыққан бастама деп білеміз. Енді осы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғырудағы» Елбасы жазған қорытынды сөзге ден қойып көрейікші. «Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспеттес. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озады. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процес. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».
Мемлекет басшысы толғаулы тақырыпты тамыршыдай тап басты. Қалған дүниенің барлығы өз қолымызда. Ең бастысы, ұлт зиялысы Әлихан Бөкейханұлының «Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз. Кейінгі ұрпақ не алғыс, не қарғыс беретін алдымызда зор шарттар бар» деген ғибратты сөзін естен шығармасақ болғаны.
Ресми мәліметке сүйенсек, өткен жылы республика бойынша рухани жаңғыру аясында өткен іс-шараларға 14 млрд.теңге қаржы бөлінген екен. Президент мақаласындағы ілкімді жобалар биыл да жалғасын табатын болады. Ал, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы Дидар Сауқымбек берген мәліметке сүйенсек, 1 жыл ішінде мақала шеңберінде аудан аумағында өткен іс-шаралардың жалпы жиынтық саны – 240–қа жетіп, оған 20 182 адам тартылған.
Марат ДИХАНБАЙ.
№6
Жаңарудың жаңа кезеңі
Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының шыққанына тура бір жыл уақыт толды. Елімізде бағдарламадан туындаған міндеттерді жүзеге асыруда айтулы шаралар өткізілді. Бұл мақала – бүкіл ел мәдениетінің тарихын, рухани мәдениетінің тарихын әлемге танытудың алғышарты. Елбасы жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін баса айтып, онсыз жаңғыру дегеніңіз – құр жаңғырық дегені орынды. Бұл арада рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал. Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақы салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, мына өзгермелі дүниеде сол құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыруға болады.
Елбасы айтқандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жөн-жоралғыларымыз, жалпы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс.
Бұл – мақала ғана емес, мазмұны терең, ауқымы өте кең, ұлт руханиятын ХХІ ғасыр биігіне көтеретін рухани жаңғыру, ұлт санасын жаңғырту бағдарламасы деуге болады. Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.
Қазіргі таңда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша арнайы жобалармен іс-шаралар атқару қажеттігі туындады. Соның бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі жүз жаңа оқулық» жобасы. Бұл жоба туралы Елбасы: «…біз жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген ма
мандарды даярлау деген сөз» деп айқындап берді. Мемлекет үшін аса маңызды жұмысты жүзеге асыру үшін «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, ең алғашқы 18 оқулық шетел тілінен бірден қазақ тіліне аударылды, оның тұсаукесерін Елбасы өзі жасады. Бұл – мемлекет үшін де жас ұрпақ үшін де ең маңызды айтулы оқиға болды. Бұл кітаптар – әлемнің 42 елінде 34 тілде басылған, 47 миллион таралыммен сатылған ең үздік туындылар. Қазақ баласы да әлемге мәшһүр оқулықтардан өз ана тілінде дәріс алатын болады. Аударма жұмыстарына еліміздің белгілі ғалымдары, әдеби редакциясына қарымды қаламгерлер, білікті мамандар мен баспагерлер тартылған. 2018 жылғы жоспарда 30 оқулық аударылу қажет болса, оның жартысынан көбі баспа бетінен жарық көрді. Бұл-үлкен жетістік. Әрбір оқулықтың дамыған мемлекеттегі құны жоғары қаржыны қажет етеді, ал біздің замандастарымыз бен жалынды жастар Елбасының сара саясатының арқасында бұған тегін қол жеткізді. Барлық аударма оқулықтар кітапханаларға тегін таратылып, келесі жылдан оқу үрдісіне енгізіліп, білімгерлердің білім көкжиегін кеңейтетін болады. Аударма ісі ақылы қазақ тілі ғылымының терминологиясы, лексикасы жаңа қормен толығады. Ұлттық, әлемдік білім қалыптасады.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жастарымыздың болашағы үшін іске асырылуда. Осы орайда өскелең ұпақтың оны жүзеге асыруға белсене түрде атсалысқаны аса маңызды» -деп атап өткен Елбасы, ел жастарының болашағы үшін атқарылар істің шын жанашыр екендігін әрдайым сөзімен де ісімен де дәлелдеп келеді. Сонымен қатар Елбасы гуманитарлық және экономикалық лексиканың жаңа түсіндірме сөздігін шығаруды тапсырды. Кәсіби аударма ісінің ғылыми негізде дамуына басым бағыт беріп, терминолог ғалымдар мен аудармашыларға көп міндеттер жүктеді. Алдағы уақытта атқарылар іс көп, мақсат айқын. Жастарды әлемдік деңгейдегі біліммен қаруландыру арқылы әлемдік бәсекеге төтеп беруге даяр болу. Олай болса, білекке емес, білімге сенер заманда қапы қалмай, өркениет көшіне ілесе берелік!
Л.ӨТЕУЛИЕВА,
аудан әкімдігі ішкі саясат
бөлімінің басшысы.
№5
Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру
Бизнес баспалдағымен
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет» екендігін айрықша атап өтті. Расында, қанымызға дарыған білім жолы қашанда киелі жол. Бұл жолда тынымсыз еңбек, толассыз ізденістен жалықпайтын жандар ғана нәтижелі табыстарға жете алады.
«Елімізді 2050 жылы барысқа айналдыратын күш – мектеп партасында отырған оқушылар мен 15-20 жас аралығындағы жастар», -деп Елбасымыз бекер айтқан жоқ. Өйткені, Қазақстанның бүгіні мен ертеңі жас ұрпақтың еншісінде. Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» жалпы ұлттық мақаласын іске асыру мақсатында аудан әкімдігі білім бөлімінің әдіскері Арай Қожакееваның жетекшілігімен өткізілген «Бизнес баспалдағымен» атты экономикалық ойыны ел жастарын кәсіпкерлікке бейімдеп, олардың құқықтық мәдениеті мен экономикалық сауаттылығын дамытуға арналған шара болатын.
Аталған сайысқа аудан мектептерінің 8-9 сынып оқушылары қамтылып, байқау мектепішілік, аймақтық және аудандық ІІІ кезеңде өткізілді. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған аталмыш шара мектеп оқушыларының көңілінен шықты. Осы ауқымды іс-шараның аймақтық кезеңіне аудан мектептерінен іріктелген 140 оқушыдан тұратын 28 команда қатысса, экономикалық ойынның аудандық кезеңіне 50 оқушыдан 10 команда жолдама алып, бақтарын сынады. Турнир қорытындысы бойынша Ә.Бөкейханов атындағы орта мектебінің «Биржа» командасы жүлделі І орын, Ш.Уәлиханов атындағы шағын орталықты орта мектебінің «Көшбасшы» командасы жүлделі ІІ орын, Т.Рысқұлов атындағы орта мектебінің «Өнім» командасы жүлделі ІІІ орынды иеленді. Ал, Ақыртөбе орта мектебінің «Тауар» командасы алғыс хатпен марапатталды.
Қазіргі заман талабына сай әр баланың қабілетіне қарай дарындылығын дамыту, білім бәйгесінде, дүбірлі жарыстарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған шәкірт шығару ұстаздардың ерен еңбегі деп білеміз. Еңбектеріңіздің жемісін көре беріңіздер, аяулы ұстаздар қауымы!
10.04.2018жыл
№4
30.03.2018 жыл
№3
ТАБЫСТЫ ЕЛ БОЛУЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ
Ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы – еліміз дің жарқын болашағын бағдарлаудың, кемел келешегін қалыптастыратын құралы болып отыр. Онда өткенімізді саралай келе, мақтанышпен айтатын тарихымыздағы баға жетпес құндылықтар мен салтдәстүріміздегі ерекшеліктерді іріктеп алып, қайта жаңғырту қажеттігі, керітартпа қасиеттерден құтылу, жаңа мүмкіндіктерді пайдаланып, дамудың, ел болып, мемлекет болып өсіп өркендеудің, дамыған отыз елдің қатарына қосылудың жаңа мүмкіндіктері, жүйелі жоспарлары жайлы айтылған.
Дамыған, өркениетті елдердегідей біздің де өркениетіміз дамып, елде жаңа кәсіп ашылып, жұмыс көбейер болса, еліміздегі кедейшілік деңгейі де төмендер еді. Біздің қазба байлықтарымыз мол, жеріміз кең, табиғи байлығымыз да жетерлік. Елбасымыз айтқандай, оны игеріп, өз кәсібін дөңгелете білетін саналы да іскер «адами капиталды» жетілдірсек, халықтың әл ауқаты да жоғарылар еді. Сонда, ұрлық, тонау сияқты қылмыстар да, бұзақылық әдеттер де азаяры сөзсіз. Біз адами капиталды неғұрлым жетілдірген сайын, жұмыс көбейген сайын со ғырлым қылмыс деңгейі де азаяды. Көптеген қылмысқа себепші болатын – жоқшылық, жетіспеушілік және бос уақыттың көптігі болса, жұмыс деңгейінің өсуі оған тосқауыл бола алады. Елбасымыздың бағ дарламалық мақаласында аталған жоспарлардың барлығы дерлік еліміздің дамуы үшін, табысты ел болуымыз үшін тигізер септігі мол міндеттер. Біз – алдына үлкен мақсат қойған, келешегі кемел, болашағы жарқын жасампаз мемлекетпіз! Ал, «Рухани жаңғыру» табысты ел болуымыздың кепілі болмақ.
Д.АЛАШБАЕВ,
аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы.
27.02.2018 жыл
№2
Рухты оятып, сананы сілкіндірген
Елбасының “Тәуелсіздік дәуірі” атты кітабы жарық көрді
Бүгінгі таңда іргесі берік, халқы бейбітшілікті нық ұстанатын, әлемде өзіндік орны бар ел болып отырғанымыз елін сүйген Елбасының қажырлы еңбегі, парасаттылығы мен болашақты болжай алатындығының арқасында десек қателеспейміз. Тәуелсіздік алғалы бері елінің қамын ойлаған кемеңгер көшбасшы Н.Ә.Назарбаев қазақ елін әлем халықтарына жан-жақты таныстырып, мәртебесін көтере білді.
Егеменді еліміздің іргетасы қаланғаннан бастап, не көрдік дегеннің орнына не көрмедік дегеніміз дұрыс болар. Иә, сан тарапқа алып ұшқан аяусыз тағдыр талай қиындықтан өткізіп, тар жол тайғақ кешудің кебін кигізді.Бірақ осының бәріне біртұтас ел болып төтеп бере алдық. Бүгінде қиындыққа толы сол күндер қайта келместей артта елес болып қалғандай. Қазіргі таңда қазақ деген ұлтты әлем таниды, құрметтейді, ойымен санасады. Мұның бәрі кемел ақыл-ойлы, күш-жігері таусылмайтын Елбасының арқасы деп білеміз.
Елбасы елді басқарумен қатар, сонау сындарға толы жылдарды ұрпаққа жеткізу үшін қолына қалам алып, кешегі өткен күндерді парақ беттеріне түсіріп, көптеген кітаптарды жарыққа шығарғанын білеміз. «Ғасырлар тоғысында», «Тәуелсіздік белестері», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Тарих тағылымдары және қазіргі заман», «Қазақстан жолы», «Жүз жылға татитын он жыл» сынды кешегі күндерден сыр шертетін кітаптары оқырманның көңілінен орын алып, кітап сүйер қауымның қолынан түскен емес. Өткен жылдың соңында оқырмандардың қуанышы на орай Елбасының кезекті кітабы жарық көрді. Бұл жолғы кітаптың атауы «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталыпты. «Тәуелсіздік дәуірі» аты кітап тарихи публицистика жанрында жазылған, еліміздің өткені мен болашағына қатысты автордың көзқарасы егжей-тегжейлі баяндалған. Онда алдымен қазақстандық даму үлгісінің ерекшеліктері, басты ұстанымдары және қозғаушы күші сараланады. Сондай-ақ, бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалғаны айрықша атап өтіледі. Бұған қоса елімізді әлемдегі өркениетті 30 мемлекеттің қатарына қосу міндетін жүзеге асыру жолдары анық әрі айқын көрсетілген. Аудандық кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Р.Байғамұтованың сөзіне сенсек, кітап 4 бөлім, 31 тақырыпша, 508 беттен тұрып, 2 тілде жарық көріпті. Тарихи туындыда егемендік алған 26 жылдағы, яғни 1991-2017 жылдар аралығында қол жеткен 33 басты нәтиже жазылған. Туындының электронды үлгісі akorda.kz сайтындағы мемлекет басшысының дербес парақшасына да орналастырылған. Аталмыш кітаптың
аудандық, ауылдық кітапханаларға да келгенін үлкен қуанышпен атап өтті. Аудандық мәдениет үйінің рухани жаңғыру орталығында өткен тұсаукесер рәсімінде журналист Сейсен Қожеке, аудандық тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Есназар Құрымбаевтар тарихи туынды жайлы өз ойларын ортаға салды. Елбасының еңбегіне жоғары баға беріп, кітапты қолдарына алып оқуға асығатындарын жеткізді. Өз сөзінде Сейсен Қожеке кітаптың саясаткерлерге, журналистерге үлкен көмек болатынын жеткізсе, Есназар Құрымбаев кітапты «тарихи құжат» деп атады. Ал, №18 Ақыртөбе кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Рәткүл Бекмолдаева рухани жаңғыру аясында сөз қозғап, қайда барса да осы кітапты насихаттап жүретініне сөз берді. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Келешек ұрпаққа рухани өсиет ретінде қалдырылған аманаты деп білеміз. Рухыңызды оятып, санаңызды тағы да бір сілкіндіретін ойыңыз болса, Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын оқығаныңыз абзал. Ендеше, кітапты қолға алып оқуға асығайық, ағайын!
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
13.02.2018 жыл
№1
Ұлтымыздың ұлылығы – рухының мықтылығында
«Рухы мықты ұлт қана ұлы істерді атқара алады» деген еді Елбасымыз. Тұғырлы Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, «Егемен Ел» атануда да, Ұлт жоспарын жасап, «Мәңгілік Ел» болу үшін де, әрине, ең бірінші рухтың мықты болғаны абзал. Дүниенің, мал-мүлік, қолмен ұстап, көзбен көретін байлықтың жөні бір бөлек те, жан байлығының, рух мықтылығының жөні бір бөлек. Өйткені, өзге байлықты күшпен тартып алу мүмкін болса да, жан байлығын, озық сана мен білімді біреуден күшпен тартып алу мүмкін емес. Қазақ елі сан ғасыр бойы өзге мемлекеттің бодандығында болса да, өзінің тілі мен ділін, дінін қастерлеп, бүгінгі кемел келешекке жеткенге дейін өзінің мемлекеттігін, елдігін сақтап қалуының басты белгісі – рухының мықтылығында жатыр. Рухы асқақ елдің ұландары қай істе де қабілетті, ерен ерлік көрсете алатыны белгілі. Сол себепті, көреген Көшбасшымыз өзінің бағдарламалық мақаласын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп атаған еді.
Халқымыз талай қасіретті, ұлт-азаттық көтерілістер мен екінші дүниежүзілік соғысты, Тәуелсіздік үшін сан мәрте тар жол, тайғақ кешулерді басынан өткізді. Ендеше, ендігі жерде қазақ халқы үшін бүгінгі жаңа әлемде жасампаздық пен жаңғыру заманында өзге мемлекеттермен иық тіресе ғұмыр кешу, өзінің салт-санасын жаңғырта отырып, білімі мен біліктілігін мойындату аса қиындық тудыра қоймас деген ойдамыз. Әрине, «Ел көшін бастау – маған сын, мені қостау – елге сын» деп барша қазақ жұртының көшін бастап, болашаққа батыл қадам жасау үшін дұрыс бағдар көрсетіп отырған Президентімізді қостау, мақалада көрсетілген басты бағыттарды бұлжытпай орындау – біздің бүгінгі міндетіміз.
Бірінші байлық – денсаулық болса, білімнің де баға жетпес байлық, рухани қазына екенін мойындаған жөн. Бүгінгі ғылым мен техниканың қарыштап дамыған заманында өзгені мойындату үшін алдымен өзіміздің басты құндылықтарымызды дәріптеп, рухани санамызды жаңғыртуымыз қажет.
Елбасының бағдарламалық мақаласының еліміздің дамуына тигізер септігі мол. Ондағы айтылған «Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білім культі, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы» атты басты бағыттардың барлығы да ең бірінші рухтың мықтылығын, сананың сергектігін және сапалы білімді қажет етеді. Бір сөзбен айтқанда, Президентіміздің бұл мақаласы – болашаққа бастар батыл қадам екені даусыз.
С.СҰРАНШИЕВА,
Болтай батыр атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі.
9.01.2018 жыл
№52
Рухани жаңғыру орталығы ашылды
Жуырда ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын басты назарға алған №18 Ақыртөбе кәсіптік-техникалық колледжінде «Рухани жаңғыру» орталығы ашылды. Рәткүл Бекмолдаева басқарып отырған колледждің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысудан бастау алған жиында білім ордасында талай жылдар бойы қызмет атқарған ардагер ұстаздар мен ауданның Құрметті азаматтары орталықтың лентасын қиып, ақ батасын берді. Келешекте колледж қабырғасында білім алып жүрген білімгерлер өздеріне керекті деректердің барлығын осы орталық бөлмесінен таба алатын болады. Өйткені, орталықта жаңа латын әліпбиі, Жамбыл облысы мен мемлекетімізде кездесетін киелі орындардың картасы және облыс көлемінде орналасқан тарихи жәдігерлер туралы ақпараттар көптеп кездеседі. Жиын барысында сөз алған Р.Бекмолдаева колледж қабырғасынан “Рухани жаңғыру” орталығы ашылуының қаншалықты маңыздылығын алға тартып, болашақта колледж түлектерінің арасынан елге қызмет атқарар азаматтардың көп болатынына сенімі мол екендігін айта кетті. Салтанатты жиынға келген құрметті қонақтар да орталықтың ашылғанына дән ризашылығын жеткізіп, өздерінің ыстық ықыласын білдірді. Еліміздің 26 жыл ішінде жүріп өткен қиын-қыстау кезеңі мен қуанышты сәттерін, қазақ халқының тәуелсіздікке дейін көрген қиыншылықтарын бейнелейтін әдеби монтаж көрермен назарына ұсынылып, өткенімізді еске түсірді.
Жиын соңында «Туған жер» бағдарламасына орай табиғатты қоғау мақсатында колледж ауласына ардагер ұстаздар мен қолы ашық кәсіпкерлер шырша талдарын егіп, колледж ұжымы мен студенттеріне шығармашылық табыс тіледі. Осылайша ғимарат ауласында үлкен аллеяның алғашқы тал көшеттері дәл осы күні отырғызылды. Білім ордасының басшысы болашақта бұл игі іс жалғасын табады деп сенім білдірді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген екен дана халқымыз. Жүрген жолымыздың жеңіл, ұстанған бағыт-бағдарымыздың тура екендігін тек жұмыла кіріскен жағдайда ғана дәлелдей аламыз. Бірлігі жарасқан біртұтас ел болып, Елбасының ұстанған саясатын қолдайтын болсақ, алар асуымыз алыста емес екендігі айдан анық.
Ж. БАЗЫЛБЕКОВ.
26.12.2017 жыл
№51
«Рухани жаңғыру» аясында жоспарланған жоба көп
Болашақ бедерінде елімізді жаңа белестерден көргіміз келсе заманға сәйкес жаңарып, жаңғырып отыруымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы өзектілігімен, өміршеңдігімен маңызды. Ендеше, жаңғыру жолында ауқымды жұмыстар атқарылуы тиіс десек, соның алғы шарттары жасалып жатыр. Оған аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиевамен әңгімелесу барысында тағы бір мәрте көз жеткіздік.
– Біз «Рухани қазына» кіші бағдарламасын жүзеге асыру үшін көптеген жобаларды қолға алдық. «Туған жер», «Қазақстанның сакральды географиясы», «Заманауи қазақстандық мәдениет» атты ішкі бағдарламаларын түзіп, үш бағытқа бөлдік. Соның ішінде «Туған жер-туған ел» базалық бағыты бойынша «Туған өлке – тұнған шежіре» жобасы өлкенің тарихы, жерсу атауларына қатысты шежіре, аңыздар мен құнды тарихи жәдігерлерді іздестіру арқылы жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуді көздейді. Ал, «Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты аясында «Киелі құт мекен» жобасы ежелгі Жібек жолы бойынан орын тепкен ортағасырлық Құлан, Өрнек қалашықтары туралы тарихи жазба деректерді зерделеп, отандық туризмге үлес қосуды мақсат тұтады. Сол секілді «Қазақстанның мәдени жетістіктері» базалық бағытының «Өнер деген өлке бар» жобасы әрбір ауылдағы танымал тұлғалардың өмір жолы мен еңбектерін, жетістіктерін көрсетуді іске асырады. Міне, осы жобаларды жүзеге асыру жолында еңбектеніп келеміз.
Сала басшысының сөзіне қарағанда осы жұмыстардың шеңберінде семинар-кеңестер, дөңгелек үстелдер, кітап апталығы мен байқаулар өткізілген екен. Алдағы уақытта барлық мәдениет үйлерінде «Өлке тарихы мен мәдени даму мұражайы» жабдықталып, шағын кітапхана, тақырыптық бұрыштар ұйымдастыру жоспарланып жатқан көрінеді. Бір сөзбен айтқанда, жоспарланған жоба көп. Оның барлығы енді келер жылы жүзеге асырыла бастайды.
М.ЕРЖАНҰЛЫ.
№50
Биік белестерге жетелейді
Рухани жаңғыру – адам баласының, оның ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімінің жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Рухани жаңғыруды өркениеттің өрге жүзуімен байланыстырамыз. Тарих сахнасына көз жүгіртсек, өскен ұлттың өрби түсуіне осы «рухани жаңғыру» дәлел. Елбасының мақаладағы ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы толғамдары халықты ел болып, заман ағымына икемделуі арқылы жаңа дәуірге қадам басуға жетелейді. Қазіргі дамып келе жатқан қоғамның өмір сүру қағидасының жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. Елбасымыз бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өткен: Бәсекелік қабілет, прагматизм, Ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, Сананың ашықтығы. Сонымен қатар, таяу жылдардағы міндеттерімізге де тоқталған. Елбасымыздың жаңғыруы өскелең ұрпақтың дамуына аса зор мүмкіндік береді. Сондықтан да заман талап тарына сай өмір сүріп жүрген жастарымыз Елбасы мақаласын іс жүзінде жүзеге асыруға атсалысуы қажет.
Жаңғырудың маңыздылығы мемлекет пен ұлттың саналы түрде жаһандық үрдістерге бейімделуіне септігін тигізетіндігіне сенім
білдіремін. Қорыта айтқанда, бұл Елбасымыздың ұтымды қағидасы, халқына деген үндеу өсиеті деп білемін. Ішкі руханиятымыз арқылы, сыртқы өзгерістерді жақсы жағынан қабылдап, жаңғырудың даңғыл жолына түсуге Көшбасшымыз болашаққа бастар дара жол көрсетті. Ол соқпақтардан қалай өту керектігін айтып, бағыт бағдар берді. Ендеше, көкжиектен ауытқымай, Ұлт Көшбасшысының өскелең ұрпаққа мензеген дара жолымен биік шыңдарды бағындырайық.
Б.БАБАСОВ,
“Жібек жолы”
бастауыш партия ұйымының төрағасы, М.Төлебаев атындағы
саз мектебінің
директоры,12.12.17 жыл
№49
ГАЗЕТ ‑ ғұмыр айнасы
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық сананы жаңғыртудың өзегі кеңінен баяндалады. Алайда, осынау ұлағатты ұғымның мағынасына тереңдеп жатқанымыз жоқ. Ұлттық сана дегеніміз не? Біле-білгенге ол: “Бабаларымыздың тағылымы терең сұңғылалығы, тентегін тезге, тентірегенін жөнге салған көрегендігі, ұлтқа деген адалдығы, руға емес рухқа қызмет еткен табандылығы”. Сананың жаңғыруын айтқанда Елбасы осы қағидаларды меңзеген болар, бәлкім. Ал, бұл турасында мәселе көтеріп, оны қарапайым халыққа насихаттайтын басты құрал – газет.
Апта басында аудандық пошта байланыс торабының басшысы Қонысбай Раимбаев ақсақалдардың басын қосып, дәл осы тақырып турасында келелі кездесу ұйымдастырды. Кездесуге аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижановпен қатар барлық ауылдық округтегі ақсақалдар алқасының төрағалары қатысты. Шыны керек, кездесу барысында көптеген жайттар сөз болды. Соның бірі – газетке жазылу мәселесі. Кездесуде аудандық пошта байланыс торабаның басшысы Қонысбай Сәдібайұлы Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сөзін қаперден шығармау керектігін айта келе, 77 жылдық тарихы бар аудандық бірегей басылым «Құлан таңына» жазылу қарекетін сөз етті. Бұл пікірді аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қожайхан Қазыбайұлы да қостады.
Біздің байлам: Ардақты ағайын! Қазір интернеттің дәурені жүріп тұр. Әлеуметтік желінің түр-түрі бар. Елімізді былай қойып, әлем елдеріндегі жаңалықтарды интернет арқылы сол сәтінде оқып, естіп жатамыз. Десек те, мына детальді дұрыс жағынан түсінейікші. Дамыған отыз елдің құрамына кіретін Англия мен Жапонияда газеттің таралымы жүз мыңдап шығады. Әйтпесе, сайттардың көкесі соларда емес пе?.. Ал, олар неге газеттен бас тартпайды? Өйткені, басылымнан оқығанның өзіндік өміршеңдігі бар. Себебі, «Газет – ғұмыр айнасы» екенін біледі. Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның «Қарын аштығы қалпына келер, Құдай рухани аштықтан сақтасын» деген өнегелі сөзі бар. Сондықтан рухани азық іздесек, газетке жазылуды ұмытпайық.
Марат ДИХАНБАЙ.
№48
Кездесу кеші көңілден шықты
Әр адам өз шама-шарқынша еңбек етіп, елінің өсіп-өркендеуіне өзінше үлес қосады десек те, елдік мүдде жолындағы ерен еңбегімен еленгендердің орны бір бөлек.
«Ер елден шығады» емес пе? Демек, ол адамдарды қазақтың қай ауылына барсаңызда кездестіре аласыз. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Туған жер» бағдарламасы арқылы осындай асыл азаматтарды ұмытпау, олардың өмір жолдарын ұлықтау жайын сөз етіп, өткеніміз бен өшкенімізді қайта жаңғыртуға шақырған еді. Содан бергі кезеңде ел-елде, жер-жерде еліне елеулі азаматтармен кездесулер өтіп, көненің көзін тірілтіп, жаңғыртып, болашақ ұрпаққа бағдар боларлық дүниелер жасалып жатыр. Құмарық ауылында өткен кездесу кешін де соның бір парасы деп қабылдадық. Ауылдық округ әкімдігі мен мәдениет үйі, ауылдық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен тағылымды кешке ауылдың байырғы еңбеккерлері мен кәсіпкер, іскер азаматтары шақырылыпты.
Ауылдың айтулы азаматтарының басын қосқан кездесу кешінің шымылдығын ауыл әкімі Бейімбет Айдаралиев пен ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Мамыт Рахимовтар құттықтау сөзімен ашып, ауыл-аймақтағы жасалып жатқан игілікті істерге тоқталды. Ауылдағы әрбір іс- шараға, игілікті істерге бей- жай қарамай, көмек қолын созып жүрген кәсіпкерлеріміз ауыл әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ал, ауылдағы өнер мектебінің ұжымы мен мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасы келген қонақтардың көңілдерін көтеріп тастады. Тіпті, қызды- қыздымен ауыл тұрғындары да сахна төріне шығып, өз өнерлерін ортаға салды. Ауыл тұрғыны Айдар Сейпишовтің орындауындағы «Ақмоншақты аруым» әні залдағы ару қыздарға арналса, ауылдың мәдени өміріне өлшеусіз еңбек сіңірген өнерпазы Атхан Саймұратов аяулы аналарымызға арнап «Сен Ана» әнін әуелете шырқады. Кеш көркін тақырыпқа сай «Туған жер» әнімен әрлеген Әзірбай Табылдиевті, «Дариға дәурен» әнімен көрерменнің көңіл қылын шерткен Есет Бейсеновты ауыл-жұрты сағынып-ақ қалыпты. Көпшіліктің қолдауымен екі-үш қайтара ән шырқаған ауыл өнерпаздары да арқа-жарқа болып, бір жасап қалды. Әуелеген әсем әндерден бөлек мектеп оқушыларынан құралған «Домбыра дастан» ансамблінің орындауында қазақтың күмбірлеген күйі ойнап, Қаракемер ауылының кітапханашысы Рима Агибетова «Рухани жаңғыру – жарқын болашақтың жолы» тақырыбында кітап көрмесімен таныстырған кездесу кешін Құмарық ауылдық кітапхананың кітапханашысы Нұрлы Талқанбаева жүргізіп отырды.
Кеш соңында кездесуге келген қонақтар, ауыл қариялары Елбасы мақаласына қатысты өз ойларымен, өткен өмір жолындағы естеліктерімен бөлісіп, ұйымдастырушы тарапқа алғыстарын жаудырды.
Б.ТОТАЕВ,
Болтай батыр атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.08.12.2017жыл
№47
Көп тіл білу – ДӘУІР ТАЛАБЫ
Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының аясы негізінде аудандық мәдениет үйінде «Көп тіл білу -басты талап» атты полиглоттар форумы болып өтті. Форумның мақсаты -рухани жаңғыруды сипаттау және патриоттық сананы ынталандыратын ұлттық құндылықтарды жаңғырту, сондай-ақ, оқушылардың санасына туған халқына деген сүйіспеншілікті, ұлттық рухты сіңіру.
Форумға аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Е.Құрымбаев, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Л.Өтеулиева, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Н.Топатаева және аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Р.Сартаев қатысты. Форум барысында сөз сөйлеген Ләззат Шәкуәліқызы:
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын маңызды саяси-идеологиялық құжат деп айтуға болады. Себебі, бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы айтылады.
Біздің басты мақсатымыз – дамыған отыз елдің қатарына ену. Бұл ретте Ұлт көшбасшысы өзінің бағдарламалық мақаласында заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесін жан-жақты сипаттап, ұлт алдына ауқымды міндеттер жүктеп отыр, -деді.
Бұдан кейін, ауданымыздағы әр-түрлі ұлт өкілдерінен құралған этномәдени орталықтардың жетекшілері де сөз сөйлеп, тиісінше олар латын әліпбиіне көшу арқылы қазақ халқы ұлттық бірегейлігін сақтап қала алатынын жеткізді. Осы орайда, форумның жоғары деңгейде өтуіне өз септігін тигізген ауданымыздағы этномәдени орталықтарының жетекшілері мен өкілдеріне, №1 мектеп-лицейінің, Құлан, Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектептердің мұғалімдері мен оқушыларына үлкен алғыс білдіре кеткенді жөн санап отырмыз.
Форум соңында залға жиналған көрермен кез келген байқауда өздерінің талантын мойындатып жүрген білікті оқушылар Ахмет Қамшыбек пен Нұргерім Нұрланның өнерінен бөлек, атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың «Ақмаңдайлым», қарашай ұлтының халық әні «Орайданы» Айнұр Жиенбаева мен Абдулла Байрамуковтың орындауында тамашалай алды. Кеш шымылдығы аудандық мәдениет үйінің әншісі Рысбек Қадырқұловтың орындауындағы «Атамекен» әнімен қорытындыланды.
Меруерт ТӨКИЕВА,
Құлан ауылдық балалар кітапханасының кітапханашысы.05.12.2017 жыл
№46
“Түрксібке” – 90 жыл Тоғыз жолдың торабында
1961 жылдан Луговой теміржол станциясында жол жөндеуші әрі стрелкашы болған байырғы теміржолшы – Ақжақ Раймқұлов. 1956 жылы ПЧ-61 мекемесінде, одан соң вагондарға техникалық қызмет көрсету мекемесінің байырғы теміржолшысы Мырзақұл Дүйсенбайұлы Тоқтыбаев және аға вагон қараушы Асқарбек Күмісбекұлы Акилов.
Біздің көз алдымызда күллі жер жүзі өзгеруде. Әлемдегі көш басында тұрған алпауыт мемлекеттермен тереземізді теңестіру, иық түйістіру үшін бойымыздағы сана-сезімге, дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған қағидалардан бірте-бірте арылғанымыз абзал. Заман ағымына қарай өзгеру үшін жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойымызға сіңіріп,өзімізді мықтап қолға алғанымыз жөн. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың рухани жаңғыру бағдарламасы бойынша, қазіргі кезде атқарылып жатқан істер көп. Елбасының бұл бағдарламасы Құлан ауылының солтүстігінде орналасқан Луговой ауылында қалай іске асып жатқанын және ауылдың тұрмыс – тіршілігімен танысу мақсатында барып қайтуды жөн көрдік.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда ертеде бұл ауылды «Тарты» деп атаған көрінеді. Ілгері заманда бір бай екінші байдың жылқысын барымталап әкетіп отырған ғой. Барымташының кім екенін біліп қойып, ашкөздікке бой алдырған екінші біреуі: «Маған бұйырмаса, саған да бұйырмасын» деп, киелі Құлан қаласының маңындағы сазды, ми батпаққа бір үйір жылқыны айдап әкеліп, йірген екен. Осылайша сазды жер табынды өзіне тартып әкетіп, бұл жер кейін «Тарты» деп аталып кеткен. Бертін келе қазақ жеріне қоныстана бастаған орыс ағайындар көк шалғынды көріп, тамсанып: «Ой какие луга!»-деп таңданыс танытқан көрінеді. Содан бастап бұл қоныс Луговая аталып кетсе керек.
Жайқалған жасыл желекке оранған ауылдың тарихы мемлекет және қоғам қайраткері Тұрар Рысқұловтың есімімен тығыз байланысты. Өйткені, Түркістан-Сібір темір жолы осы жерден бастау алады.1926 жылдың 25 қарашасында Орталық Комитет Жетісу темір жол құрылысын салуды қолға алады. Ал, сол жылдың 3 желтоқсанында РСФСР Еңбек және Қорғаныс Кеңесі Түркістан – Сібір темір жолын жасақтау туралы қаулы қабылдайды. Осы күн алып мемлекет үшін экономикалық дағдарыстан шығу жөніндегі тарихи шешім қабылданған күн ретінде есте қалды. Түркістан – Сібір темір жолы құрылысы екі бағытта жүргізілді. Оның бірі – Семей қаласынан 1927 жылдың 15 шілдесінде басталса, екінші бағыты Луговой станциясынан бастау алған болатын. 1927 жылдың 2 қарашасында болат жолдың бойына бірінші рельс төселді. Құрылысқа Тұрар Рысқұлов басшылық жасады. 1927 жылдың 21 қарашасында болат жолдың бойында құрылыстың басталуына байланысты көп адам қатынасқан үлкен митингі болып өтті. Оны Тұрар Рысқұлов ашып, сөз сөйледі. Мұхаметжан Тынышбаев ғасыр құрылысының бас инженері болды. Құрылысқа үлкен мән беріліп, халық оған жаппай жұмылдырылды. Сол жылдары Меркі ауаткомын басқарған жерлесіміз Шыңғожа Омаров жол құрылысына 500 аттылы арба, мыңға тарта жұмысшы қолын берді. Осы үлкен жиында Тұрар Рысқұловтан соң, Қазақстан мен Орта Азиядан келген делегаттар сөз сөйледі.
Салтанатты жиыннан соң №6394 паровоз болат жол бойына жіберілді. Жол құрылысы халықтың еңбекке деген ерекше ықыласын оятты, ел ауыр жұмысқа баруға тілек білдіре бастады. Жұрттың алды болып тізімге Мұстафа Қайыпұлы, Ырысты Шорманов, Қоңқаш Қиялбеков, Дүйсенбай Тоқтыбаев, Сары Ахметов, Қасымбай Нұрақаев, Әлімқұл Итбаев, Базылбек Байқазақов және басқа да жүздеген азаматтар жазылды. Аға мастер Әбдіманап Исаев тізімге жазылған азаматтарға аздаған киім-кешек, құрал-саймандарын беріп, техника қауіпсіздігін сақтау жөнінде ақыл- кеңесін айтып, журналға тіркеуге алды. Кей күндері 5-6 шақырым жерге дейін рельс төселіп жатты. Құрылысқа өгіз, ат, түйе жеккен арбалармен қоса мыңдаған адамдар жаңадан келіп қосылып тұрды. Жақсы ұйымдасқан тірліктің және жұмысшылардың ерік- жігерінің арқасында жыл аяғына дейін 190 шақырым жерге рельс төселініп бітті. Жұмыстың қарқынды жүргізілуінің нәтижесінде рельс төсеу рәсімі мерзімінен бір жыл бұрын аяқталып, 1930 жылы Айнабұлақ станциясында түйісті.
Құрылыс аяқталысымен станция арқылы өнеркәсіп және ауылшаруашылық жүктерін артқан эшелондар тоқтаусыз ағылды. Теміржол құрылысымен қатар тұрғындар үй салып, оған қоныстана бастады. Алғашқы кезде барақ типтес үйлер салынды. Кейіннен кәдімгідей жеке үйлер бой көтере бастаған соң, мектеп, балабақша, байланыс бөлімшелері, клуб салынды. Солармен қатар паровоз және вагон деполары, отын қоймасы, товарлы қойма мекемелері салынып, жергілікті халық жұмыспен қамтамасыз етілді. Луговой станциясындағы бірінші паровоз – машинисі Ырыстиев болды. Ғасыр құрылысына қатынасқан А.Поповтың «Гудок» газетіне берген мақаласында ол осы бір тарихи сәтті былайша еске алады:
«Осы ғасыр құрылысына мен де қатынастым. Сол кезде Луговой станциясының оңтүстік шекарасына жақындау жерде кішілеу он шақты үй бар еді. Ол үйлер жергілікті құрылыс материалынан яғни, балшықтан тұрғызылып, едені жер, төбесі қамыспен жабылды. Сырттан келген жұмысшылар, құрылыс басшылары осы үйлерге орналастырылды. Түнде үйлерді жатын орнына жаратсақ, күндіз контор ретінде пайдаландық. Үйдің едені болмағандықтан астымызға қамыс төсеп жаттық. Жұмыс өте ауыр болды. Техника жетісжетіспегендіктен, барлық жұмыс қол күшімен жүргізілді. Қаншалықты ауыр болғанымен, еңбектен ешкім қашпады. Қайта қиындықтарды топтасып жүріп жеңе білді. Мен қазақ халқының төзімділігіне, шыдамдылығына таң қалдым», -дейді тебіреніп.
1941-1945 жылдары ауылдың ер азаматтарының көбісі соғысқа аттанды. Ерлермен қоса орта дәрігерлік білімі бар медбикелер мен телеграфист қыздар да әскерге алынды. Ауылда еңбектеген бала мен еңкейген шал ғана қалғандықтан, жұмыстың ауыр бөлігі қыз-келіншектерге жүктелді. Осы кезде әйелдер арасынан бірінші болып Жәбира Жүсіпова паровоз машинисі болды. Ол 1940 жылы небәрі 18 жаста ғана еді. Теміржолшылар даярлайтын курсты тәмамдап, Қырғызстандағы Бішкек паровоз депосына жіберілген болатын. Соғыс ауыртпалығы Жәбираның сағын сындырған жоқ. Қайта ол шыңдалды, қанатын қатайтты. Сөйте жүре табанды еңбегінің арқасында елдің құрметіне бөленді. Мақтау мен марапатқа ілігіп, әйел машинистердің арасында тұңғыш рет Ленин орденін кеудесіне тақты. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. Қазақстан Компартиясының ХІІІ-съезіне делегат болып қатысты. Ешқандай қиындыққа мойымаған Жәбира апай ел құрметіне бөленіп, оның ерең еңбегі еленді. Қазіргі таңда Луговой ауылындағы бұрынғы Деповская көшесі Жәбира Жүсіпованың атымен аталады. Соғыс кезіндегі кішігірім ғана Луговой бекетінің жалпақ жұртқа осылайша үлкен көмегі тиді.
Жылдар жылжып өтіп, темір жол бекеті де, тоқсан жолдың торабына орналасқан елді мекен де танымастай болып өзгерді. Бертін келе станция ел экономикасының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Луговой станциясы арқылы күніне 100-120 маңызды жүк тиеген пойыздар мен жолаушы поездары өтеді. Айту ләзім, болат жол тұтастай электрлендірілген. Поездарды қазіргі заманғы қуатты электровоздар сүйрейді. Енді Елбасы Үкіметке қосымша жаңа жолдар салуды тапсырып отыр. Осыған сәйкес, Луговой темір жол бекеті маңында ұзындығы 800 метрге жететін рельстер шығаратын қуатты зауыт жұмыс істеп тұр. Жол околодкалары мен оған техникалық қызмет көрсететін, байланыс қызметін қалыпқа келтіріп отыратын мекемелердің де қуаты арта түсті. Бұрын пойызды бір жолдан екінші жолға жіберу үшін, бағыттаушы стрелка қолмен ауыстыратын болса, кейін ол пультпен басқарылатын дәрежеге жетті. Үлкен станцияларда пойыздарды диспетчерлер бақылап, қажеттілігіне қарай диспетчерлік пульт арқылы бағдарлап отырады. Міне, тоқсан жолдың торабында орналасқан ауылдың кешегісі мен бүгінгісі дәл осындай!
Луговой ауылына барып фоторепартаж әзірлеу барысында, вокзал ғимаратына ілінген тақтайшаларға көзіміз түсті. Оқып қарасақ, жоғары да келтірілген деректер тайға таңба басқандай жазылып тұр екен. Тақтайшалардың бірінде: «1927 жылдың 2 қарашасында болат жолдың бойына бірінші рельс төселінді» делінсе, екіншісінде «Халық Комиссариаты төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың сөзінен кейін, 1927 жылдың 21 қарашасында Луговой бекеті арқылы рельс бойымен алғашқы №6394 паравозы жүргізілді» делінген.
Өткенді ой елегінен өткізсек, Луговой бекетіне рельс төселіп, алғашқы паравоздың болат жол бойымен жүре бастағанына биыл 90 жылдың жүзі болады екен. Ал енді, 90 жыл бұрын осынау сайын далада ешнәрсе болмағанын көзіңізге елестетіп көріңізші?. Иә, ғасырға жуық уақыт бұрын бұл жерде шалғынды, кең жазық дала ғана бар еді.
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН!
Луговой ауылының келешек ұрпақтың жадында қалар кешегі өткен тарихымен біршама таныс болдыңыздар ғой деп ойлаймын. Ендігі кезекте бүгінгі тыныс – тіршілігіне көз жүгіртсек.
Луговой ауылы Құлан ауылынан кейінгі халық саны да көп шоғырланған ауылдың бірі Онда қазір 10 369 адамтұрады. Ауыл тұрғындарының ұлттық құрамына келер болсақ, қазақтар 92,1, орыстар 5,4, ал басқа ұлттар 2,6 пайызды құрайды. Елді мекенде 22 мекеме бар. Кент тікелей теміржолмен байланысты болғандықтан 22 мекеменің 12-сі осы саламен жұмыс атқарады. Олар №2 рельс дәнекерлеу кәсіпорыны, Луговой жол дистанциясы, Луговой стансасы (ДС), вагондарды техникалық байқау қосыны (ПТО), әскерилендірілген теміржол күзеті (Вохр), теміржолсу – Тараз ЖШС (Водч) және теміржол бекеті (Вокзал) сынды мекемелер.
Құрамында 40-тан астам жұмысшысы бар емхана да ауыл тұрғындарының денсаулығын жіті қадағалап отырады.
Емханадан басқа 3 мектеп, 2 балабақша жергілікті тұрғындардың игілігі үшін қызмет атқаруда. Бірі «Балбөбек» бөбекжайы болса, екіншісі «Алтын сақа» балабақшасы. «Балбөбек» бөбекжайы – 2006 жылы ашылған. Онда 165 бүлдіршін тәрбиеленуде. Елбасының «Балапан» бағдарламасы бойынша ауылда бой көтерген ғимараттардың бірі – «Алтын сақа» балабақшасы. Ол 280 орындық. 2014 жылдың тамыз айында пайдалануға берілді. Бұл мекемеде 70-тен астам адам қызмет атқарады.
Ауылдың көркейіп, дамуына жеке кәсіпкерлердің де қосып жатқан үлесі орасан зор.Ауылда тойханалар, дүкендер, супермаркеттер, қоғамдық тамақтандыру орындары, жанармай құю бекеттері, көлік жөндеу орындары бірінен кейін бірі ашылып, халыққа қызмет етуде.
Бір мәдениет үйі, екі кітапхана, спорт алаңы және ауыл жастарымен тығыз байланыста жұмыс жасайтын орталық бар. Осы мекемелердің бәрі де ұзақ жылдар бойы халықтың мәдениетке және спортқа деген қызығушылығын арттырып келеді. Олай дейтініміз, мектеп оқушылары республикалық, халықаралық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары. Жаманнан жиреніп, жақсыдан үйренген оқушылар өздері теледидардан көріп өскен өнердегі жерлес аға-әпкелерін үлгі тұтып, байқаудан қанжығалары бос қайтпайтынының сыры осында болса керек. Атын атап, жекелеп айтар болсақ, «Саранча» телесериалында «Бек» есімді кейіпкерімен көрерменнің жүрегін жаулаған Бақытжан Әлпейісов, ағайынды театр және кино әртістері Жандарбек пен Ербол Садырбаевтар, күміс көмей әнші Тахмина Әшімбекованы атауға болады. Есімі аталған азаматтардың бәрі де тоқсан жолдың торабында орналасқан кішігірім ауылда өскен өреңдер. Өнерді өздеріне серік еткен бұл жандар өздері туып өскен өлкені ешқашан ұмытқан емес. Былтыр ғана туған жеріне деген сағынышын жетелей келген Бақытжан Әлпейісов ауыл тұрғындарымен кездесіп, өзінің туған жер туралы ойларын ортаға салды. Араға аздаған уақыт салып, театр және кино әртісі Жандарбек Садырбаев та келіп, ауыл жұртшылығымен жүздесіп қана қоймай, әріптестерімен бірге Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасының желісі бойынша жазылған қойылымды сахналап, көрермендер қошеметіне бөленді. Кейде туған жеріне туын тіккен осындай азаматтардың барына қуанып қаласын. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ілгерлету мақсатында, «Туған жерге туыңды тік!» акциясының аясында атқарылып жатқан игілікті істер деп білеміз.
Аудан басшылары жақында ғана ұзыннан ұзақ жатқан С.Есімов көшесінің жолын жөндеткізіп, заманымызға лайық жол салып берді. Осы көшенің бойындығы жасыл желекпен көмкерілген саябақ та күрделі жөндеуден өтіп, халықтың игілігіне қызмет етуде. Болашақта басты көшелер саналатын С.Есімов пен Құрымбаев көшелерін көркейту жұмыстары қолға алынады.
Ендігі жерде «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша әр үйге ауыз су кіргізіледі деп күтілуде. Т.Рысқұлов, Ш.Егембердіұлы, Ә.Райқұл, С.Әденұлы, Т.Қуанышбекұлы көшелерінде осы жылға жоспарланған жұмыс толық атқарылды. Келесі жылы бұл жұмыстар өз мәресіне жетіп, әрбір ауыл тұрғындарының үйіне кіргізіліп, іске қосылады деп күтілуде.
Жақында ғана «Бір сәби – бір ағаш» атты республикалық акция өткен болатын. Бұл акция Луговой ауылында да өз жалғасын тапты. М.Горький атындағы орта мектептің алдында жатқан бос алаң қоршалып, 15-ке жуық көшет отырғызылды. Ауыл әкімі М.Сванов осы акцияның өтуіне белсенді атсалысқан Луговой «Орман және жануарлар дүниесін қорғау» мекемесінің басшысы Қайрат Медербекұлына да алғысы шексіз екендігін жеткізді. Болашақта бос жатқан алаңның сызбасы жасалып, бүлдіршіндерге арналған демалыс орны ашылатын болады.
Суретте: Ауыл әкімінің орынбасары Қайрат Мергенбайұлы Әбілов. Луговой ауылдық аймақ әкімшілігі аппаратының жетекші мамандары: Күласан Өсербайқызы Құлмаханбетова, Гүлжан Лайляқұлқызы Абдикаримова, Ақмарал Өменқызы Ниязқұлова.
Суретте: 32 жыл еңбек өтілі бар парк кезекшісі –Эльмира Жапсарбайқызы Мадалиева, вокзал бастығының кезекші көмекшісі Сәуле Әбдірахманқызы Сәрсенбаева, Луговой стансасының аға билет кассирі Венера Рамазанқызы Қарақұлова және әскерилендірілген темір жол күзетінің бастығы, аудандық мәслихат депутаты Қайрат Жексенұлы Мадалиев.
Суретте: Ортада емхана меңгерушісі Серік Бекбергенұлы Қосшығұл. 1978 жылдан бастап медицина саласында қызмет етеді. Еңбек өтілі – 40 жыл. «Гиппократ» және «ҚР Конституциясына – 25 жыл» медальдарымен марапатталған. Аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі. «Талас» медициналық колледжін аяқтап, осы салада 40 жыл еңбек етіп келе жатқан аға медбике Қалдыкүл Әшімжанқызы Нұрсейітова және аймақтық мейірбике Раушан Кәнетқызы Ыбрайымова. Ақ халатты абзал жандар екеуі де «Мейіргер» медалімен марапатталған. С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетін үздік бітіріп, «Дипломмен ауылға » бағдарламасы бойынша келген жалпы дәрігер әрі жас маман Жанадулла Барынұлы Әбдіров.
Суретте: Тұрар Рысқұлов орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Назгүл Мұхаметжанқызы Жұмабекова сабақ үстінде;
Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ербол Талантұлы Қайпұлдаев және директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Жазира Әлдипанқызы Ауғанбаева сынып сағатында.
Суретте : «Алтын сақа» балабақшасының меңгерушісі Гульмира Идатқызы Доскожаева және үздік тәрбиешілер Әсел Қарабайқызы Солтанаева мен Әсия Смағұлқызы Әлдибекова.
ТҮЙІН: Құрметті оқырман! Біз «Жаңғырған ауыл» жобасы бойынша Луговой ауылының бүгінгі келбеті мен өткендегісін қал-қадірімізше сіздердің назарларыңызға ұсындық. Иә, Луговой кенті тарихымыздың терең қойнауынан ойып тұрып орнын алған мекен. Ауыл тұрғындары туған жерін мақтан тұтады. Өйткені, туған өлке кімге болса да ыстық. Сондықтан болар, осы өлкеден түлеп ұшқан өрендер өздерінің кіндік қаны тамған ауылын ешқашан ұмытпайды. Ол – олардың алтын бесігі.
Беттердегі материалдарды әзірлеген
Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.
№45
Нәтижелі жұмыспен қамтылуда
Бүгінде өзінің озық идеяларымен танылып келе жатқан қазақ елі «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесін өткізіп, әлем назарын өзіне тағы бір мәрте аудартты. Әрине, мұның барлығы да Қазақстанның, қоғамдық сананың жаңғыруы болды. Ал Президентіміздің жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы қоғамдық сананы одан әрі жетілдіру мен болашақ жоспарлардың тоғысқан түп тамыры болмақ.
Бәсекеге қабілетті болуды көздейтін ұлт басшысы «Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек. «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі.» – дейді. Оның үш тілді саясатты ұстана отырып, латын әліпбиіне көшу бағытын ұсынғандағы басты мақсаты да осы – бәсекеге қабілеттілік. Міне, осы мәселеге байланысты, аудандық «Әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту орталығы» нәтижелі жұмыстар атқаруда. Жыл басынан бері қазан айына дейін ауданымызда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасы» бойынша қысқа мерзімді оқуға 299 азамат, кәсіпкерлік негіздерін оқуға 143, техникалық және кәсіптік біліммен оқытуға 34 азамат жіберілді. Аудан бойынша 612 жаңа жұмыс орны ашылды. Бағдарламаның І бағыты бойынша бүгінгі күнде 211 азамат оқуын аяқтап, оның 110-ы тұрақты жұмысқа орналастырылды.
Ал ІІ бағыты «Бастау Бизнес» жоспары бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 143 азамат оқуға жіберілді. Бүгінгі күнде 59 адам 277994,0 мың теңге несие алды және олар 44 қосымша жұмыс орындарын ашты.
Бағдарламаның ІІІ бағыты «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бойынша ағымдағы жылы Жастар практикасына жергілікті бюджеттен 8402,0 теңге қаражат бөлініп, 25 жас түлек, республикалық бюджеттен 35396,0 мың теңге қаражат бөлініп, 104 жас түлектер жұмысқа жіберіледі деп жоспарланып, 144 жас жұмысқа жіберілді, бүгінгі күнде соның 67-і өз жұмыстарын атқаруда. Ал әлеуметтік жұмыс орындарына 81 азамат жұмысқа жіберілді. Ақылы қоғамдық жұмыс орындарына 220 азамат жұмысқа жіберіледі деп жоспарланып, 258 азамат жіберілді, соның 115-і жұмыстарын атқаруда. Міне, «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасы осылайша өз жемісін беруде.
Б.ШАМАЕВ,
аудандық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар
бөлімінің басшысы.28.11.2017 жыл
№44
Ауыл – алтын бесік
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қазір әртүрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Соның бірі Жарлысу ауылдық клубында клуб меңгерушісі Гүлжан Қоңырбаеваның ұйымдастыруымен «Ауылым алтын бесігім» тақырыбында өрбіді. Аталмыш акция барысында Өрнек ауылдық округіне қарасты әр ауылдан келген азаматтар өз ойларын ортаға салды. Акция аясында Шәміл, Өтеген Әбдікерімовтер ауыл туралы әнді нақышына келтіре әуелетсе, 75 жастағы Кенжебай қария қырғыздың «Туған жерді сағыну» әнін шырқап берді. Ал, ауыл ақсақалы Елеусінбай Байманасов болса осы шараны ұйымдастырушыларға рахметін жеткізді.
Н. ТАҢТАЕВ,
Өрнек ауылдық округі “Жастар ресурстық
орталығының” инспекторы.
№43
Рухани жаңғыру – барлық жаңғырудың өзегі
Жуырда Қарақыстақ ауылдық округінде «Рухани жаңғыру – барлық жаңғырудың өзегі» атты семинар болып өтті. Семинарға ауыл-аймақта орналасқан мекемелердің жас мамандары, кітапхана және мәдениет саласының мамандары, «Аналар кеңесі» өкілдері қатысты. Модератор Зайтуна Оразалиева өз сөзінде: «Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласындағы ұлттық сананы жаңаша қалыптастыру, басқа ел дердің озық тәжірибесін, жетістіктерін бойға сіңіріп, пайдамызға асыру туралы айтқанын зиялы қауым қуана құптап отыр. Білімге ұмтылу, жақсыны үйреніп, жаманнан жиренуді ата-бабамыз бұрыннан-ақ айтып келеді. Бұл ендігі ұлттық идеологиямызға айналуы тиіс» – дей келе, «ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты, негізгі құндылықтары білімнен басталатын болады. Болашақ – жастардың қолында, сол үшін де бүгінгі семинарды жас мамандармен өткізіп жатырмыз» -деп, кезекті жастарға берді.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы төңірегінде Б.Момышұлы атындағы орта мектептің мұғалімі Гүлнұр Адилова келелі сөз қозғаса, ауыл кітапханашысы Тынымкүл Ақылбаева ұлттық салт-дәстүріміз бен әдебиетіміз жайлы әңгіме өрбітті. Ал, Қарақыстақ ауылдық округінің Жастар ісі жөніндегі инспекторы Бахтияр Асқар аталған бағыттарды іске асыруда жастардың атқарар рөлі зор екенін айтып, еліміздің барша жастарына сенім білдірді.
С. ҚАРАСАЕВА.
№42
Рухани жаңғыру – жасампаздық кепілі
Ел еңсесін тіктейтін бағдарлама
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында XXI ғасырдағы ұлттық сана туралы, бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы жайында сөз қозғалды. Оның ішінде, ұлттық сананы жаңғырту, туған жердің асыл қасиеттерін дәріптеп, оны қастерлей білу, білім мен біліктілікті жетілдіру, сондай-ақ, латын әліпбиіне көшу мәселелері қарастырылған. Ондағы басты мақсат – дамыған 30 елдің қатарына қосылу. Бұл – мемлекетіміздің жаңғыру саясаты, дамудың даңғыл жолы мен кемел келешекке бастар жаңа қадам, «Мәңгілік ел» болуы жолындағы жаңа баспалдағы, жаңа жоспарлар мен мақсаттардың тоғысқан жобасы.
«Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген Ел Президенті «бәсекелік қабілет» деген ұғымға түсініктеме беріп өтті. «Ол – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықтағы бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы» дейді. Күні кеше өткен «ЭКСПО-2017» көрмесі міне, осы мақсатта жасалған дүние еді. Бәсекеге қабілетті ұлт болуымыз үшін, оған сай білім мен біліктілік қажет. Оған қоса, ұлттық сананы да жаңғырта білуіміз керек. Жоғалып кеткен ата дәстүрлеріміз бен салт- санамызды жаңғырту арқылы біз жас ұрпақты патриотизмге баули аламыз. Сондай-ақ, Елбасы ұсынып отырған үш тілді саясаттың да бізге берері мол. Көп тілді меңгерген азамат қай қоғамда да сұранысқа ие. Әрине, Қадыр Мырза Әлидің «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қасиетті сөзін естен әсте шығармауға тиіспіз. Өз тілін, туған жерін, тарихын сүйетін, ұлтын қадірлейтін, дәстүрін құрметтейтін халық қана «Мәңгілік ел» бола алады. Міне, біз осы қасиеттерді бойымызға сіңіре отырып, жаңалық атаулысына да бой үйретуіміз керек. Осылайша, еліміз рухани тұрғыдан жаңғыра алады. Бір сөзбен айтқанда, бұл бағдарлама – ел еңсесін тіктейтін құрал болып отыр.
Г. ОСПАНОВА,
Жамбыл атындағы шағын орталықты орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі.
№41
Сананың жаңғыруы – рухтың кемелденуі
«Рухани жаңғыру» деген сөздің өзі рухтың жаңғыруы, ұмытылып кеткен салт-дәстүріміз бен рухани құндылықтарымызды қайта жаңғырту, ғылым мен білімнің, сананың жаңғыруы, кемелденуі дегенді білдіреді. Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деген болатын. Ұлттың қандай ұлт екенін көрсететін құндылықтарының бірі – оның дәстүрі, салт-санасы. Қазақ елі қашанда өзінің батырлығымен, бай тарихымен, сондай-ақ, қан тазалығын сақтау үшін жеті атадан асырып қыз алыспайтын, бауырмал, қонақжайлығымен ерекшеленеді. Бізді өзге халықтардан бөліп тұратын негізгі дәстүрлеріміз, әдет-ғұрпымыз осы. Елбасы айтқандай, қазақ тарихында қазақ ұялатындай ештеңе жоқ! Сондықтан да, біз кешегі асыл дәстүрлеріміз бен тарихымызды мақтанышпен айта аламыз. Біз дамыған өркениетті мемлекеттердің ғылым мен техникадағы жетістіктерінен үлгі алып, жақсысын үйренуіміз қажет. Бірақ, бұл – өзіміздің салт-дәстүрімізді ұмыту деген сөз емес. Қазақтың тұңғыш ұстазы Ыбырай Алтынсариннің «Өнер- білім бар жұрттар тастан сарай салғызды, айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызды» дейтін өлеңіндегідей, біз өзіміздің ұлттық кодымызды, салт-дәстүрімізді сақтай отырып, өнер-білімі бар жұрттардың ғылыми жетістіктерін үйрене алуымыз керек.
Ұлттық код – біздің басты құндылығымыз. Өркениетті елдерден үйрену дегенді, жалпы жаңғыру дегенді әсіре науқанға айналдыруға болмайды. Яғни, олардың дәстүрі біздің салт-санамызға, киім үлгімізге, сөйлеу мәдениетімізге, болмаса, дәстүрімізге әсерін тигізбегені абзал. Бір сөзбен айтқанда, жаңғыру – жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену, өзіміздің рухани құндылықтарымызды сақтап, салт-сананың жаңғыруы, ғылыми тұрғыдан жанданып, жаңару деген сөз. Ал, ұлттық дәстүрдің асыл қаймағы – ауылда. Көкпар тарту, асық ойнау, тоғыз құмалақ, ат жарыс – бәрі де ауылда ойналатын ойындар. Ендеше, ұлттық дәстүрді жаңғырту үшін ауылға көңіл бөліп, ауылды көркейткен жөн.
Нұрболат ЖАМАЛБЕКОВ
Жаңатұрмыс ауылдық округінің әкімі. 24.11.2017 жыл
№40
Ұлылығымызды дәріптеу – жаңғырудың алғы шарты
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы барша қоғамымызға зор сілкініс әкелді. Елбасы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап беріп отыр. Әрі осы жаңа дәуірдегі ұлттың рухани жаңғыру жолының бағдарларын ұсынған.
Сондықтан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы Жолдауда қозғалған бағыттарды кеңінен тарқатып, мемлекеттік идеологияны анықтайтын, көпке түсінікті, рухани жаңғыртуға бағытталған құжат деп білемін. Мақаланы оқи отырып, одан бүгініміз бен болашағы жарқын Қазақстанға апаратын нақты жоспар мен мақсаттың көрсетілгендігін түсіндім.
Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар жақсы жүзеге асуда. Ал бұл мақаладағы рухани өрлеу, рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін. Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал, рухани жаңғыру мен жаңаруда білім берудің рөлі зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай әрі ескере отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайды.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді Мұхтар Әуезов. Латыншаға көшудің терең логикасы да осында. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылым мен білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Әрбір білімгер өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс. Егер қоғамның даму кілті білімді адамдардың жаңаша қызмет атқаруын керек ететін болса, сол жаңашыл адамдарды, болашақ қоғам мүшелеріне білім мен тәрбие беруді жүзеге асыратын мамандар дайындайтын біздің білім беру ұйымдары Елбасы көздеген бағыттарға лайықты болуы тиіс. Ең бастысы, білім беруге қойылып отырған жаңа талаптарды орындауда көптеген жұмыстар жүргізіліп, жастардың үш тілде білім алуына, жаңа технологияларды білім беру жүйесіне енгізуде өңірімізде келелі жұмыстар атқарылуда. Ұлт жоспарын орындауда әр саланың өзіндік үлесі болса, «Мәңгілік Ел» орталығы ұжымының қосатын үлесі – жас ұрпаққа жаңа қоғамға сай білім мен тәрбие беруді жаңаша құру және оны осы Елбасымыз көрсетіп отырған талаптарға сай орындау деп білемін.
С.СЕЙТҚАЗИЕВА, «Мәңгілік Ел» тәрбие және білім беру орталығының директоры. 17.11.2017 жыл
№39
Колледжде рухани жаңғыру орталығы ашылды
Құлан ауылшаруашылығы колледжі – ауданымыздағы тарихы тағылымға толы іргелі ұжымның бірегейі. Олай дейтін себебіміз, аталмыш колледжде еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан тұғырлы тұлғалар білім алған. Солардың ішіндегі шоқтығы биігі аты аңызға айналған ғаламдық жазушы Шыңғыс Айтматов. Енді еліміздегі арнайы білім беру мекемелерінің арасында бұл ұжымның неліктен абырой-беделі өте жоғары екенін осыдан-ақ бағамдай беруімізге болады.
Сәрсенбі күні кез келген қоғамдық іс-шараларға белсене араласатын Құлан ауылшаруашылығы колледжінде «Рухани жаңғыру орталығы» ашылып, оған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков, сондай-ақ, колледждің ардагер ұстаздары мен осында білім алып, үлкен лауазымды қызмет атқарған ордалы оқу орнының төл шәкірттері қатысты. Колледждің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып шыққан қадірлі қонақтар бүгінгі таңда білім нәрімен сусындап жатқан білімгерлердің қолымен жасалған ұлттық киім үлгілерін тамашалады. Одан кейін, ілкімді шара рухани орталық залында жалғасын тауып, онда келген қонақтар өнегелі де ғибратты әңгіме өрбітті. Ең алғашқылардың бірі болып сөз алған колледж директоры Жұмакүл Бүкірова бұл орталық Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында ашылып отырғандығын тілге тиек етіп өтті. Содан соң, өз ойын ортаға салған аудандық ақсақалдар Кеңесінің төрағасы Қожайхан Бижанов пен облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов Ұлт көшбасшысының аталған бағдарлы мақаласы рухани жаңғыру кеңістігінде ұлтымыздың кемелденуіне айрықша ықпал ететінін айтып, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге мол серпін беретінін жеткізді.
Марат ДИХАНБАЙ.
№38
Рухани тұрғыдан жаңғыруымыз керек
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен өткен «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында партияның еліміздегі стратегиялық реформаларды іске асыру жолындағы жетістіктері сөз болды. Елбасы атқарылған жұмыстарға тоқтала келіп, әлі де алда күрделі әрі жүйелі шешімдер қабылдау қажеттігін және оларды дәйектілікпен іске асырудың маңыздылығын баса айтты. «Жаңғыру ешқашан оңай жүзеге аса қоймайды. Осы ретте, «Нұр Отан» партиясы, ең алдымен, жаңғыру бағытына саяси қолдау көрсету тетіктерін қалыптастыруы тиіс. Билік тармақтары арасындағы бірқатар өкілеттіктерді қайта бөлуге қатысты конституциялық реформа мәселелеріне келетін болсақ, бұл – еліміздің саяси жүйесін демократияландыру мақсатында жасалған маңызды қадам» деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев.
Мұны ол партияның бүгінгі таңдағы идеологиялық жұмысының платформасы деп атап көрсетті. Сондықтан біз партияның осы тұрғыдағы рөлін айқын әрі жете түсінуіміз қажет. Оны партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхамедтің жасаған баяндамасынан анық ұғындық. Дәлірек айтқанда партия қызметін одан әрі жетілдіру жөнінде нақты ұсыныстар әзірлеудің маңыздылығына баса назар аударылды. Баяндамашы 18 жыл ішінде партияның үлкен саяси күшке айналғанын, оған Елбасының тікелей парасатты төрағалығы арқасында қол жеткенін, дәлірек айтқанда ұлт руханиятының жаңа биікке көтерілгенін, оған осы үш жаңғырудың әсері мол болғанын тереңнен қозғап өтті.
Біздің «Нұр Отан» партиясы Т.Рысқұлов аудандық филиалы Саяси отырыстың мәні мен мағынасын партия мүшелеріне жеткізу мақсатымен отырыстар өткізіп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын ақпараттық ілгерілету мақсатында барлық ресурстар мен активтерді іске қосу, жастарды, зиялы қауымды оған тарта отырып, әртүрлі шараларды жүзеге асырды. Иә, біз рухани тұрғыдан жаңғыруымыз керек. Оны бүгінде оқыған, саналы азаматтар жете түсінді. Біз тарихи танымымыз бен мәдени құндылықтарымызды бағалай білуіміз керек-ақ, ал, саяси жаңғыру осыларға іргетас яғни, платформа болатынына күмән келтірмеймін. Партия мүшелері осыны жете түсініп, партиялық жұмысты жаңаша жүргізудің жолдарын қарастыруда.
Қ.АРЫСТАНБЕКОВ,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары. 14.11.2017 жыл
№37
Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: ‑Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді.
Таңдауымыз Таңатаров!
Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын,-дей келе таяу жылдардағы міндеттерді алдыға тартқан еді. Олардың қай-қайсысы да ел мүддесі үшін аса қажетті десек, солардың ішінде «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына айрықша назар аударып келемін. Өйткені, аталған жоба жөнінде Елбасы «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс» деп Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен жандардың жүріп өткен жолдарын жасұрпаққа үлгі-өнеге етуге шақырды. Мен осы жобаға қатысып жатқан кандидаттардың ішінде спорт санаты бойынша бақ сынап жатқан ауданымыздың, атап айтқанда Құмарық ауылының тумасы Ақжүрек Таңатаровтың есімін ерекше атап өткенді жөн көріп отырмын. Оның спорттағы жүріп өткен жолы мен жеткен жетістіктері аз емес. Айталық, еркін күрестен еліміздің төрт дүркін жеңімпазы болған палуанның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері екенін ескерсек, осының өзі оның «Қазақстандағы 100 жаңа есімнің» бірі де бірегейі атануына жеткілікті болар еді. Алайда, Лондон олимпиадасында қола жүлдегер атанып, Делиде өткен Азия біріншілігінде алтын, Париждегі әлем біріншілігінен қола жүлдені жеңіп алуы Ақжүректің абыройын арттыра түседі. Осыларды саралай келе қазақ елін әлемге танытқан оғланның есімі «100 жаңа есімге» енуге лайықты деп білеміз. Елбасы айтқандай ел дамуына зор үлес қосқан азаматтың табысқа жету тарихы жастарға үлгі болуы керек. Ендеше, біздің таңдауымыз – Ақжүрек Таңатаров.
Арылбек ҚОРАЛАСБАЕВ,
аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер.
№36 Рухани жаңғыру – жасампаздық кепілі
Латын әліпбиі – жаңғыру негізі
Жуырда «Сұлутөр» кинотеатрында облыс әкімдігі Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Латын әліпбиі – бірегейлік пен жаңғыру негізі» атты кездесу өтті. Кездесудің басты мақсаты – Елбасының қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлығына сәйкес белгіленген латын әліпбиін халыққа кеңінен насихаттау. Жиынға А.Байтұрсынов атындағы тіл білімі институтының профессоры, қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа ұлттық әліпбиге көшіру жөніндегі республикалық жұмысшы тобының мүшесі Әлімхан Жүнісбек, облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлімі басшысы Мөлдір Ахметова және аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ләззат Шәкуәліқызы қатысты.
«Біз Елбасының алдына әліпби құрастырудың үш жобасын алып бардық. Оның біріншісі – екі дыбыс арқылы жазу, екіншісі – таңбаның қасына дәйекші қою, ал, үшіншісі – ұлттық әліпби «бір дыбыс – бір таңба». Осы үш жобаның ішінде екіншісі Президенттің көңілінен шықты. Демек, бұл әліпби бәріміз үшін тиімді деп білемін. Әрине, ағарту жұмыстарында да, емле-ережелерді жасауда да талай қиындықтар орын алатынын айтпасақ та, мәлім. Дегенмен, кірме дыбыстардан құтылып, төл дыбыстарымызбен сөйлеп, өзіміздің жаңа әліпбиімізді құрастыратын сәт келді деп ойлаймын. Мәселен, «мый» деп айтылатын сөз «ми» деп жазылғандықтан, қазіргі жасөспірім балалар жазылуы бойынша айтып жүр. Бұл – тілдің бұзылуына әкелетін нәрсе. Сондықтан да, латын әліпбиіне көшу мен жаңа емле-ережелердің жасалуы аталған мәселелердің шешілуіне өз септігін тигізеді деген пікірдемін, -дейді тіл білімі институтының профессоры. Аталған шара Луговой ауылында орналасқан Т.Рысқұлов атындағы орта мектепте жалғасын тапты. Тіл жанашырлары кездесуге қатысқан ұстаздар қауымының көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап берді.
С. ҚАРАСАЕВА. 10.11.2017
№35 Білім негізі – бастауышта
ТӘЛІМГЕР ТАҒЫЛЫМЫ
«Бастауыш – білім анасы» дейді білікті педагогтар. Мектеп табалдырығын жаңадан аттаған бүлдіршіндерді шексіз білім әлеміне жетелеп, оларға әріп танытатын бастауыш сынып мұғалімі. Балғын балдырғанның есінде ұмытылмастай болып қалатын да, оның құлағына ұя сап, “Білім” атты ғажап тылсымға жол ашатын да осы алғашқы ұстаз.
Жақында Қ.Сұлтанбеков атындағы шағын орталықты орта мектепте өткен сынып сағаты менің жадымда жарға соғылған жаңғырықтай сақталып қалыпты. Өйткені, сабақ киелі Құлан өңіріне бағышталған болатын. Бұл өзі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына орайлас өткізілген үрдіс болды. Бастауыш сыныптың мұғалімі Райхан Наурызбайқызы Түменбаева сынып сағатында бір сүйем артық-ауыс сөз сөйлеген жоқ. Балалар ұстаздың берген тапсырмасын аса бір зейінмен тыңдап, жергілікті ақын ағаларының Құлан жайлы жазған өлеңдерін жатқа оқып қана қоймай туған өлке тарихын өздерінің қал- қадірінше түсінетінін білдірді. Бұл сабақта ұстаздан гөрі шәкірттер көп жауаптасты. Ауданымыздың мектептерінен семинар-сабаққа келген бастауыш сынып мұғалімдері тәлімгердің іс-тәжірибесімен жете танысып, оның шеберлігіне тәнті болысты.
Ширек ғасыр бойы шәкірттерге сапалы білім, саналы тәрбие беріп келе жатқан тәлімгер-ұстаздың еңбегі де ескерусіз қалмапты. Оған берілген марапаттардың ішінде Білім және ғылым министрінің, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының, облыстық білім басқармасының Құрмет грамоталары және Алғыс хаттары бар. Ол сонымен қатар, облыстық, аудандық «Ең үздік авторлық еңбек» байқауының жеңімпазы. Оның Ерзат, Гүлзат, Әзілхан есімді шәкірттері облыстық балғын зерттеушілер байқауы мен пән олимпиадаларының жүлдегерлері.
Осы жолы тәжірибелі ұстаздың еңбегіне аудандық білім бөлімінің әдіскері Г.Жұматаева, мектеп директорының ғылыми-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Б.Мырзалиевалар оң бағасын берді. Оқушылар білікті ұстазды 25 жылдық қажымас еңбегіне ризашылықтарын білдіріп, өлең оқып, оны гүлге орады.
С.ҚОЖЕКЕ.
Суреттерде: Қ.Сұлтанбеков мектебінде өткен сынып сағатында; Бастауыш сынып мұғалімі Райхан Түменбаева.
№34 Сазды кеш
«Сударушка» салған әндер-ай!..
Аудан жұртшылығын ұзақ жылдан бері әсем әндерімен қуантып келе жатқан өнерпаздардың бірі – «Сударушка» фольклорлық ансамблі. Расымен де ансамбль мүшелерінің құрылғанына биыл – 20 жыл толып отыр. «Сударушка» қай кезде болмасын, биік деңгейде өнер көрсетеді. Сондықтан болар, кез келген ілкімді іс-шараларда, аудан орталығында өтетін дәстүрлі мерекелерде «Сударушканың» әндері шырқалады.
Өткен жұмада Любовь Левицкая жетекшілік жасайтын «Сударушка» фольклорлық ансамблі аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде патша көңілді көрерменмен қауышып, 20 жылдық мерейтойлық-есепті концерттерін өткізді. Концерт ерекше сипатта өтті. Мұның бәрі біріншіден, ансамбль мүшелерінің ұйымшылдығының арқасы болса, екіншіден, өнерпаздардың әнге деген талғамының жоғары екендігін айғақтайды. Шығармашылық кеш 2 сағатқа созылды. Концертте отансүйгіштікке баулитын рухты әндермен қоса, заманауи тұрғыда өңделген есті туындылар да шырқалды. Осылайша, ансамбл мүшелерінің орындауындағы әрбір әндерге залда отырған тыңдарман қауым ізгі қошаметін білдіріп, қол соғып отырды. Өнер өлкесінде жүрген өнерпаздар үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә. Кеш соңында аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов ансамбльдің ең алғашқы кездегі көрсеткен өнерлері әлі күнге дейін есінен шықпайтынын айтып, өткеннің өнегелі сәттерімен бөлісті. Ал, аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ләззат Өтеулиева болса, ансамбль мүшелерінің әрқайсысын алғыс хат пен марапаттап, өнерлі ұжымға шығармашылық табыс тіледі.
Марат ДИХАНБАЙ.07.11.2017
№ 33 Тұрар Рысқұлов аудандық сотында «Рухани жаңғыру: Сот жүйесінің дамуы – ел назарында» тақырыбына дөңгелек үстел өткізілді.
№ 32 Өнерліге әрқашанда өріс кең
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ. Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті дей келе, Туған жерге деген сүйіспеншіліктің маңызы мен мазмұнын тарқатып айтқан болатын. Негізінен, мақалада ел руханиятының дамуына серпін бебер көптеген тағылымды ойлар сипатталады. Соның бірегейі – дәл осы «Туған жер» бағдарламасы. Мұндай шешім білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейтінін жеткізген Ұлт көшбасшысы «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынын және бір нысанаға алып ескерткен еді. Рухани жаңғыру қалай жарық көрді, содан бері аудан әкімдігінің білім бөлімі мақалада ұсынылған барлық бағыт бойынша түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Сондай ілкімді іс-шараның бірі –«Рухани жаңғырудың жарқын жолы» атты дарынды оқушылардың шығармашылық автокеруені.
Біздің мұндағы көздеген мақсатымыз – өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштікті, еңбекқорлықты және жалпыадамзаттық құндылықтар мен терең көзқарастарды сіңіру арқылы ата-аналарға кең ауқымда атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау. Бірден айта кеткеніміз абзал, аталмыш автокеруен әр аймаққа бөлініп, ең алдымен ауылдық деңгейде ұйымдастырылды. Яғни олар: Ақыртөбе, Көгершін, Қорағаты, Қарақыстақ аймағы деп аталды.
Жуырда «Рухани жаңғырудың жарқы жолы» атты дарынды оқушылардың шығармашылық концерті аудандық мәдениет үйінде болып өтті.Жасыратыны жоқ, тағылымды концерт жиналған қауымға ерекше жылылық сыйлады. Бір сөзбен айтқанда, шығармашылық кеш жоғары нотада өрбіді. Ұлттық салт-дәстүрлерімізге жататын қолөнер шеберлерінің озық үлгісінен өзге, дарынды оқушылар би билеп, күмбірлеген күй тартып, дәстүрлі ән де шырқады. Әсіресе, Мұқан Төлебаев атындағы балалар музыка мектебінің Домбырашылар ансамблінің орындауындағы «Күй сайыс» көпшілігіміздің көңілімізге ой салды. Өнер мектебінен дәріс алатын Динара Оразалының орындауындағы Кенен Әзірбаевтың «Ой жайлауы» да тіпті тамаша шықты. Өзінің асқақ дауысымен халық әні «Ақсұратты» шырқаған Жансая Сәрсенбаеваның да өнері жиылған жұрттың жүрегінен орын ала білді. Мерекелік концерттің соңында сөз сөйлеген аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Ербол Әбутәліпов осы бір ілкімді шараға атсалысқан өнерпаз оқушыларға алғыс айта отырып, мұндай шығармашылық автокеруен жұмыстарын ұйымдастыру мектеп оқушылары арасында зияткер тұлғаны тәрбиелеуге, сондай-ақ, өскелең ұрпақ санасына рухани, патриоттық-этномәдени құндылықтарды сіңіруге барынша ықпал ететін жеткізді.
Бауыржан Самылтыров,
аудандық білім бөлімінің әдіскері
№ 31 Атымтай жомарт азаматтарға арналды
Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласын халқымыздың рухын жаңғыртып, болашағына бағыт-бағдар беретін өмірлік мәні бар құнды құжат деп білген жөн. Аталған мақаланы ел-елде, жер-жерде халыққа кеңінен насихаттап отырудың маңызы зор. Сонымен қатар, сол елдегі халқының қамын ойлап, қам жасап, ел-жұртының жақсы өмір сүруіне сүбелі үлес қосқан атымтай жомарт азаматтарын ұлықтаудың да артықтығы жоқ.
Міне, осындай маңызы үлкен, ілкімді шаралардың бірі сейсенбі күні аудандық мәдениет үйінде өрбіді. Елбасы мақаласына орайластырып қолға алынған акцияның атауы «Туған жерге туыңды тік» деп аталады. Қазақстан халықтарының Ассамблеясы хатшылығының Жамбыл облысы бойынша бас инспекторы Жеңіс Сариев келген акцияға аудан әкімі Асқар Қырықбаев бастаған аудан активі мен жергілікті тұрғындар, атымтай жомарт азаматтар қатысты. Аудан басшысы өз сөзінде ауданның әлеуметтік-экономикалық өсіп-өркендеуіне атсалысып жүрген бір топ атымтай жомарт азаматтарға алғысын білдіріп, «Алғыс хатымен» марапаттады. Акция барысында туған жер, туған өлкенің қадір-қасиетін өлеңіне арқау етіп, өндіре жазып жүрген ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуандық Шолақ, кәсіпкер Қоныс Сағынбеков пен қажы Әпжапар Акимовтар сахна төрінде тұрып, ел үшін еңбек етудің жарқын үлгісін жүрекжарды сөздерімен білдірді. Ал, олардың ерен еңбектері LED экран арқылы көрсетіліп тұрды. Аудандық Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйі өнерпаздарының патриоттық әндерімен өрілген акцияға қатысушылар елге, туған жерге деген іңкәрлік сезіммен, ерекше көңіл-күймен тарқасты.
Мереке СЕЙДАШЫМ. 03.11.2017 жыл
№30 Халықтық атағы бар 6 ҰЖЫМ БАҚ СЫНАУДА
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында облыстық Халық шығармашылық орталығы халықтық атағы бар театрлар арасында «Театр – KZ» деп аталатын байқау ұйымдастырып отыр. Байқаудың мақсаты -облыс аумағындағы халықтық атаққа ие 6 театр ұжымдарының шығармашылық әлеуетін арттырып, актерлардың тәжірибесін ілгері жетілдіру.
Қазақстанның Халық әртісі, Еңбек Ері, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовтың 80 жылдық мерейлі жасына орай ұйымдастырылып отырған байқауда аудан атынан Басқар Битанов атындағы халықтық драма театры бақ сынауда. Өткен аптада М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университеті «Мәдени және әлеуметтік қызмет» кафедрасының аға оқытушысы, ҚР мәдениет қайраткері Ерлан Әуесбаев бастаған қазылар алқасының мүшелері елімізге белгілі сатириктің есімін еншілеген өнер ұжымының «Ажал мен Ажар» атты спектаклін тамашалап, өз пікірлерін білдірді. Қазылардың пікірінше, кезінде театр сыншыларынан тиісті бағасын алған Сәкен Жүнісовтың қоғамға ой саларлық осынау пьесасын Басқар Битанов атындағы халықтық театр өз дәрежесінде көрсетті. Актерлік құрам жақсы таңдалған. Спектакльдің де өн бойында жан дүниені шымырлатар сөздер өте көп. Алайда, қойылым барысында актерлардың сөйлеген сөздерінен кемшіліктер орын алды дегенге саяды. Айта кетейік, бірақ бұл қорытынды сөз емес. Оның нәтижесі жоғарыда сөз еткеніміздей, 6 театрдың өнерлерін көріп болған соң ғана белгілі болмақ.
Марат Жолдасбекұлы.
№29 Сазгерде жан жетеме ЖАҢБЫРШЫҒА…
Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты Халық шығармашылығы орталығы тарапынан жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі байқау бар. Ол -«Ең үздік ауылдық мәдениет үйі» деп аталады. Бұл байқауды өткізудегі басты мақсат – әр аудандағы мәдени ошақтардың кескін-келбетін айшықтап, материалдық-техникалық базасының нығайуына тамшыдай болса да ықпал жасау. Сондай-ақ, жаңа идеялар мен инновациялық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы клуб қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін анықтау болып табылады.
Қателеспесек, осыдан 2 жыл бұрын бұл байқауға Берік Тауасаров жетекшілік ететін Көкдөнен ауылдық мәдениет үйінің қызметкерлері қатысқан болатын. Дегенмен, ол кезде қойылған тақырып та, өрбіген сценарий де мүлде өзгеше еді. Ұмытпасам, «Көкдөненнен шыққан таланттар» ғой деймін. Әйтеуір, бір деммен ұйып отырып тамашалағанымыз әліесімде. «Құласаң нардан құла» деген дана халқымыздың өсиетін ұстанған өнер ұжымы араға екі жыл салып тағы да аталмыш додада бақ сынауды жөн деп тапқан екен.
Адалын айтайық, дәл осы өнер ордасы ауданымыздағы ең көрікті мәдени ошақтың санатына кіреді. Мұндағы көрермендер отыратын залдың кеңдігі өз алдына, сахнаның безендірілуі тіпті керемет. Одан өзге, жасөскіндердің талабын шыңдау мақсатында ашылған әр түрлі бағыттағы үйірме жетекшілеріне де барлық жағдай жасалған.
Қош. Сонымен, Көкдөненде өткен «Ең үздік ауылдық мәдениет үйі – 2017» байқауында білікті музыкант Берік Тауасаров жергілікті әуесқой композитор Жаңбыршы Үсейіновтың шығармашылығына арнап тағылымды кеш ұйымдастырды. Сөйтіп, бір жағынан, асыл аға құрметіне деген сағыныш отын әнмен маздатып, композитор туындыларын өскелең ұрпаққа насихаттауды өзіне жүктелген парыз ретінде қарастырған.
Ең алғашқылардың бірі болып сахнаға шыққан Қайрат Байсариевтің орындауындағы «Арнау өлеңге» қол соқпаған жан баласы жоқ шығар, сірә. Одан кейін Жаңбыршы ағамыздың «Сарбаздар» әнін нақышына келтіріп айтқан Аят Жаңбырбай мен «Соғыстан қайтқан әкелер» әнін асқақдаусымен әуелете шырқаған республикалық «Ғұмырдария» байқауының жүлдегері Шұғыла Мақұлбайдың көрсеткен өнеріне жиналған көпшілік дән риза болды. Ұлнұр Көпбаевадан тәлім алатын «Іңкәр» бишілер тобының арулары да мың бұралған билерімен байқауға тамаша көрік қоса білді. Фольклорлық топтың да әнін көрермен қауым жылы қабылдады. Жаңбыршы Үсейіновтың ақындық қырын танытатын «Ауылым алтын бесігім» атты поэмасын Қ.Сұлтанбеков атындағы шағын орталықты орта мектебінің оқушылары мәнерлеп оқып шықты. Осылайша, Жаңбыршы ағаның рухына арналған шығармашылық кеш өте әсерлі өтті. Ал, байқау қорытындысы жыл соңында жарияланып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы мақтау қағаздарымен қоса, бағалы сыйлықтар табыс етілетін болады.
Марат Диханбай. 31.10.2017 жыл
№ 28 Бір сәби – бір ағаш
Туған жер – алтын бесігің, Отаның. Ықылым заманнан жаны табиғатпен тамырлас ата-бабаларымыз туған жерге ерекше сүйіспеншілікпен қарап, ұрпағына табиғатты аялау, бір тал кессең, он тал отырғызу жөнінде ұлағатты өсиет сөзін қалдырып отырған. Осы ұлттық кодымызды сақтап, дамытып, санамызды рухани жаңғырту жөнінде болашаққа бағдар беретін мақаласы арқылы кеменгерлік сөзін арнады Елбасы халқына.
Бүгінгі таңда міне, осы рухани жаңғыру аясында көптеген игілікті іс-шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда.
Өткен сенбі күні Луговой ауылындағы М.Горький атындағы орта мектеп жанынан елді мекенді жасыл желекке айналдыру мақсатында арнайы бөлінген жерге “Бір сәби – бір ағаш” жобасы бойынша ағаш отырғызу акциясы өткізілді.
Қазан айы басталғалы ауданда 66 сәби дүние есігін ашыпты. Осыған орай “Ағаш бұтақтарындай жайқалып өсіп өнсін” деген ниетпен өткізілген шараны ауыл әкімі Мұрат Сванов кіріспе сөз сөйлеп ашты.
Ауыл тұрғындары және жаңадан туылған сәбилердің әке-шешелері мен ата-әжелеріне аудан әкімінің орынбасары Бейсенбек Әлпейісов құттықтау сөзін арнады.
Сондай-ақ, жас туылған нәресте әжесі Гүлсім Найзабекова өткізіліп отырған шараның мәні мен маңызына тоқталып, жүрек тебірентерлік сөз сөйледі. Жасыл шырша алуға демеушілік көрсеткен орман шаруашылығының басшысы Қайрат Өзбековке аналық алғысын білдірді.
Бұдан соң болашақ демалыс орнында жасыл шыршалар бой көтерді.
Т.Жаманбаев.01.11.2017жыл
№27 Туған жердей жер болмас
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» деген бағзыдан жеткен тәмсіл бар. Иә, кім-кімге болса да туып-өскен өлкесі өзгеше ыстық болатыны бесенеден белгілі. «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп туған жердің қадір-қасиетін ұрпағына ұлағат еткен ата-бабаларымыздың туған елге, жерге, Отанға қатысты айтқан нақыл сөздері аз емес. Соның қай-қайсысында болмасын аса бір дәлдікпен, дәйектілікпен айтылған фәлсапалық ой жатыр. Осының барлығын жиынтықтай келгенде туған жердің топырағы сені жіпсіз байлап, өзіне әлде бір тартылыс күші арқылы тартып тұратынын аңғарасыз. Оны әсіресе, өсіп-өнген өлкеңнен жырақ кетіп, жерді аңсап, елді сағынғанда анық сезінесің. Ауылыңның ақыр аяғы аяқтың астында оратылып, шашылып жатқан қиыршық тасына дейін ыстық көрініп, әр ағашын, әр төбесін киелі көріп, ауылға жеткенше асығасың. Өйткені, онда сенің балалық шағың өтті, ауасын жұттың, топырағында аунадың. Сонда өсіп, кіндігің туған жермен байланды. Рухани жетіліп, тұлғалық келбетің айшықталды. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында жан-жақты баяндайды. «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деп толғанады. Оның туған жер турасындағы осы толғамды ойлары жігеріңді жанып, еліңді, жеріңді жете тануға жетелейді. Соны оймен қалам алып, ел арасында түрлі қауесет тарап, түрліше түсінік қалыптасып, біреуі ақтап, біреуі даттап, енді бірі әулиелі жер санап, кие тұтқан «Топағаш» жөнінде аз-кем әңгімелеуді жөн санап отырмыз. Сөзіміз дәйекті болуы үшін діттеген жерге арнайы сапарлап қайтқан жайымыз бар. Оған тоқталмас бұрын бірер жыл артқа шегініс жасап, өткенді ой елегінен тағы бір өткізіп көрейік.
№26 Тылсымға толы ТОПАҒАШ
Біз осыдан үш жыл бұрын да ел «Әулие Топағаш» атап кеткен киелі жерге табан тіреген едік. Ақыртөбе аймағын аралап, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігін мақаламызға арқау ету мақсатымен барған бізге жергілікті жұрт киелі мекенді көруге кеңес берді. Халық қызықтырып қойған соң келіп тұрып көрмей кетуге дәтіміз шыдамады. Ақыртөбе ауылының төменгі жағында, шамамен 10 шақырымдай жерде орналасқан алақандай ғана орманды алқаптың тарихы қызықтырды. Жұрт нұсқаған жолға түсіп, баспагеріміз Санат Әлібаев тізгіндеген көлікпен Топағашты бетке алдық. Тақтайдай түзу асфальт жол түгесілер тұста қиыс кетіп, шаңдақ жолмен ұзақ жүрдік. Анығында адастық. Көрмеген жердің ой-шұқыры көп емес пе, бұрын барып көрмеген соң адасуымыз заңды еді. Алайда, ол кезде әулиелі жерге арнайы ниет қылып, тәу етіп шықпағаннан кейін адасып келеміз деп топшыладық. Не керек, иен далада иесіз жатқан аралдай болып көрінген мекенге әупіріммен жеттік- ау, әйтеуір Шырақшысы жоқ екен: «жұмыстарымен қалаға кеткен» деді барған бетте бізді қарсы алған, өзін Айгүл деп таныстырған орта бойлы келіншек. Қарағанды қаласындағы туристік компаниялардың бірінде жұмыс істейтінін айтқан оның мұнда келгеніне бір жетінің жүзі болыпты. Дегенмен, сөз ауанына қарасаң осы өлкенің байырғы тұрғыны секілді. Топағаштың тарихын тереңнен тартып, бізге таныстырып келеді. Тіпті, бірнеше дәуірді көзімен көрген «тірі» тарих дерсің. Сонау 1300-1400 жылдардан бергі өмірді тарқатып, тыңдаушыны сендіре сөйлейді. Елді еліктіріп әкету туристтік компания өкілдерінің нан тауып жер кәсібі екенін ескеріп, үнсіз тыңдап, соңына ілестік. Айналасы сүт пісірім уақытта әулиелі жерді түгел аралап, танысып шықтық. Сондағы Домалақ ананың құдығынан су ішіп, шөл қандырып, тыныстап алдық.
Айгүлдің айтқандарына сенсек, мұнда Қазақстанның түпкір-түпкірінен бөлек, алыс- жақын шет елдерден де ем іздеп келетіндер көп екен.
Қош, сонымен араға үш жыл салып Топағашқа тағы да жол түсті. Бұл жолы да қызмет бабымен барып, ондағы өмірге ой көзімен қарауға тырыстық. Ақыртөбе ауылдық округі әкімдігінің Жеңіс есімді қызметкерін қасыма ертіп, түс әлетінде жетіп алдық. Айнала тегіс мүлгіген тыныштық. Тылсымға толы мекен екені даусыз. Әйтеуір, күнделікті қарбалас тіршіліктен ада, жаның рахаттанатын өзгешелігі бар. Соның сырын білгім келіп, шырақшы Ғалымжан Ұзақбаевты сөзге тарттым.
– Алғаш мұнда 2002 жылы қарашай ұлтының өкілі Сатан Газиева апамызбен бірге келіп, осында құран оқып жүрдім. Келген сайын тылсымға толы киелі жердің тартылыс күшінен қуат алып, тынығып, сергіп қайтушы едік. Осылай жылдар жылжып, күндер өтіп жатты. Ал, 2005 жылы түсімде маған Домалақ ана аян беріп, Топағаштың басына үй салып, киелі мекенді қолға ал деді.
– Домалақ ананың бұл жермен байланысы бар ма, – дедім осы тұста әңгімемізді ширата түсу үшін шырақшының сөзін бөліп. Әйтпесе, Айгүлден естігендерім жадымда сайрап тұр.
– Болғанда қандай, бұл жер Домалақ ананың туып-өскен жері ғой, – деп Топағаштың тарихы жазылған бір жапырақ қағазды қолыма ұстатты.
Ондағы деректерге сүйенсек, Мақтым Ағзам Қожаның немересі Нұрила-Домалақ ана 1378 жылдар шамасында дүниеге келген екен. «Домалақ ана дүниеге келген кезде осы қасиетті жерге Жаратқанның нұры жауып тұрғанын көрген Мақтым Ағзам немересінің есімін Нұрила деп қояды. «Нұр» – Алланың нұры, ал, «ила» Жаратқанның 99 есімінің бірі» делінген деректе.
«Нұрила анамыз 13 жасқа келгенде түсінде «Кім бірінші білегіңнен ұстаса, сол адамға тұрмысқа шығасың» деген аян алады. Өзі хан, өзі би, өзі батыр Бәйдібек бабамыздың сол кезде 63 жасқа келіп қалған кезі болса керек. Бір топ нөкерімен құдықтан су ішуге келген Бәйдібек бабаға су алып бермек болған 13 жастағы талдырмаш қыз абайсызда құдыққа құлап кете жаздайды. Оны құтқармақ болған Бәйдібек батыр Нұрила қыздың білегінен ұстап, құдықтан шығарып алады. «Сен менің енді олжам болдың ғой» деген батырға: «Мен оны сізден бұрын білгенмін» деп жауап қатқан Домалақ ана Бәйдібектің некелі бесінші әйелі болып тұрмысқа шығады. Баласы Жарықшақ бабамыз осы топағаш мекенінде өмірге келген екен» дейді қолдағы дереккөз. Енді Қазақ Энциклопедиясына сілтеме жасаған Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәліметті қаз-қалпында сөйлетсек. «Шын есімі Нұрила – есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі. Түркістандық Мақтым Ағзам қожаның немересі. Ол 1378 жылы Түркістан қаласында өмірге келген. Атасы Мақтым Ағзамның өсиетімен Домалақ ана он тоғыз жасында (1397) Бәйдібек биге тұрмысқа шығады. Ел ішіндегі деректерге қарағанда, оған «Дихнат мама» деген атауды түп тегі түрікпен Қара Хайдар деген кісі қойған. «Дихнат мама» – парсы сөзі. Қазақ тілінде «Әулие ана» деген мағына береді. «Дихнат мама» сөзі уақыт өте келе дыбыстық өзгерістерге ұшырап, «Домалақ анаға» айналған. Одан тараған ұрпақтарының бәрі де білімімен, ақылымен ерекшеленіп, ел билеген. Жарықшақ деген ұлы Жетісу өлкесінің ұлысбегі болған. 1429 жылы Уәйіс хан қайтыс болып, әке тағына ұлы Есенбұға отырады. Сол күннен бастап Жарықшақ Есенбұға ханның бас уәзірі болады». Екі деректі салыстырсақ, көптеген айырмашылықты байқауға болады. Десек те, біздің мақсат деректердің қайшылығын талдау емес, киелі жердің қасиеті жөнінде болғандықтан әңгімемізді әрі қарай өрбітейік.
топағаштағы талдардың екі-үшеуден топтасып өскені өз алдына бір талдан үш түрлі талдың жапырағы өсіп тұрғаны да еріксіз таңдай қаққызады. Кәдуілгі сәмбі, қайың, терек ағаштарының жапырақтары бір талдың бойында көктеп тұр. Ешкім келіп арнайы будандастырмағаны белгілі. Тағы бір ерекшелік, әлгі талдар белгілі бір мөлшерде шырын бөліп тұрады. Шырақшының айтуынша, әр талдың шырыны әр түрлі ауруға ем екен. Медицина емін таппай, ауырып келген емделушілердің барлығы осы мекеннен құлан таза айығып, қатарға қосылған көрінеді. Бұл жердің ауасы, суы, топырағына дейін ем.
– Аққанмен ауырғандар жазылып, бала көтере алмағандар көтеріп, көзі көрмегендер көріп кетті, – дейді шырақшы Ғалымжан Әбитұлы. – Ауырып келген кез-келген адам осында қонып, түсінде аян алады. Қанша күн белгіленсе сонша күн жатады. Мына тұрған тұрғынжайлардың барлығын Домалақ ананың аянымен өз қаражатыма салып, емделушілерге тегін беріп отырмын.
Шырақшының жол бастауымен киелі мекенді екінші мәрте көріп шықтым. Үш жылда біраз өзгерістер орын алыпты. Домалақ ана су алған құдықтың қасынан екі құдық қазылыпты. «Олардың да емдік қасиеті бар» деді шырақшы. Үш жүздің ағашы саналатын жеке-дара орналасқан үш ағаштың айналасы тапталып, сүрлеу жолға айналған. Келушілер тәу етіп, ағаштарды айнала зікір ететін болса керек деп ой түйдік. Бұрын көзіміз шалмаған өзгешеліктердің бірі деп түйенің екі өркешіндей қаз-қатар үйіліп жатқан екі төбешік топырақты айтуға болады. Оның біреуі ерлерді, біреуі нәзік жандарды емдейтін қасиетке ие екен. Ол аз десеңіз осындағы ретсіз, шашырай жатқан қой тастар да емдік орындарға айналған. Осыдан кейін бұл ара «бизнес орталығы» болып кеткендей көрінді бізге. Ойымызды ірікпей, шырақшыдан сұрап көрдік. «Ақша алмаймын» дейді. Рас шығар, ары қарай қазбалағанымыз жоқ. Ал, ем қону жағын Құмарық ауылының тұрғыны Болатбек Жолдыбаев есімді азаматтан сұрап білдік. Екеуара диалог төмендегідей өрбіді.
КИЕЛІ ЖЕРДІҢ ҚАСИЕТІНЕ СЕНЕМІН
– Әйелім белінен тұра алмай үш жылдай ауырды. Жылына екі-үш мәрте ауруханаға апардым. Шамамен 150-160 мыңға дәрі-дәрмек жазып береді. Ең арзаны 17-18 мың теңге тұрады. Қалай дәрінің күші кетеді, жұбайым қайта ауыра бастайды. Сосын елдерден сұрастыра келе Топағашқа барамыз деп шештік. Сенесің бе, әйелімді көлікке көтеріп мінгіздім. Өйткені, өз аяғынан тұра алмай қалған болатын. Топағашқа қонған күннің ертесіне ұйқыдан тұрсам, орнынан тұра алмай келген әйелім өз аяғымен жүріп жүр. Сол күннен бастап киелі жердің қасиетіне сенемін. Ол ақпан айының аяқталар тұсы еді. Міне, сегіз айдан асып барады, жағдайы жақсы.
– Бір күннің ішінде емделіп кетті ме сонда?
– Жоқ әрине, Топағашқа қонған күннің ертеңіне Ғалымжан аға түсінде аян берілгенін айтып, ешкі союым керектігін жеткізді. Ешкіні әкелуін әкелдім, бірақ сондағы мал союшы ағамыз ешкіні байқамай жалпы әулетімізге арнап сойып қойыпты.
– Құрбандық жарамай қалды ма сонда?
– Иә, жарамай қалды. Сол күннің ертеңіне шырақшы ағамыз тағы да аян алыпты. Бұл жолы тоқты әкелуім керек болды. Ешкі әйелімнің ауыртпалығын көтере алмайды екен. Ұзын сөздің қысқасы тоғыз күн Топағашта, үш күн үйде жүріп үш мәрте барып-қайтты. Қазір толық сауығып кетті.
Көрдіңіз бе, адам сенгісіз жағдай емес пе? Медицина дәрменсіз болған ауру түрлерін жазып жатқан қандай күш? Бұл жайт мені одан сайын қызықтыра түсті. Сансыз сұрақтың жауабын іздеп аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Раушан Жұманқұловаға хабарластым.
ТЫЛСЫМ КҮШКЕ СЕНЕТІНДЕР КӨП
– Біздің қоғамда тылсым күштерге, бақсы-балгерлер мен тәуіптерге сенетіндер көп. Өзім сене бермеймін. Біз ұзақ жылдар зерттеліп, ғылыми дәлелденген тұжырымдарға сүйеніп емдейміз. Алдымен диагнозын анықтап, соған сәйкес тиісті шешім қабылдаймыз. Ал, олар қорықпайды. Еш негізсіз алдына келген адамды қалай емдейді, түсінбеймін. Адамдар көбіне солардың жетегінде кетіп, уақыт өткізіп барып бізге келеді. Аяғында біз кінәлі болып шығамыз. Дәрігердің көмегінсіз емделемін деген адам –өзіне өзі жау. Бітті, басқа ештеңе емес. Өз денсаулығына өзі немқұрайлы қараған адамды басқаша қалай айтуға болады?..
– Алайда, Топағашқа барып толықтай айығып шығып жатқандар бар екен?
– Бар болса бар шығар, бірақ түптің-түбінде ауруы қайта қозады. Менің бір білетінім, адам сеніммен өмір сүреді. Осы жерден емделемін деп сеніп барып, сол сенімінің арқасында ауруынан уақытша айығады. Бары сол.
– Сонда адамдар неге медицинаға емес, көбіне көп тылсым күшке сенеді деп ойлайсыз?
– Кім білсін, мен бұл жердеөз әріптестерімді жақтап немесе ақтап отырғаным жоқ. Кемшілік бізден де кетеді. Десек те, бәрін бірдей білімсіз деп көпке топырақ шашуға болмайды. Ішінара орын алатын келеңсіздіктерді ұлғайтып, түймедейді түйедей етіп көретініміз рас қой. Бәлкім, соның салдары шығар?
Ең қызығы бұндай тылсым күштердің барына дін өкілдері де сенімсіздікпен қарайды. Олар қандай да бір тылсымға немесе әруаққа, бақсы-балгерге сенім артуы – Жаратқанға серік қосып, күнәһар болу деп кесіп айтады. Осы мақаланы дайындау барысында пікірін білмек болып аудандық орталық мешіттің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Жадыраевқа телефон соғып, мән-жайды айта бастағаным сол еді, бұл мәселені талқылау былай тұрсын пікір білдірудің өзі артық екенін жеткізді. «Адам баласы, оның ішінде пайғамбарымыздың үмбеті үшін Жаратқанға сеніп, Жаратқаннан жәрдем тілеу парыз. Аян тек Алладан ғана келеді. Өзгесі бос әурешілік» деп қысқа қайырды.
ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫН ҚАЖЕТ ЕТЕДІ
Киелі жердің тарихы Жоңғар шапқыншылығымен сабақтасып, тереңдей түседі. Топағаштың маңындағы Сұмқайтты жерінде қазақтың үш жүзі бірігіп жоңғардың қалың әскеріне қарсы тұрып, жеңіске жеткені тарихтан белгілі. Міне, осы шайқаста қаза тапқан қазақ батырлары Топағашта немесе осы «Әбілқайыр» даласында жерленген болуы әбден мүмкін. Оған жоғарыда айтқан қой тастар дәлел бола алады. Ел тағдыры мен жер тағдыры сынға түскен соғыста шейіт болған батырлардың басына белгі ретінде қойылған тастар десек, ақиқаттан алыс кетпейтін шығармыз. Әйтпесе, иен жазық далада әлгі тастар қайдан жүр. Осы ойды тарихшы, археолог, тарих ғылымдарының магистрі, облыстық тарихи-өлкетану музейінде көрме залының меңгерушісі Сауран Қалиұлы қуаттай түсті. Демек, ол тастарды қасиетті санап, табыну әбестік секілді. Топағаш мекені орыс зерттеушісі В.А.Каллаурдың еңбектерінде жазылған. Ол 1987-88 жылдары жүргізген зерттеулерінде топағаш мекенін осындағы жергілікті тұрғындардың ақпаратына сүйеніп «Мың мола мекені» деп атаған. Халық оны бекерден бекер «Мың мола» атамаса керек-ті. Осыған қарап, мұнда қазақ батырлары жерленген деген тұжырымды негізге алуға болады. Бірақ, нақты кімдердің жерленгені ғылыми тұрғыда дәлелденген жоқ. Сондықтан да оны тарихи-мәдени орындарға жатқыза алмаймыз. Десек те, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ол жерге зерттеу жұмыстары жүргізілуі мүмкін. Егер де топағаш мекені келешекте толықтай зерттеліп жатса Жамбыл облысының туристік бағыттарына қосып, тарихи ескерткіштер қатарына жатқызар едік. Ал, қазіргі таңда ол мекен ғылыми немесе медициналық түрде зерттелген жоқ. Сол себепті де Топағаштан ем іздегендерді түсіну қиын. Бәлкім, ауруы жанына батқандықтан соқыр сенім жетегімен ем іздеп келіп жатқан болар» дейді Сауран Қалиев.
ТІЛШІ ТҮЙІНІ: Мақала бір жақты жазылмас үшін төрт тараптың сөзін түгел қамтуға тырыстық. Алайда, шырақшының сөзі мен қалған тараптардың сөзі өзара қабыспай жатты. Әрқайсысы өз саласына қарай ой өрбітіп, өз биігінде жауап берді. Анау дұрыс айтады, мынау бұрыс айтады деуден аулақпыз. Көзі қарақты оқырман өзі таразылай жатар. Бір білеріміз елімізді былай қойғанда киелі Құлан өңірінің өзінде зерттелген, зерттелмеген, зерттеуді қажет ететін тарихи-мәдени орындар жеткілікті. Олар аңыз әңгімеге құрылған ба, тарихи өзегі, ғылыми негізі бар ма, маңызды емес. Маңыздысы Елбасының мақаласында айтылғандай сапасы қандай болса да қолда бар деректерді кейінгі ұрпақ біліп өсуі тиіс. Ал, оның ақиқатын аршып алу содан кейінгі шаруа. Біз осы мақсатпен алдағы уақыттарда газет бетінде туған өлкеге қатысты тарихи деректер мен аңыз әңгімелерді жиі–жиі жариялап тұруды қолға алдық. Бүгінгі әңгіме соның бастау бұлағы, тақырыптың тұздығы дер едім.
Мереке ЕРЖАНҰЛЫ.
№ 25 ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ұлт қазынасы
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын ілгерілету бойынша өткен аптада бекітілген желілік кестеге сәйкес төмендегідей іс-шаралар болып өтті:
Тәрбие және білім бағыты бойынша 17 қазан күні «Сұлутөр» кинотеатрында «Ұлттық тәрбие – ұлт қазынасы» тақырыбында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н.Жамалбеков пен жастар ресурстық орталығының директоры М.Заурбеков аудан жастарымен кездесті. Кездесуде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы әңгіменің өзегіне айналды.
Дәл осы күні «Атамекен» бағдарламасы бойынша аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалының бірінші орынбасары Қ.Арыстанбековтың қатысуымен «Ардагерлерді ардақтайық!» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.
Құмарық ауылында орналасқан Болтай батыр атындағы орта мектепте өткен «Шеберлер қалашығы» атты байқау да тәрбие және білім бағыты бойынша өрбіді. Байқауға аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Әбутәліпов арнайы қатысты.
«Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» Парламенттік тыңдаулар қорытындыларын қолдау бойынша әзірленген облыстық желілік кестеге сәйкес төмендегідей іс-шаралар ұйымдастырылды:
А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте «Заманауи қазақша әліпби» тақырыбында ауыл жастарының қатысуымен семинар-тренинг ұйымдастырылып, Елбасы бағдарламасының өзектілігі сөз болды.
А.Шынәсілов атындағы орта мектепте аудандық білім бөлімінің қызметкерлері «Жаңа әліпби» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесті.
Ақтоған орта мектебінде «Қазақ тілі латын әліпбиінде: тиімді тұстары» тақырыбында дебат ойындары ұйымдастырылды.
Дәл осындай дебат ойындары Октябрь шаруа орта мектебінде «Латын әліпбиіне көшу тиімділігі» тақырыбында ұйымдастырылып, Қарақат ауылының жастары қатысты.
Аудандық орталық кітапханада «Жаңа әліпбиге көшу – өркениеттік таңдау» тақырыбында дөңгелек үстел болып өтті. Оған аудандық Әділет басқармасының қызметкерлері қатысты.
«ҚҰЛАН ТАҢЫ» АҚПАРАТ.
№ 24 Ел мен Елбасы сенімін ақтау – жастардың басты міндеті
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мемлекеттік идеологияны анықтайтын, көпке түсінікті, рухани жаңғыртуға бағытталған құжат деп білемін. Мақалада көтерілген мәселелердің бірі – латын әліпбиіне көшу бірқатар шетелдік басылымдардың назарын аударуда. Оның әрбір сөйлемінде бүгініміз бен «Мәңгілік ел болуға» апаратын нақты жоспар, мақсат көрсетілген. Елімізде әлеуметтік-экономикалық, саяси реформалар жақсы жүзеге асуда. Ал, бұл мақаладағы рухани өрлеу, рухани жаңғыруды біздің дамуымыздың ең басты тұғырларының бірі деп есептеймін. Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Ал рухани жаңғыру мен жаңаруда жастардың алатын орны зор. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек.
«Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы – білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» -дейді Президентіміз. Бұл әрине, Елбасының жастарға үлкен үмітпен қарайтындығының айғағы. Сонымен бірге, бұл мақалада жаңа гуманитарлық білім жайлы да біраз сөз қозғалды. Білім – жастарымыздың бәсекеге қабілетті болудағы басты қаруы.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» жүйелі жұмыстар атқарып келеді. Мәселен, Қайыңды, Қорағаты, Құлан, Ақыртөбе, Тереңөзек, Абай ауылдық округтерінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Рухани жаңғыру – тәуелсіз мемлекеттің жаңа тынысы», «Рухани жаңғырумен жарқын болашаққа», «Туған жерге тағзым» тақырыптары аясында кездесулер, дөңгелек үстел, акциялар өткізілді.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы мен Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Құлан, Тереңөзек ауылдарында «Болашаққа бағдар!» атты облыстық ақпараттық автокеруен барлық санаттағы жастарға мемлекеттік бағдарламаларды қамтыған мәселелер бойынша қабылдаулар өткізді.
«Елiңнiң ұлы болсаң, елiңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың мемлекетiн нығайтып, көркейту жолында терiңдi төгiп еңбек ет. Жердiң де, елдiң де иесi екенiңдi ұмытпа», -дейдi Елбасы бiр сөзiнде. Ендеше, ел мен Елбасы сенімін ақтау – жастарға үлкен міндет, біз үшін үлкен абырой.
Мерей ЗАУРБЕКОВ,
аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры. 24.10.2017 жыл
№23 Рухани дәстүріміздің түп негізі
«Ұлы Даланың көзжеткізгісіз кеңбайтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани гоеграфиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген. Біз тарихымыздың осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз» дейді Елбасы. Сөйтеді де, Үкіметке нұсқау береді. Артынша Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің шешімімен ҚР Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» орталығы құрылды. Орталық «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша жалпы ұлттық макросакралды деңгейдегі және микросокралды жергілікті маңызы бар орындарды жіктеп, ұлттық комиссия шешімімен бекітіп беретін мекеме болып табылады.
Сонымен, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы 33 тарихи-мәдени ескерткіш ішінен ұлттық сарапшылар кеңесі 8 нысанды іріктеп алып, еліміздің жалпы ұлттық макросакралды 100 киелі нысандары тізіміне енгізді. Біздің облыстан жергілікті маңызы бар 21 нысан микросокралды тізімге жолданды. Ұсынылған нысандар тізімі бекітілмегендіктен орталыққа күні бүгінге дейін ұсыныстар жолдануда. Біздің ауданымыздан да дәл осындай комиссия құрылып, жұмыс істеуде.
Иә, Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы болып табылатынын ешқашан ұмытпауымыз керек. Киелі орындар географиясы дегенде жадымызға ортағасырлық тарихы бар киелі Құлан қаласы, жоңғар шапқыншылығынан сыр түйіп жатқан «Әбілхайыр» «Сұмқайтты» даласы, ондағы киелі «Топағаш», қалмақпен шешуші соғыстың куәсі болған «Ойранды» мен «Қарақыстақ» даласы, ондағы «Әулие бұлақ», «Әулие көл», тарихта өшпестей аты қалған Дулат баба, оның жаңадан салына бастаған кесенесі, сазгер Мельс Өзбековтің үш әніне арқау болған «Шал тауы» мен «Көгершін тау» және «Көкдөнен» даласы туралы трилогия-аңыз оралады. Жұрт осы орындардың барлығын ықылымнан бері кие тұтып, оларға зиярат етіп келеді.
Біз жұртшылықпен ақылдаса отырып жобаны әзірлеуіміз керек. Бұл жерде біз көңіл аударатын үш мәселе бар: бірінші мәдени-географиялық белдеулердің рөлі және оған енетін орындар туралы оқу-ағарту дайындығын жүргізіміз қажет. Екіншіден ақпараттық жобаны ойластырып, ішкі және сыртқы мәдени туризмге мән бере отырып, халқымыздың қастерлі мұраларына сүйенгеніміз жөн. Сонда ғана рухани дәстүрлерімізді сақтап қала аламыз.
Рүстем ҚЫРЫҚБАЕВ,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы. 20.10.2017 жыл
№22 ӨНЕРІ АСҚАН ЕЛІНДЕ…
Елбасының: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы сөз болады. «Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек. Осыған орай үш мәселені: бірінші, ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту».
Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепте кітапханашылар Күніне орай өткен кездесу осының айқын айғағы болады деп ойлаймыз.
Кездесуге Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Қуандық Шолақ пен Қазақстан Журналистер Одағы сыйлығының иегері, журналист, жазушы әрі ақын Сейсен Қожеке шақырылды. Ауданымыздың барлық мектептерінен кітапханашылар келген басқосуда аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ербол Абақұлы Әбутәліпов кіріспе сөз сөйлеп, Елбасы мақаласындағы тәрбиелік, тәлімдік мәні бар ой түбінде жатқан оябы бөлек пайымдарға тоқталып өтті.
Одан соң кешті жүргізушілер ақиық ақын Қуандық Шолақ ағамызға сөз берді. Ақын ағамыз жарық көрген он бір кітабының ішіндегі таңдамалы шығармаларының бірінші томын қолына алып тұрып, одан көкейге қонымды табиғат лирикаларын тамылжыта оқыды. Өзінің творчествосы жайлы пікір білдірген ақын-жазушылардың ойларын ортаға салды. Артынша сөз алған ағаның жерлес інісі Сейсен Қожеке: – «Ұлық болсаң-кішік бол» деген мақал бар. Көкеміз өзін кішірейтіп сөйлеп тұр. Әйтпесе, Қуандық аға табиғат тамыршысы, талантты ақын ғой. Оралхан Бөкей Шерхан Мұртаза ағасына: «Шер аға, сіз анау биік таудың басына шығып тұрыңызшы, біз көрінеміз бе ?» деген екен. Сол айтпақшы Қуандық ағаларың да ұлық ақын болса да кішірейгісі келіп тұрған сияқты маған. Егер Қуан аға «Поэзия» атты кеменің капитаны болса, біз осы «Өлең» атты өлкеге атымызды жаңа байлаған шайырмыз. Құстың қос қанаты бар сияқты поэзия мен прозаны
қатар алып келе жатқан жайымыз бар. Иә, қазір рухани тұрғыдан жаңғырмасақ көштен қалып қоямыз. Осы Құлан жерінде он жеті жыл тұрып, 1948 жылы Қарақат ауылына баратын күре жолдың бұрылысындағы бейітке жерленген қазақ әйелдерінің көсемі атанған, Коминтерн мүшесі Алма Оразбаеваны таптық. Сол өжет революционер, жалынды жастар жетекшісі болған аяулымызға белгі қойып, есімін аудан орталығындағы бір мектепке берсек, кейінгі ұрпақ оны мәңгі ұмытпас еді-ау. Иә, баспасөз беттерінде мәселе көтеріп жүріп, тау тұлға Дінмұхаммед Қонаевтың есімін Юбилейное ауылына бергіздік. Енді міне, жүз жаңа есімге лайықтап, ағамыз екеуімізді орталарыңызға шақырып отырсыздар. Оған да рахмет, – деп өзінің жүрекжарды лебізін білдірді. Содан соң желтоқсан көтерілісінің батыры Ләззат Асановаға арнап шығарған «Сүмбіле сұлу сұңқарым» атты тоғауын оқыды.
Оқушылар кеште ақын ағаларының өлеңдерін оқыды. Би билеп, ән орындады. Озат кітапханашыларға облыстық, аудандық білім басқармаларының грамоталары тапсырылды. Шынымды айтсам, бұл өзі бір көзәйім кеш болды. Кештен бойына рухани қуат, тәлімді әрі тәрбиелік сабақ алған шәкірттер ақын ағаларымен бірге ескерткіш суретке түсіп, қолтаңба алып жатты. Иә, бұл шынында да ғибратты кездесу болды. Кеш туралы телевизиялық деректі фильм түсірілуі де Елбасының мақаласындағы талғамға сай келеді деп айтқан жөн.
Шәрия АУҒАМБАЕВА, аудандық білім беру бөлімінің кітапхана бөлімінің әдіскері.
№21 Жаңғыру –жаңаруға жол бастайды
«Елу жылда ел жаңа…» дейді халқымыз. Расында да осы жылдар тізбегінде талай оқиғалар орын алып, кемінде екі ұрпақ алмасып үлгереді емес пе?.. Ал, жаңа ұрпақ жарқын істерге жол бастап, ел жаңарып, жаңғырып отырады. Міне, көзді ашып-жұмғанша Тәуелсіздіктің алғашқы ширек ғасырын артқа тастап, екіншісіне аяқ бастық. Енді бір жиырма бес жылда еліміздің рухани санасы жаңа сатыға көтеріліп, танымы, тұрмыс-салты жаңаша сипат алатыны ақиқат. Демек, біз жаңаруға бет түзеп келеміз. Ендеше, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын дер кезінде, дәл уақытында жарияланған тарихи құжат деп қабылдауымыз орынды. Мақаланы оқып, талқылап қана қоймай, онда айтылған орамды ойлардың жүзеге асуын ілгерілетіп, тың бастамаларды іске асыру міндеті баршамызға ортақ іс. Осы ортақ іске білек сыбана кіріскен аудан әкімдігіне қарасты мекеме қызметкерлері бекітілген желілік кестеге сәйкес төмендегідей ауқымды іс-шараларды атқарды:
«Атамекен» бағдарламасы бойынша 10 қазан күні Құлан ауылында өткен «Қарттарым, аман сау жүрші» қайырымдылық акциясына 31 аудан тұрғыны қатысты. Акция барысында аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Н.Әлкереев пен аудандық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Э.Мырзагельдиева тұрғындарға «Рухани жаңғырудың» маңызы мен мәнін түсіндіріп берді.
11 қазан күні аудан әкімдігінің білім бөлімінде «Тәрбие және білім» бағыты бойынша ұйымдастырылған «Мәдени–генетикалық код: тарих, салт–дәстүр» тақырыбындағы мұғалімдер форумына 63 ұстаз қамтылды. Форум білім саласы қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы З.Тойбекованың басшылығымен өтті.
Луговой ауылында 13 қазан күні «Атамекен» бағдарламасы аясында іске асқан «Жомарт жүрек» атты аз қамтылған отбасылыры мен мүгедек балаларға арналған қайырымдылық акциясына аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Б.Шамаев пен аудандық аналар кеңесінің төрайымы С.Аденова қатысып, ауыл тұрғындарын әрдайым қолы ашық, жүрегі жұмсақ, атымтай жомарт болуға шақырды. Акцияға 26 тұрғын қатысты.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің «Мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпбиінің бірыңғай стандартын енгізу мәселелері туралы» Парламенттік тыңдаулар қортындыларын қолдау бойынша әзірленген облыстық желілік кестеге сәйкес өткен аптада төмендегідей іс-шаралар өтті:
10 қазан күні аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Л.Өтеулиева Абай ауылына келіп, «Парламенттік тыңдаулар қорытындыларын қолдау» бойынша ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесуге келген ауыл адамдары болашаққа бағдар жасаған Елбасы саясатының дұрыстығын қолдап, ел болашағының баянды болатынына сеніммен қарайтындарын жеткізді.
Каменка ауылында орналасқан Б.Момышұлы атындағы орта мектепте «Латын әріпіне көшудің тиімділігі» тақырыбында ауыл тұрғындарымен кездесу болып өтті. 11 қазан күні өткен кездесуде аудандық мәслихат депутаты З.Оразалиева сөз сөйлеп, Латын әріпінің тиімділігіне тоқталды. Кездесуде Елбасы бағдарламасын қолдаушылардың қарасы көп болды.
Аудандық өлкетану музейінің меңгерушісі Е.Құрымбаев Тереңөзек ауылында «Парламенттік тыңдаулар қорытындыларын қолдау» бойынша ауыл жастарымен кездесіп, тақырып аясында келелі әңгіме қозғады. Кездесу 11 қазан күні Жамбыл орта мектебінде өтті.
12 қазан күні аудандық мәдениет үйінде мәдениет қызметкерлерінің қатысуымен өрбіген «Латын әліпбиіне көшу – рухани құндылықтарды нығайту» тақырыбындағы «Дөңгелек үстелді» аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Л.Өтеулиева ашып, жүргізіп отырды.
13 қазан күні «Қазпошта» АҚ аудандық филиалында ардагерлер Кеңесінің төрағасы Қ.Бижановтың қатысуымен «Латын әліпбиіне көшу тиімділігі» тақырыбында аудандық «Қазпошта» АҚ филиалының қызметкерлерімен кездесу ұйымдастырылды.
«ҚҰЛАН ТАҢЫ» АҚПАРАТ. 17.10.2017 жыл
№ 20 Болашаққа бастар жол
Сәрсенбі күні ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын насихаттау мақсатында құрылған облыстық ақпараттық-насихаттық топ мүшелері ауданымызға келді. Жамбыл облыстық Ішкі Істер Департаментінің басшы құрамы, Ішкі Істер органдарының ардагерлері, сондай- ақ, аудандық ішкі істер бөлімінің жеке құрамы қатысқан сараптамалық жиын алдымен халқымыздың біртуар перзенті Тұрар Рысқұловтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Ескерткіш алдында өткен кішігірім митингте Құқық қорғау органдарында талай жыл қызмет еткен Ішкі істер органдары және Ұлттық гвардия ардагерлері кеңесінің төрағасы, запастағы полиция полковнигі Өрнекбай Смаилов сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Байзақ, Жуалы, Талас аудандарында да осындай сараптамалық кездесулер өткенін және жас полицейлерге халықты қорғау – олардың мызғымас міндеті екендігін қадап айтты. Митингтен соң, мәдениет үйінде жалғасын тапқан жиында да сөз алған Өрнекбай Төленұлы Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына жан-жақты тоқталып, барша қауымға ел Президентінің жүйелі жоспарларын жүзеге асыруға жұмыла кірісу қажет екенін сөз етті. Кездесу барысында Жамбыл облыстық Ішкі Істер Департаментінің баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова да мақалада айтылған жоспарлардың жүзеге асып жатқандығын мақтанышпен жеткізді. Сондай-ақ, «Біз біртұтас елдің азаматы екенімізді мақтан тұтуымыз керек» – деген Ішкі істер департаментінің баспасөз хатшысы жиналған қауымды жағымды жаңалықтарымен қуантты. Шара барысында Қазақстан полициясының 25 жылдығына орай, еліміздің мүддесі жолында аянбай еңбек етіп, мемлекетіміздің саясатын іске асыруда ішкі істер органдарына қолдау көрсеткен “Нұр Отан” партиясының жергілікті филиалы мен аудан әкімдігінің, аудандық ішкі істер бөлімінің белсенді қызметкерлері Ішкі Істер департаменті бастығының арнайы алғыс хатымен марапатталды. Жиын соңы концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды.
С. РАХМЕТУЛЛИНА. 13.10.2017 жыл
№ 19 Ұлттық кодты сақтау – жаңғырудың басты шарты
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласында жаңа тұрпатты жаңғырудың басты шарты – ұлттық кодты сақтау екенін баса айтып, онсыз жаңғыру дегеніңіз – құр жаңғырық деген ой қозғады. Біз бұдан рухани жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодымызды сақтау екенін әрдайым есте ұстап, әлемдік өзгерістерге сай жаңаша ойлау жүйесін қалыптастырғанымыз абзал екенін бағамдаймыз.
Ұлттық кодты сақтау дегеніміз – ұлттық болмысымызды нығайтып, оны ұрпақтан-ұрпаққа мұра ету. Ұлттық болмыстың өзі біздің ежелден келе жатқан қазақы салт-дәстүрлерімізден, мәдениетімізден, барлық рухани құндылықтарымыздан бастау алады десек, мына өзгермелі дүниеде сол құндылықтарымызды заманға сай одан әрі байытып, дамытып, оны бүгінгі ұрпақтың санасы мен тұрмысына сіңіру арқылы жаңа ғасырдың жаңа ұрпағын қалыптастыруға болады. Елбасы айтқандай, ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жөн-жоралғыларымыз, жалпы ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс.
Латын әліпбиіне көшу – Мәңгілік Елдің рухани жаңғыруының басы болса, «Туған жер» бағдарламасы жаңа ғасырдағы әлемдік, өңірлік, ішкі-сыртқы тәуекелдерге қарсы тұра алатын отаншылдық тәрбиенің, ұлтжандылықтың кепілі болмақ. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы жалпыұлттық қасиетті орындарды және аса қастерлі жерлерді сақтауға, әрі елдегі туристік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді. «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру Қазақстанды өз шығармашылығы арқылы дүние жүзіне танытатын көптеген таланттарға жол ашады. «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы бүгінгі замандастарымыздың түрлі салалардағы жетістіктерін дәріптеуді қамтамасыз етеді және жастарды адамгершілікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болады. Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.
Қазіргі таңда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласынан туындайтын тапсырмаларды жүзеге асыру бойынша арнайы жобалармен іс-шаралар атқару қажеттігі туындады. Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғыртудың 6 бағыты айқындалған: бәсекелік қабілет; прагматизм; ұлттық бірегейлікті сақтау; білім культі; Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы; сананың ашықтығы.Осыған байланысты көрсетілген бағыттарды іске асыру төрт министрліктің қызмет ету саласына жүктелді. Басқару процестерін оңтайландыру үшін Бағдарлама төрт Ішкі бағдарламаға бөлініп, олардың өзіне тән мақсаттары белгіленді: Білім және ғылым министрлігі – «Тәрбие және білім», мақсаты – табысты болашағының іргетасы тәрбие және білім культі болып табылатын бір тұтас ұлттың бәсеге қабілетті, прагматикалық, мықты, шығармашыл, отан сүйгіш және белсенді тұлғасын қалыптастыру; Дін істері және азаматтық қоғам жөніндегі министрлік – «Атамекен», мақсаты – әрбір қазақстандықтың, жергілікті қоғамдастықтың бәсекеге қабілеттілігіне, прагматикалылығына және жалпы қоғамның эволюциялық дамуына бағытталған халықтың азаматтық жауапкершілігін және әлеуметтік белсенділігін арттыру; Мәдениет және спорт министрлігі – «Рухани Қазына», мақсаты – Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын және заманауи мәдениетінің үздік жетістіктерін сақтау, дамыту және елімізге және шетелге таныту; Ақпарат және коммуникациялар министрлігі – «Ақпарат толқыны», мақсаты – халықты ақпараттандыру арқылы бағдарламаны жүзеге асыруға тарту, қазақстандықтардың «Рухани жаңғырудың» негізгі идеологиясын дұрыс қабылдауына ықпал ету.
«Рухани қазына» деп аталатын ішкі бағдарлама 3 кіші бағдарламадан тұрады: «Туған жер», «Қазақстанның сакральды географиясы», «Заманауи қазақстандық мәдениет»; Осы 3 кіші бағдарламамен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі 3 базалық бағыттан тұратын жұмыс жоспарын белгілеп, жоба жасап, оны жүзеге асыру бағытында жұмыс жоспарлап отыр. «Туған жер» -«Туған жер-туған ел» базалық бағыты бойынша «Туған өлке – тұнған шежіре» жобасы аясында ауданның, өлкенің тарихы, өлке, жер-су атауларына қатысты шежіре, аңыздар мен құнды тарихи жәдігерлерді іздестіру, тарихи-мәдени ескерткіштерге экскурсиялар ұйымдастыру арқылы жас ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге өзіндік үлес қоспақ. Ал «Қазақстанның сакральды географиясы» -«Қасиетті Қазақстан» базалық бағыты бойынша «Құлан-киелі құт мекен» жобасы аясында ежелгі Жібек жолы бойынан орын тепкен Құлан, Өрнек қалашықтары туралы тарихи жазба деректерді зерделеп, зерттеу материалдарымен танысып, өңіріміздегі киелі орындар географиясын түзуге, маршрутын белгілеп, отандық туризмге өз үлесімізді қосуға; «Заманауи қазақстандық мәдениет» -«Қазақстанның мәдени жетістіктері» базалық бағыты бойынша «Өнер деген өлке бар» жобасы аясында әрбір ауылдың әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму тарихы, өлкеден шыққан мәдениет, өнер қызметкерлері, ақын-жазушылар, спорт саңлақтары мен танымал тұлғалар, әр дәуірдегі елге танымал тұлғалар, даңқты жерлестер туралы деректер жинастырып, олардың өмір жолы мен еңбектерін, жетістіктерін көрсету және қарапайым еңбек адамдарының аудан өміріне қосқан үлесін насихаттау арқылы еңбекті сүюге баулу шаралары жүзеге аспақ. Барлық елді-мекендерде өңірдің тарихы мен мәдени даму мұражайлары мен арнайы бұрыштар жабдықтап, жұртшылықты өткен тарихты таныстыруды мақсат еттік, бұл шараға ауданның әр тұрғыны атсалысса ізгі.
Орта ғасырда өмір сүрген Жүсіп Баласағұн: «Өнер, білім – қос қанаты адамның, осыменен білерсің тілін ғаламның» -деп, төрт ғасыр бұрын айтса да, күн тәртібінен түспейтін аксиома. Өнер мен білімді қатар алып жүретін азаматтың ғана рухани дүниесі бай, көкірек көзі ояу болмақ. Ал біздің мақсат-әрбір жасты өнерге бейім, тілге шешен, жан жақты дамыған, коммуникативті, шығармашыл тұлға ретінде тәрбиелеу. Әр істеген еңбек пен атқарылар жұмыстың нәтижесі ұрпақ санасын жаңғырту мен байытуға бағытталып, оң нәтиже берсе деген ұстаным бар.Озық ойлы, білім бай адам ғана әлемге өзін мойындатып, бәсекеге төтеп бере алары анық. Бірнеше тілді жетік меңгерген, компьютер тілін тапқан, барлық заманауи ақпараттан құлағдар азамат бүгінгінің адамы, болашағы жарқын. Бірақ оның түп төркіні ұлттық кодымыздан-тарихымыз бен тамаша салт-дәстүр мен әдет – ғұрыптан, мәдениетіміз бен әдебиетімізден, тарихы терең шежіреден бастау алып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыра берсе ғана баянды болмақ. Елбасы еңбегінде елді рухани жаңғырту мәселелерін қозғайды. «Біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыртуды қолға алдық. Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу… Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады», – дейді Елбасы. Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде, Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет.
Л.ӨТЕУЛИЕВА,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы. 10.10.2017 жыл
№ 18 Ұлттық жаңғыру – туған жерден бастау алады
Сәуір айында жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы көпшілігімізге ой салды. Өз мақаласында Ұлт көшбасшысы ұлт келешегіне жаңа қадам жасаудың негізгі бағыттарын тайға таңба басқандай көрсетіп, сараптап, саралап берді. Елімізде білімнің салтанат құруы, латын қарпіне көшу, прагматизм сынды мәселелердің мәнісі мен мазмұнын айшықтап, оны қалыптастырудың бағыт-бағдарын бірте-бірте іске асыру керектігін айтты.
Президент мақаласында көрініс тапқан ерекше бастаманың бірі -«Туған жер» бағдарламасы. Жеке өз басым осы бағдарламаны шын ниеттіммен қос қолдап қолдайтындардың қатарынанмын. Неге десеңіз, әр қазақ баласы үшін туған жерден асқан қастерлі ұғым жоқ. Дана халқымыз «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деп текке айтпаған. Өсіп-өнген құтты мекеннің қадірі мен қасиетін осынау өнегелі сөздің өміршеңдігі ұқтырғандай.
Қорағаты ауылы ауданымыздағы шалғай ауылдың қатарына қосылғанымен, мұнда талай атақты адамдар дүние есігін ашқан. Мысалға алатын болсақ, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрының беделді актері, елімізге танымал тележүргізуші Азамат Сатыбалды, сондай-ақ, телекөрермендерге есімі жақсы таныс дубляждың хас шебері Абай Досжан секілді талант иелерінің туған жері болып есептеледі. Бүгінде ауыл әкімшілігі бұл екі азаматпен де тығыз байланыста. Әсіресе, Азамат Сатыбалды көптеген қайырымдылық шараларына белсене араласып тұрады. Осы қатарға ауыл түлегі, қазіргі таңда елордамыз Астана қаласындағы «СпецСтройГруппKZ» компаниясының президенті қызметін атқаратын Марат Досмайловты да қосуға болады. Марат Сұрапбайұлы ауыл тұрғындарының игілігіне арнап, өз қаражаты есебінен жаңа Мешіт құрылысын салуда. Қорағатылықтар осындай ақжарқын азаматтардың ақпейілді тірліктерін әркез мақтанышпен айтып, ризашылықтарын білдіріп отырады.
Қазақтың қабырғалы қаламгері Әзілхан Нұршайықов «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» дейді. Уақыт шіркін бір орнында тұрмайды. Сондықтан ұшқыр уақыттың қадірін білейік. Туған жеріміздің гүлденуіне тамшыдай болса да үлес қосу – әр азаматтың парызы деп есептеймін.
Бақытбек АБЛАЗИМОВ,
Қорағаты ауылдық округінің әкімі 6.10.2017 жыл
№17 Жаңа есімге кімді ұсынасыз?
Тұрар Рысқұлов ауданындағы мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың назарына!
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы іске асырылуда.
Жобаның мақсаты – Тәуелсіздік жылдарында еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуына, білім, ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер, денсаулық сақтау, спорт салаларының ілгерілеуіне айырықша үлес қосқан жандардың нақты тарихы арқылы табыстылық, бәсекеге қабілеттілік прагматизм және білім алуға құштарлық идеясын насихаттау. Қазақстан ерекше дарынымен, талантымен, әскери және құқық қорғау саласындағы ерлігімен көзге түскен және қайырымдылық қызмет жасаған, меценаттық көмек көрсеткен, өз әрекеттерімен жастарды патриотизм мен туған жерге деген адалдыққа тәрбиелеуге үлгі бола білетін, осы арқылы тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына белсенді атсалысып жүрген жандарды тануы қажет. Қазіргі таңда республика бойынша үміткерлер жинақталуда.
Жобаға іріктеу жұмыстарын аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімі жүргізеді. Байланыс телефоны 2-12-66. Сондай-ақ жобаға сәйкес берілетін ұсыныстар ovp_ryskulov@mail. ru электрондық поштасына жолдануы тиіс.
Сонымен қатар, ұсыныстарды жинақтау el.kz сайтында арнайы «100 esim. el.kz» парақшасы арқылы да жүргізілуде. Сайтқа тиісті ақпаратты жүктеп, жобаға қатысуға мүмкіндіктеріңіз бар.
Әрбір қазақстандық өзінің тарихи жетістігімен бөлісіп немесе өздігінен үшінші тұлға тарапынан жобаға ұсыныла алады. Беймәлім батырды еліміз тануы тиіс!
АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ ІШКІ САЯСАТ БӨЛІМІ. 22.09.2017 жыл
№16 ДУЛАТ БАБА КЕСЕНЕСІ САЛЫНУДА
Ақсақ Темір Түрік әміршісі Баязитті жеңіп, алдына басы қисайып келген оған: «Алла Тағалам сен және мен сияқты ақсақ пен қисыққа тақ пен тәж сыйлаған болса, онда Құдай үшін биліктің де ешқандай құны болмағаны ғой» депті. Ал, өз басын өте қадірлеген әйгілі әмірші Шыңғыс хан өзін өлгеннен соң Іле дариясы бойындағы кіндік қаны тамған жерге жерлеуді, сөйтіп, сүйегін мың сарбаздың атының тұяғымен таптатып, кейін сол әскерінің бәрін бірін қалдырмай қырып тастауды бұйырған деседі. Ал, дуанбасы болған дулығалы Дулат бабамыздың айдынды тобымен ат басын тіреген жері киелі Құлан екен.
Бір тал шаштың да көлеңкесі болады ғой. Әулеттен әулетке бұтақтап қонып отырған ағайынды Албан, Суан, Дулатқа біз Жарықшақ (Тілеуберді) атамыздың төртінші ұлы Хангелдіні қоспай жүрміз. Неге? Ол кісіден ұрпақ болмаған соң ба? Бұл хақында Сайрамда Дулаттан кейін дуанбасы болған Ботбай батырдың кесенесін ашып тұрып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Сенат төрағасы болған ағамыз Өмірбек Байгелді айтқантұғын. Жұрт қарадан шыққан ханды Қарахан атаған. Ал, Тараз шаһарындағы Қарахан бабамызды әйгілі этнограф-ғалым Әлкей Марғұлан өзінің өткен жылы шыққан екі томдық кітабында: «Манас жырындағы Манастың досы Алмамбет осы Қарахан» болуы мүмкін екенін жазыпты. Сонда қарадан шыққан хан кім? Бұл да біз үшін әлі күнге дейін ашылмаған жұмбақ болып қалып келеді.
Ал, енді Құланнан Дулат бабамыздың сүйегі табылғанда оған да сенбей он алты жыл жүрдік. Былайша айтқанда оған «аян» деп қарап, санамызды сан саққа жүгірттік. Арада он бес жыл өткенде археолог-ғалымдар баба сүйегін экзумациядан өткізіп, Қазан, Санкт-Петербург, Лондон сияқты қалалардағы зертханаларда антропологиялық жағынан жете сараптамадан өткізген соң оның 1230 жылдары өмір сүрген адам екеніне көз жеткізді. Қарап отырсаңыз Дулат бабамыздың өмір сүрген кезеңі де осы кезеңге тұспа тұс келеді. Сонымен, күмән мен күдік сейілді. Осы жылдың сәуір айының 20-шы жұлдызында «Дулат баба» қоғамдық қайырымдылық қорының ұйғаруымен «Демесінұлы-К» жеке кәсіпкерлік фирмасының шеберлері баба сүйегі табылған «Қарабастау» атты мекенге қазық қақты. Бұл Құлан ауылының Солтүстік-Батыс жағындағы «Батыс Қытай-Еуропа» күре жолы өтетін тұс. Дәлірек айтқанда аудан орталығынан (Құлан ауылы) бір жарым шақырым жерде. Қазір жаңаөзендік шеберлер Дулат баба кесенесін жартылай монолиттеп көтеріп қалды.
Біз жаңа құрылыс алаңына келгенімізде қордың мүшесі, осы нысанның бақылаушы – инженері Серік Сәтішев құрылыс басында екен. Ал, қордың төрағасы Бақыт Оспанұлы Саурамбаев жұмыс бабымен Астана қаласына кетіпті.
– Кесене салынатын орын үшін жергілікті әкімдік 0,43.79 гектар жер телімін бөлді, – дейді ол. –Тек кесененің сметалық құнының өзі 55 миллион теңгені құрайды. Әрине, құрылыс түгелдей халықтың қаржысына салынып жатыр. Осы күні бүгінге дейін қорға 58 миллион 499 мың 500 теңге қаражат келіп түсті. Ең қомақты қаржы аударған «Жас ұлан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жуалыдан Нұрлан Какенов 5 миллион теңге, Тараздан Ғалия Бауыржанқызы, Меркіден Махамбет Дүйсебаев және Дәуталы Нұралиев деген азаматтардың әр қайсысы бір миллион теңгеден қаржы аударды. Сондай-ақ, қор төрағасының өзі Б.Саурамбаев үш жүз мың теңге, құландық кәсіпкер Қ.Сағымбеков 300000 теңге, Медет Мұсаев 299500 теңге, Нүрилә Мәжиева 500000 теңге, Қожахан Жабашев жүз мың теңге аударды. Қорға қайырымдылық жасаған баба ұрпақтарының бәріне Алланың нұры жаусын демекпіз.
Секең бізді ғимарат салынып жатқан жерге алып келген кезде кесененің Ақтаудың ақ тасымен бір кісінің бойынан сәл асатындай биіктікке көтерілгенін байқадық. Шеберлер ағайынды Нұрлан мен Нұрбол Ермағамбетовтер, аралдық шебер Нұрбек Сариев пен тас әрлеуші Серік Ізбасқанов және құландық Байдулла Пернепесовтер қызу жұмыс үстінде екен. Олар көлемі 14-8 метр, биіктігі он алты метр болатын ғимараттың ішкі бөлігін де Дулаттың төрт баласына лайықтап, бөліп қойыпты. Осы кезде Олжастың әкесі, осы жобаның авторы Көпбол Демесін ақсақал да келіп жетті. Ол келген бетте сөйлеп ала жөнелді.
– Бұл әдеттегі кесенелерден сәл бөлектеу, төрт құлпытасы бар, бес күмбезді кесене болғалы тұр, – деді амандық-саулықтан соң.-Мен өзім осындай жүзге жуық кесененің жобасын жасадым. Бұл кісі расында әулие кісі екен, біз келгелі үш-төрт айдың жүзі болып қалды. Кесене тұрғызылып жатқан тұсқа талай автокөлік балоны жарылып, тоқтап жатыр. Мен ойлаймын да, тиісті органдар осы тұсқа машинаның жылдамдығын тежейтін белгі қойса деп…
Көпекең өзі тарихшы-шежіреші екен. «Адай тайпасы. Ақиқат пен аңыз» атты кітап жазыпты. Ол: «Дай деп, Геродоттың өзі адайларды атаған» сол сияқты Дулат бабаның да тарихы тереңде деп ойлаймын» дейді.
Иә, кесене құрылысы жаңа жаңадан бой көтере бастады. Әлі кесене тұрған жер түгелдей қоршалып, шырақшы үйі, зияратхана салынып, су шығарылып, айнала-төңірек түгелдей көріктендіріліп, көгеріштендірілетін болады. Жарық тарту да көзделген. Әзірге ақтаулық шеберлер асықпай-аптықпай, әр тасты орнымен қойып, қашалып, әрленген ақ тастың ішіне берік цементті құйма құюда. Қазірдің өзінде кесененің нобайы, сұлбасы анық білініп келеді. Кесене алыстан-ақ, анық көрінеді. Аппақ тастан құйылған монолит бір қарағанда Домалақ ана кесенесіне ұқсайды. Қалай болған күнде де енді киелі Құлан жеріне тек төрт Дулаттың баласы ғана емес, иісі қазақ бауырларымыз тоқтамай өтпейтін шығар. Осы кесене салу үшін он алты жыл бойы тер төккен Ақжақ қажы Райымқұлұлына Алланың нұры жаусын! Өйткені, ол кісі талай кемсітулерді көре жүріп, Дулат бабаның дәл осы жерде жатқанын айтудан бір жалыққан емес. Иә, бәрі де Алланың қалауымен болады.
Ардақты ағайын! Жаудың жолына қақпан, жонына жебе боп қадалған Дулат баба Жарықшақұлының кесенесіне қайырымдылық қолын созам деушілерге есеп шотымыз ашық. Біздің есепшотымыз: «Халық банкі» А.Қ. «Дулат баба» қоғамдық қоры. БИН 110240011936 ИИК КZ 976010161000349193 КБЕ 18.
Сейсен ҚОЖЕКЕ. 15.08.2017 жыл
№15 Туған жер – алтын бесік
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқығанда ойыма ұлт басшысының «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» деген сүбелі сөздері расында да ой саларлық дүние екенін ұқтым.
Біз қашан да «жеріміздің асты қазбалы байлыққа, үсті құнарлы астыққа толы» деп мақтанышпен айтамыз. Әрине, бабадан қалған мұрамыз – туған жердің құндылығын, қайсар бабаларымыздың қаны мен аналарымыздың жасы тамған қанша ғасырдың куәсі – қасиетті де қадірлі атамекеннің тарихын жете түсінбей тұрып оны қадірлей алуымыз мүмкін емес екендігі бесенеден белгілі. Сол себепті де, әркім өз туған мекенінің әрбір тауы мен тасына дейін қастерлеуі керек. Ал оның қасиетін бүгінгі ұрпаққа дәріптеу бірінші орында тарихшыларымыз бен БАҚ өкілдерінің міндеті деп білемін. Президентіміз айтқандай, қазақтың жерінің қай тұсы болмасын, терең тарихтан сыршертетін тұнып тұрған байлық, сол мекендегі әрбір жер атаулының өзіндік тарихы мен ол туралы аңыз-әңгімелер бары да рас. Мәселен, біздің Құлан…
Жасыл желекті өңіріміздің сыртқы келбетін суреттесек, оның өзі үлкен бір суреткерлікті талап етеді… Жалпы біздің аудан көрікті мекендердің қатарынан. Тамылжыған табиғаты талайды тамсандырарлықтай көркем. Таудың етегін ала орналасқандықтан болар, кешқұрым қоңыр самал есіп, ауыл ішін ғажайып күйге бөлейді. Таң рауандап атқанда және күн көкжиекке еңкейе берген кездердегі қызғылт арайлы нұрға малынған ауылымыздың осы бір көріністері хас шебердің қолынан шыққан суреттей көрініс береді. Ал көктем келгенде ше… Ол шақтың көркін сөзбен айтып жеткізу қиын. Топырағы құнарлы біздің ауыл ол кезде жасанған арудай ажарлана түседі. Түгін тартса, майы шығатын бұл өңірдің нәрлі топырағынан сан алуан өсімдік өсіп, ағаш біткен бүр жарғанда, нағыз жерұйық па дейсіз еріксіз.
Өткені мен бүгініне көз жүгіртсек, байтақ еліміздің мақтанышпен айтарлықтай көрікті мекендері көп қой. Тек қана соның қадіріне жетіп, сол қасиеті мен құнын келер ұрпаққа ұғындыра білсек, ата-бабамыздың асыл мұрасын көзінің қарашығындай қорғайтыны анық.
Салтанат РАХМЕТУЛЛАҚЫЗЫ. 18.07.2017 жыл
№14 Туған жерге туыңды тік
– Ербол Абақұлы, «мемлекеттік қызметкерлер күні» кәсіби мерекесі құтты болсын! Жалпы осы мемлекеттік қызметке келгеніңізге қанша болды?
– Үлкен рахмет! Менің Луговой ауылы әкімі қызметін атқарып жатқаныма 4 жылға жуық уақыт өтті.
– Әрине, төрт жыл көп уақыт емес, бірақ біраз тірлікті тындыруға болады емес пе? Осы уақыттар ішінде өзіңіз басқарып отырған ауылыңызға қандай еңбегіңіз сіңді? Ауылдың, мұндағы халықтың жай-күйі қалай? Қысқаша мәлімдей өтсеңіз…
– Соңғы санақ бойынша, ауылымызда 10 000-нан аса тұрғын бар екені белгілі болды. Оның ішінде халық санының 9546-сы – қазақтар, 500-ден аса орыс ұлты, 200-ден астам басқа ұлттар қоныстанған. Мұнда 22 мекеме, ауылдық емханамыз, мәдениет үйі, 3 мектеп, «Балбөбек» бөбекжайы, «Алтын сақа» балабақшасы, 2 кітапхана жұмыс жасайды. Жеріміз жасыл желекті, табиғаты құнарлы мекен, әсіресе тазалық жағынан өзге ауылдармен салыстырғанда алда келеді. Бүгінде жастарға арнап «Жастар аллеясын» жасап жатырмыз, одан өзге 1000 тал қарағай, аққайың, 30 шырша егіп, «Жастар саябағын» көркейтудеміз. Балаларға қолайлы болуы үшін көпірлерді жөндеп, қауіпсіздік шараларын да қамтамасыз еттік. Көше атауларын өзгертіп, қазақтың тарихи тұлғаларымен атауды жөн көрдік. Бірнеше көшелерге газ жүргізіп те үлгердік.
– Еңбек жолыңызды кім болып бастадыңыз? Жүріп өткен қызмет жолыңыз жайлы әңгімелеп берсеңіз?
– Мен алғашқы еңбек жолымды 1992 жылы туған жерім – Қызылшаруа ауылында ауылшаруашылығы машиналар ауласының, машина трактор шеберханасының меңгерушісі қызметінен бастадым. Сосын 2000 жылы Тұрар Рысқұлов атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасадым. Өзім мұғалімдер отбасынан шыққандықтан да, ұстаздық қызмет – жаныма жақын мамандық болатын. Бала деген дәптердің ақ парағы тәрізді, сол ақ парақты ғылыммен толтыру – ұстаздың міндеті. Менің сондағы басты мақсатым да осы болды. Кейін 2004 жылдан бастап осы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болдым. Мектеп оқушыларына тек қана білім үйретіп қоймай, олардың тәрбие ісімен де айналыса бастадым. Қызметіме деген адалдығымның жемісі болуы керек, 2007 жылы аудандық тексеру мәслихаты тексеру комитетінің төрағасы атандым. Ал 2011 жылы М.Горький атындағы орта мектептің директоры қызметіне тағайындалдым. 2013 жылға дейін осы қызметте болып, мектеп ұжымын басқардым. Ал қазіргі таңда Луговой ауылдық округінің әкімімін.
– Қызмет жолыңыз мектеппен тығыз байланыста болған екен. Ал бүгінде ауыл әкімісіз. Әрине, мектеп ұжымын басқару мен білдей бір ауылды басқарудың айырмашылығы бар. Бір сөзбен айтқанда, ел басқару оңай шаруа емес. Өмірде жайма шуақ күндермен қатар, дауылды сәттер де болып тұрады ғой. Қызметте де солай… сондай кездерде баяғы қарапайым ғана ұстаз болған күндеріңізді жиі аңсайсыз ба?
– Негізі «ұстаз» деген сөздің өзінде үлкен мағына бар. Бұрын ата-анамыз «мұғалім бол» деп жиі айтатын. Қазіргі кезде көп адамдар оны қарапайым мамандық деп санайды. Ал негізінде мұғалім – ең ұлы мамандық. Ол ештеңеден бейхабар баланы біліммен сусындатып, «тарыдай сәбиді таудай саналы адам етіп жетілдіретін» бақташы десек те болады. Бақташы өсірген ағаштарына су құйса, ұстаз білім құяды, оның үстіне небір «қисық-қыңыр бұтақтарды» тәрбиемен түзетіп шығарады. Әрі бақташы ағашты бір рет егіп, қалған сәтте өсіретін болса, ұстаздың бұрынғы баптаған шәкірттері ұшып кеткенде, тағы да жас өскіндер келеді, ол әр жылда ауысып отыруы да мүмкін. Сонымен бірге, бақташы еккен ағаштардың жемісін көп болса 2-3 жылда-ақ көре бастайды, ал ұстаз өз еңбегінің жемісін шәкірттері қанаттанып, өмірдегі лайықты орындарын тапқанда ғана, кемінде 10 жылдан кейін бір-ақ көреді. Сондықтан да мен ұстаздар қауымын қатты құрметтеймін. Осы қызметке келгелі де, алдыма сәлем беріп келетін халықтың көпшілігі – баяғы өзім оқытқан шәкірттер, солардың ата-аналары. Осы себепті де ұстаз боп қызмет атқарған жылдарымды сағына еске аламын кейде…
– Ұстаз ретінде болсын, әкім ретінде болсын, өзіңіздің жастарға айтар қандай ақылыңыз бар?
– Менің жастарға айтар кеңесім: «Туған жерге туыңды тік» деген сөз бар, қайда жүрсе де туған ауылдың қамын ойлай жүрген дұрыс. Көптеген жастарымыз мектеп бітірген соң, қалаға оқуға түседі де, сонда қалып жатыр. Ал ауылдың жайын кім ойлайды? Ауылымыз қаңырап қалмаса да, жас мамандарға тапшы. Жастар қай кезде де қажет. «Қыз өссе елдің көркі» дегендей, ауылымыздың көркі – жастар. Бүгінгі таңда жастарға арналған «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бар, «Сыбаға», «Ырыс» бағдарламаларымен несие алып, өз ісін дөңгелетуге де мүмкіндіктер туып отыр. Қаладағы жағдай ауылда да жасалған, ауылымыз қаладан еш кем емес. Сол себепті де, жас мамандардың қызмет жолын туған ауылынан бастағанын жөн көремін.
23.06.2017 жыл
№13 Ұлттық жаңғыру – ұлттық сананың кемелденуі
Мақаланың мақсаты – 30 елдің қатарына қосылу
Баршамызға белгілі ағымдағы жылдың 12 сәуірі күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көрді.
Мақаланың негізгі мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан қатпарлы тарихына қашалған дәстүріміз, ұлттық салт-санамызды қайтадан жаңғырту, жандандыру, экономикамызбен қатар ұлттық санамызды, адами қасиетімізді дамыту арқылы – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.
Мақалада қоғамымыздың бәсекелестікке қабілеттілігін, толыққанды жаңғыруын, ұлттың жаңғыруын дамытумен қатар қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім, қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық», «Туған жер», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары ұсынылған. Бұл жобалар – біздің қоғам үшін маңызды және ерекшелігі өте жоғары.
Латын әліпбиіне көшу арқылы түркі тектес қандас бауырларымызмен жақындығымыз, тарихымыздың жаңа қырлары ашылмақ. Жас ұрпақ үшін әлемдік деңгейде білім алып, дамуы үшін үлкен мүмкіндік. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы арқылы біз жастарымыздың қазақ тіліндегі сауаттылығын, кітап оқуға деген ынтасын арттырамыз.
«Туған жер» бағдарламасы арқылы патриоттыққа тәрбиелеп, туғар жерге, елге деген сүйіспеншілігімізді, құрметімізді күшейтеміз. «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы арқылы тарихымыздан, географиямыздан тың деректер ашатын болсақ, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасымен елге танымал жаңа 100 есімді ашатын боламыз. Бұл бағдарламалардың әр қайсысының өзіндік деңгейі, маңыздылығы бар.
Ауданда Елбасының бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру жұмыстары бойынша іс-шаралар жоспары бекітіліп, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бүгінгі қоғамның санасын жаңғырту, адымдап алға басып, көш басынан табылу үшін таптырмас жаңа ынта, серпіліс болмақ. Ендігі мақсат жұмыла іске кірісіп, жаңалықтар мен тың дүниелерге есігімізді айқара ашуымыз қажет.
Н.Жамалбеков,
аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы.
Рухани Байлық – еңселі ел кепілі
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық сананы жаңаша қалыптастыру, өркениетті елдердің тәжірибесін үйреніп, оны пайдамызда жүзеге асыру жөнінде айтқаны құптарлық ғибрат әрі біздерге жүктелген міндет.
Туған жер – әркімнің шыр етіп дүниеге келген, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені. Осыны ұғына білген адамның ғана елі мен жеріне сүйіспеншілігі мен құрметі болады. Ал, ол болмайынша «Туған Жерім, Отаным» деген ұлы ұғымға адал қызмет пен құрметтің болуы екіталай.
Ауданымызда «Туған жер» бағдарламасы аясында көптеген игі шаралар атқарылуда. Мәселен, биылғы жылы барлық ауылдарда “Туған жерге тағзым”, мектептерде «Мектепке тағзым» атты акциялар ұйымдастырылып, әр ауылдың азаматтары мен мектеп түлектері қатысып, туған ауылы мен білім ордаларының көркеюі үшін өз үлестерін қосты. Әр шаруа қожалық басшылары мен кәсіпкерлері де әрдайым ауылдың жаңарып жаңғыруы үшін, ауылдың әлеуметтік жағдайының жақсаруы үшін өз қолғабыстарын тигізіп, қолдау көрсетіп келеді. Бұл игі іс-шара әлі де өз жалғасын табуда.
Белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметов: «Абайдың философиялық лирикасы, ойлары – біздің ұлттық кодымыз. Біз рухани жаңғыруда Абай ұлағатын дүниеге көзқарастың темірқазығына айналдыруға тиіспіз”, – дейді.
Расында, жастарымыздың рухани дүниетанымын байытып, аға буын өкілдерімен ұлтжанды ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырсақ өз халқын, өз елін көзінің қарашығындай қорғайтын тұлға шығары хақ.
Елбасы мақала соңында «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді», – деп қорытынды жасаған. Олай болса, заманауи талаптарға сай тәжірибелерді меңгеріп, ел игілігіне қызмет ету әр адамның мақсаты.
М.Оспанова,
Қарақыстақ ауылдық балалар кітапханасының кітапханашысы.
Ата-бабадан келе жатқан асыл қасиет – қанағатты ардақтап, ысырапқорлықтан аулақ болайық!
Облыстың ардагерлеріне, мешіттердің имамдарына, мұсылмандық әдет-ғұрыптарды ұстанушы барлық азаматтарға ашық хат
Біздер, Жамбыл облысының бір топ ардагер-ақсақалдары ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын өз ортамызда талқылап, пікір алысқаннан кейін Сіздерге қайырылуды жөн санадық. Өйткені рухани жаңғырудың бір ұшының дінге келіп тірелетіні белгілі.
Соңғы кездері мұсылмандық салттарды атқаруда, әсіресе, фәниден бақиға аттанғандардың қонақасын, қырқы мен жылдық асын өткізу барысында орын алатын келеңсіздіктер туралы үнсіз қалуды жөн санамадық.
Қай-қайсымыздың да үйіміздің төрінде әспеттелініп, ақ матаға ораулы тұрған Құранда Алла тағаланың ысырапшылдықты жақсы көрмейтіні туралы айтылған. Ал, Пайғамбардың Хадистерінің бірінде «Дарияның жағасында тұрсаңдар да ысырап етпеңдер» делінген.
Өкінішке орай, ата-аналарымыздың бойындағы қарапайымдылық, үнемшілдік, обал-сауапты айырушылық сияқты жақсы қасиеттер кеміп, есесіне, шариғатымызға қайшы келетін – даңғойлық, мақтанқұмарлық, шашпа-төкпе дарақылық көбейіп бара жатыр. Той дастарханы мен қазаға жайылған дастарханды айыру қиын болып барады. Оның үстіне қазаға арналған астарда ұзын-сонар тілектер айтып, сөз сөйлеу, астарды тойдағыдай жалдамалы асабаларға басқарту тіптен дінді былай қойғанда, ұлттық салт-дәстүрге жат көріністер.
Ал, барлық адамдардың жағдайы бірдей болмайтыны белгілі. Бақуатты тұратын, малы мен басы өскендер қиналмағанымен де, жағдайы жоқтарға оңай емес, «қатардан қалмайын» деген жалған намыс жетегінде шамасына қарамай шашылып, қарызға белшеден батады, отбасын тұралатып, бала-шағасының обалына қалады.
Міне, бүгін біздер баршаңызды мақтаншылыққа салынып қаралы дастарханды бәсекеге айналдырудан орынсыз ысырапшылдыққа барудан сақтануға шақырамыз.
Біздер, өмір көрген, жақсы мен жаманның ара жігін айыра алатын, аталы сөз айта алатын ел ақсақалдары ретінде жаман әдеттерден тыйылатын, ырыс-берекенің қадірін білетін қасиетті де берекелі оразаға ниет еткен қасиетті айда жұртшылыққа әсіресе, тез еліктегіш жастарға әкелік қамқорлығымызды, жанашырлығымызды танытатын төмендегідей ұсыныстарымызды ортаға салып отырмыз.
Бірінші. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жаназа өткізу тәртібі туралы пәтуасы бар екендігінен хабардармыз. Бірақ, оның талаптары қалай орындалып жүргенін білу еш мүмкін емес. Осы себептен де онымен жұртшылықты кеңінен хабардар ету қажет деп санаймыз. Бұл істі имамдар жер-жердегі ардагерлер кеңестерімен, беделді ақсақалдармен бірлесе отырып жүргізуі тиіс.
Екінші. Өңір халқының дәстүрлерін ескере отырып, қайтыс болған адамдардың қонақасы мен жылдық асын берудің баршаға ортақ тәртібін қалыптастырып, ұсынатын кез жетті. Қазаға жайылған дастархан өте қарапайым болғаны жөн. Бәріне бірдей болсын.
Үшінші. Қазірде діни ағымдар көбейіп кеткені жасырын емес. Жастар арасында теріс діни ағымдарға еліктеу үрдісі байқалып отырғанын, ал, мұндай салтымызға тән емес құбылыспен күресу қажет екендігін атап көрсеткен Елбасымыз жігіттердің ұзын сақал өсіріп, шолақ балақ шалбар киіп, қыздарымыздың қара орамал жамылып жүретіндер бар екенін өте орынды сынады. Шынында да, қара жамылу ата салтымызда жоқ. Жастарды мұндай жат әдетке барудан тыю үшін не істеу қажет? Әрине, дін өкілдері мен ардагер-ақсақалдар жастар ұйымдарымен бірлесе отырып насихат жұмыстарын кең көлемде жүргізулері керек.
Төртінші. Телеарналардан күндіз-түні берілетін неше түрлі бағдарламаларда, көркем фильмдерде қатыгездікке, моральдық азғындыққа, нәпсі құмарлыққа баулитын көріністер жоқ емес. Кітап оқымайтын, газет-журнал бетін ашпайтын ұрпақ өсіп келеді. Жастардың санасының улануына төзіп отыра беруге болмайды. Кешеуілдеткенімізді ата-бабалар рухы кешірмейді. Демек, бұл бағытта да ардагерлер мен дін өкілдерінің жастар ұйымдарымен бірлескен жұмыстар атқаруы талап етіледі. Ұлттың рухани дамуына қызмет ететін бұқаралық ақпарат құралдарының көмегі де аса қажет.
Біздің осы ұсыныстарымыз Сіздердің тараптарыңыздан түсіністікпен қабылданады, облыстың барлық қала, аудан, ауылдарындағы мешіттерінде жұртшылықтың кеңінен қатысуымен талқыланады, сөйтіп, атадан-балаға мирас болып келе жатқан мұсылмандық салттарды қатаң сақтауға шақыруымыз әр жүрекке жетіп, ысырапшылдық, мақтаншылық сияқты жаман сипаттардан арылуға көмектеседі деп үміттенеміз.
Бүгінгі және келер ұрпақтың жағдайын ойлау, жат әдеттерден сақтандыру біздің, ардагер-ақсақалдардың парызы. Сол үшін де осы Ашық хат жазылды. Қасиетті ораза айы кезінде қолға алынған сауапты ісіміздің орындалуына Алла жар болсын!
Облыстың ардагер-ақсақалдары және дін өкілдері атынан қол қоюшылар:
Ж.КӘРІБАЕВ, қоғам қайраткері, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, Е.СОЛТЫБАЕВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Д.Жұмабаев, Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілі, «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы, А.ТҮСІПОВ, Тараз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Б.ЖАҢАБАЕВ, Т.ТӨРЕБЕКОВ, Н.СЕЙДУАЛИЕВ, С.ЖӘНӘБІЛОВ, Ж.ТӘЖІБАЕВ, Ш.ШАРАФУТДИНОВ Жамбыл облысының Құрметті азаматтары, О.ЕСІРКЕПОВ Тараз қаласының Құрметті азаматы, Ж.МАЙҚАНОВ, Шу ауданының Құрметті азаматы, А.ОМАРОВ, еңбек ардагері, С.СЕЙДӘЗІМОВ, еңбек ардагері, кәсіпкер, Ж.МИЛЛИОНОВ, Қазақстанның Құрметті журналисі. 20.06.2017 жыл
№12 ЖАҢҒЫРУ– ҰЛТТЫҚ САНАНЫҢ КЕМЕЛДЕНУІ
Елбасы өзінің осы мақаласындағы «Ұлттық бірегейлікті сақтау» деген үшінші бөлімінде: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді» дейді де оның екі қырын айырықша атап көрсетеді. Біріншіден, ол ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту де, екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту деген пайымға ойын суарады.
Сонымен осы тұжырым, осы пайым төңірегіне өзіміздің зейінімізді тоқтатып көрейікші. Дәл бүгін салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінен біз қандай қатерді байқаймыз? Ол ұлттық даму үлгілерінің бәріне ортақ. Десек те, «өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді» дейді мақаланың авторы. Шынтуайтына келгенде әр өңір, әр мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастырып отыр ғой. Жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдірмей ме? Осы тұрғыдан алғанда өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайтыны. Бұл – сенің туған жерің, туған еліңнің тарихы. Оны мақтан етуге тұрады ғой.
Елбасы мақаласының: «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлімінде өз ойын одан әрмен қарай сабақтай түседі де: «… мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын» дей келіп, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» деген жаңа идеясын ұсынады. Бұны біз толығымен қолдаймыз.
Жаңа сөз басында, жаңғыру – ұлттық сананың кемелденуі дедік. Ал, депутат болса мәслихаттағы басты тұлға. Ол халықтың қалауымен депутаттық мандатқа ие болған қоғамымыздағы беделді адам. Демек, ол – кемеліне келген, ұлттық сана-сезімі қалыптасқан азамат. Оның өзінің азаматтық көзқарасы, өз ойы бар. Оны енді мемлекетіміз нағыз кемелденген, өз өкілеттігін жүзеге асыра алатын тұлға ретінде таниды. Бізде төрт комиссия жұмыс істейді. Соның біреуін депутат Шындос Мырзалиев басқарады. Комиссия әкімшілік-аумақтық және ономастикалық шешімдерге де жетекшілік жасайды. Олар ауылдар мен аймақтарға, көшелер мен мәдени және әлеуметтік маңызы бар нысандарға ат беру мәселесімен де етене жақын айналысып жүр.
Біз аудандық мәслихат депутаттарымен бірге Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын оқып, зейін қоя танысып шықтық. Онымен өзіміздің санамызды ғана емес өзгелердің де санасын байыту мақсатымен елді мекендерді аралап, сайлаушылармен кездесулер өткізу кезінде де мақаланың құндылығын жұрт алдында жан-жақты таныстырып, айтып жүрміз. Иә, уақыт шіркін ешкімді күтіп орта жолда тұрмайды. Жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Сондықтан бәріміздің бойымызда ішкі ұмтылыс болуы тиіс. Онсыз біз ешқандай өзгеріс жасай алмаймыз. Сол үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге деген қабілет болуы шарт. Сонда ғана Елбасы айтқан кемел кезеңнің санаға бай тұлғасы бола аламыз.
Шардарбек Қосалов,
аудандық мәслихаттың хатшысы. 9.06.2017 жыл
№11 Ұлттық құндылықтар – жаңғырудың негізгі өзегі
Ұлтына азаттық іздеп аһ ұрған алаштың арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген жігерлі сөзі бар. Яғни, сөз бен ұлттың ұғымы терең. Екеуі бір-бірінен қатты алшақ та емес. Біздің ойымызша, сөз ұлттың, ұлт – сөздің ажырамас айнасы. Бұл жағынан алғанда, біз, шексіз бақытты елміз.
Жуырда Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы оқырмандармен ой бөлісу мақсатында «Ұлттық болмыс – ұлттық құндылық» атты мәні бар мағыналы конференция ұйымдастырды. Арнайы Тараз төрінен тікелей байланыста өрбіген онлайн-конференцияның қадірлі қонағы журналист-жазушы, драматург Елен Әлімжан болды. Айта кетейік, онлайн-конференцияға Қордай, Жамбыл секілді іргелі аудандармен бірге, Құлан ауылдық балалар кітапханасы қызметкерлері де тікелей байланысқа қосылып, Елен Әлімжанның ұлттың келешегі жайында тебірене сөйлеген ордалы ойларын тыңдады.
Сөз ауаны сұрақ-жауапқа ойысқан сәтте, алдымен, Құлан ауылдық балалар кітапханасының қызметкері Гүлмира Тұрсынханқызы ұлт руханияты хақында қысқаша баяндама жасап өтті. Содан кейін аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Есназар Құрымбаев сөз алып, ұлтымыздың болашағына қатысты қордалы мәселелерді ортаға салды. Сұрақтың жай-жапсарын бірден түсінген жазушы да музей директорының ойын құптап, сырлы тарихтың терең сырынан мысалдар келтіріп, дәйекті сөздермен үн қатты.
М. Дихамбаев.
№10 Рухани жаңғыру
Автокеруен тобы ауданымызда болды
Естеріңізде болса, осыдан бір жеті бұрын газетімізге Жамбыл облыстық прокуратурасы мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп қолға алған «Рухани жаңғыру» атты автокеруен тобының келетіні жайлы хабарландыру жариялаған болатынбыз. Алдын-ала хабарлағанымыздай, күні кеше киелі Құлан жеріне ат басын тіреген облыстық автокеруен мүшелері аудан тұрғындарымен тілдесіп, олардың пікіріне құлақ асты.
Бірден айта кеткеніміз жөн, автокеруен тобының негізгі мақсаты – барлық санаттағы тұрғындармен жастарға түрлі сала аясындағы мәселелер бойынша тиісті өкілетті органдармен бірлесе отырып, кең ауқымда түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Шындығын айту керек, мұндай бастамалар көптеп іске асырыла бермейді. Сол себепті де орталық алаңда өткен бұл жиынның басқаларға қарағанда ауқымы мен әлеуеті мүлде ерекше десек болады. Біз осы орайда автокеруен тобының құрылуына дәнекер болған рухшыл азаматтың бірі, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мейірбекұлын сөзге тартқан едік. Оның айтуынша, бұл өздері аралаған алтыншы аудан екен. Алдағы уақытта қалған 4 ауданда да дәл осындай жиындар өткізілмек.
– Баршамызға белгілі, жыл басындағы «Қазақстанның жаңғырылуы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Елбасы көптеген ұсыныстар айтқан болатын. Таяуда жарық көрген «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында да Президент ұлт болып ұйысудың негізгі тетіктерін дәйекті мысалдармен айқындап, дәлелдеп берді. Құдайға шүкір, қазіргі таңда мемлекетіміздің жағдайы жақсарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жалдарында қандай едік. Бүгін қандаймыз? Салыстырмалы түрде байқасақ, едәуір алшақтық бар. Осының бәрі ұлтын сүйген Ұлт көшбасшысының арқасы деп ойлаймын. Ал енді автокеруен жұмысына қысқаша шолу жасайтын болсақ, көріп отырғаныңыздай, мұнда барлық сала өкілдері жүр. Ең бастысы, жиынға келген құландықтардың қатары көп. Оған өзім іштей қуанып та тұрмын. Біздің әу бастағы көздегеніміз де осы. Құрғақ уәдеден гөрі, қарапайым халыққа нақты кеңестер берсек дейміз,-дейді Мәди Мәтен.
Құрамында құқық қорғау, білім, денсаулық сақтау, ауылшаруашылығы саласының өкілдері бар автокеруен тобының мүшелерімен барынша жақын дидарласқан құландықтар олардан толық мәлімет алуға тырысты. Біз солардың бірді-екілісіне құлақ түріп, сауалдарын тыңдап үлгердік. Мысалы, Құлан ауылшаруашылығы колледжінің ветеринария мамандығында тәлім алып жатқан Әділет Сәкенұлы болашақта дәл осы мамандықты жоғары оқу орнында жалғастырғысы келеді. Бірақ жоғары оқу орнына түсуге қаражат жағы қолды байлап тұр. Қайтпек керек? Мұндайда бір ғана жол бар екені айтпаса түсінікті. Ол – мемлекеттік грант. Жас студент автокеруен мүшелеріне осы мәселе бойынша қайырылуды жөн санапты. Әділеттің бұл сауалына Тараз инновациялық гуманитарлық университеті қамқоршылар кеңесінің төрағасы Қайрат Байжанов үн қатып, аталған оқу ордасында алғаш рет Өсімдікті қорғау және фитосанитария мамандығы ашылайын деп отырғандығын жеткізіп, осында түсуіне кеңес берді. Және де осындай талабы зор білімгерлердің елімізде көп болғанын қалайтынын да айтып өтті.
Түстен кейін «Рухани жаңғыру» атты автокеруен тобының жұмысы Қарақыстақ ауылында жалғасын тауып, мұнда көбінесе кәсіпкерлік, жастар мәселелері турасында сөз қозғалды. Еске сала кетейік, облыстық прокуратура қызметкерлері мен жастар саясаты мәселелері басқармасының мұрындық болуымен іске асырылған автокеруен жұмысының ауданымызға жасаған сапары «Адасқандар» спектаклімен қорытындыланды.
Марат Дихамбаев. 23.05.2017 жыл
№9 Сананың жаңғыруы – қоғамның жаңғыруы
Біз тоқсан жолдың торабында отырмыз. Бүгінде поездар шекара асып, Қытайға, Иранға, Батыс Еуропа елдеріне қатынайтын болды. Жақында ғана Ташкентке қатынайтын жолаушылар поезы жүру кестесіне қосылды. Мен өзім Луговой станциясы бойынша кезекші әрі ауысым бастығы болған соң жол қозғалысын біліп, олардың белгіленген кестемен кешікпей өтуін қамтамасыз етіп отырамын. Бір тәулікте демей-ақ қояйын, он екі сағат ішінде қазір біздің теміржол бекетінен 28-29 поезд өтеді.
Жол қатынасы экономикамыздың күретамыры болғандықтан, оның маңызы зор. Қазір поездардың жылдамдығы да артты. Өндіріске электровоздар қосылып, поездардың жүру шапшаңдығы ұлғайды. Осының барлығы Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы деп ойлаймын. Шынымды айтсам, бүгінде болат жол бойымен тасымалданатын жүктердің ауқымы бұрынғыға қарағанда қомақты болып келеді. Иранға, Қытайға жаңа жол салынып, теміржол қатынасының әлеуеті артты. Біз кездескен қиыншылықтарға мойымай, күндіз-түні көз ілмей жол қозғалысын ретке келтіріп отырамыз. Жақында баспасөзде Елбасының үшінші рухани жаңғыру туралы мақаласын оқыдым, одан соң Елбасының Қазақстан халқы ассамблеясының ХХV сессиясында сөйлеген сөзін мұқият тыңдадым. Қарап отырсам, бәрі де дұрыс, біз расында қоғамдық сананы жаңғыртуымыз керек екен. Иә, «Туған жер» жобасы ассамблея үшін зор мүмкіндіктерге жол ашып беріп отыр десек, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы ел игілігі үшін риясыз еңбек етіп жүрген жаңа есімдерді анықтап береді деп ойлаймын. Елбасының: «Ұлтына, қай өңірден екеніне, жынысына қарамастан біз олардың барлығын елімізге танытуымыз керек» деген сөзі көкейге қонады.
Біз осы күнделікті күйбең тірлікпен жүріп оны байқай бермейміз. Әйтпесе, өздерінің қарапайым ғана еңбегімен көзге түсіп жүрген өзге ұлттың өкілдері бізде де жетерлік. Мәселен, ұлты орыс, вагондарды тапсыру жөніндегі агент қызметін атқарып жүрген – Наталья Казакеева, башқұрт, поездар қабылдаушы – Рустам Исламов, украин, станция бойынша инженер – Татьяна Тюпина қазақтармен тонның ішкі бауындай болып сыйласып кеткен жандар. Олар біздің Наурыз сияқты ұлттық мерекемізге қатысып, бір-біріне қамқоршы болып, үнемі кішіпейілділік танытып, көппен бірге жүреді. Біз олардың ұлттық дәстүрлерін де құрметтейміз, сыйлаймыз. Бұл менің ойымша, бауырмалдықтың, кісіліктің, адамгершіліктің шынайы белгісі деп ойлаймын.
Сессияға қатысушылар Үндеу қабылдады. Ойым орнықты болуы үшін соның бір жолынан үзінді келтіре кетейін. Онда былай деп жазылыпты: «Қоғамның рухани жаңғыруы үздік дәстүрлер мен ұлттық-мәдени тамырларымызға арқа сүйеуі керек». Қандай тауып айтылған сөз десеңізші? Демек, біз өткенімізді ұмытпауымыз керек екен. Иә, бұл дамуымыздың қағидатына айналуы тиіс деп ойлаймын.
Мұрат Кенжебеков,
Луговой теміржол станциясы бойынша кезекші. 16.05.2017 жыл
№8 Артық ғылым кітапта
Ескен Елубаевтың есімі зиялы қауым арасында ғана емес, қарапайым оқырмандар арасында да кеңінен танымал. Оның қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген 40-тан астам кітабы бар. ҚазМУ-нің филиология факультетін тәмамдаған журналист-жазушы Ескен Елубаев елімізге белгілі белді басылымдарда да еңбек етті. Атап айтар болсақ, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Жалын», «Өнер», «Балауса» баспаларында, сондай-ақ «Балдырған» журналының бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарып, ұзақ жылдар бойы балаларға базарлық сыйлады.Бүгінде жазушының «Балабек», «Асар» сынды пьесалары республикамыздың көптеген театр сахналарында қойылып келеді. Тіпті, «Саған күшік керек пе?» атты автордың пьесасы бойынша кино-фильм түсірілген.
Жуырда Мэлс Өзбеков атындағы мәдениет үйінде ең көп оқитын оқырмандар арасында «Әлемді кітап арқылы танимын» атты аудандық байқау болып өтті. Аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен өткен байқаудың мақсаты – халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, журналист-жазушы Ескен Елубаевтың өмірі мен шығармашылығын халық арасында кеңінен насихаттау. 4 кезеңнен құралған байқауға 7-10, 10-15 жас аралығындағы оқушылар қатысты. Нәтижесінде алғашқы жас мөлшеріндегі оқушылар сайысында жүлделі III орынды Абдулазиз Базарқұл еншілесе, тиісінше жүлделі II және I орын Қазына Оразбай мен Сағыныш Қызылбекке бұйырды. Бас жүлде Дана Ермектің қанжығасына жазылды. Ал 10-15 жас аралығындағы оқушылар додасында жүлделі III орынды Асылжан Асылхан жеңіп алды. Жүлделі II және III орындарды Аружан Бақыт пен Парасат Төлеш өзара бөлісті. Бұл сында Нұргерім Нұрланға тең келер ешкім болмады. Бас жүлде – Нұргерімде. Осылайша, Тараз қаласында өтетін облыстық байқауға берілген 2 жолдаманы Дана мен Нұргерім еншіледі. Оларға тек қана сәттілік. Біз екі оқушыдан жеңіс күтеміз.
Марат Дихамбаев.
№7 Ұлттық жаңғыру – заман талабы
Еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанда» жарияланған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы мәні мен мазмұны, маңызы мен мағынасы қоса өріліп, өзіндік өміршеңдігін көрсеткен көлемді туынды болғаны сөзсіз. Ұлт болмысын бағамдаумен астасып жатқан бұл мақаланы оқыған кез келген адамның тебіренбей қоймасы анық.
Мақаланың «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» деп аталған алғашқы тарауында Нұрсұлтан Әбішұлы жаңа ғасырдың талаптарына төтеп беру үшін экономикамыздың әл-ауқатын арттырып қана қоймай, сананы жаңғыртудың бірнеше ерекшелігін алға тартады. Дәлірек айтқанда, барша қазақстандықтарға салтымызды сақтап, дәстүрлерімізді дәріптеп, рухани байлықтарымызбен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау керектігін жазады. Сөйтіп, жершілдік секілді жаһандық жаңғырудың талаптарымен жанаспайтын жағымсыз әдеттерден арылып, ысырапшылдықты ысырып, ықылым заманнан қалыптасқан ымырагершілікті ыдыратпаудың ыңғайын жұртшылық санасына тағы бір мәрте салады.
Мақаладағы тағы бір бағдар – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының қолға алынуы. Яғни, бұл – әлемдегі әр түрлі тілдегі таңдаулы100 оқулық Ана тілімізге аударылады деген сөз. Кейде студенттер қауымымен кездескенімізде, мемлекеттік тілдердегі оқулықтар санының аздығын алға тартушы еді. Міне, енді олардың да армандары орындалар күннің алыс еместігін аңғарып отырмыз.
Меніңше, президент мақаласында айтылған патриотизмнің парасаттылығын пайымдайтын «Туған жер» бағдарламасы да жастар үшін керемет бастама. Бұл бағдарлама өз кезегінде еліміздің әрбір аймағында өткеннен сыр шертетін көне ғимараттар мен тарихи ескерткіштерді, мәдени нысандарды қалпына келтіруді, өңірлерде өлкетану, экологиялық тазарту жұмыстарын жүргізуді, ауыл аймақты абаттандыруды көздейді. Сонымен қатар, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жүзеге асырылуы да біз үшін қуанышты хабар.
Жасампаздықтың жарқын жылдарында жақсылықтың жанынан табылған жандардың бұл жинағы еліміздің жалынды жастарына да үлгілі жоба болары айдай ақиқат.
Мұхтар Байқұлов,
«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар Қанатының бөлімше басшысы, Жастар ресурстық орталығының инспекторы. 28.04.2017 жыл
№6 Қариялар саяхатта болды
Күн сенбі. Сыйымдылығы 20 адамдық біз мінген автобус аудан әкімшілігі ғимараты жанынан шығып, Таразға бет алды. Көлік ішінде отырған 20-ға жуық қария ә дегеннен-ақ, жолбасшымыз аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Еркін Сейтжапаровпен бірге, барар бағытымыздың жөн-жобасын ақылдасуда. Ал мен болсам іштей жазатын мақаламның құрылысын ойлап әуремін. Әйтеуір Ерекеңнің көлік тізгінін ұстаған Қанат есімді жүргізушіге қарап:
– Қанеке, әуелі Тектұрмас әулиеге кіріп шығайық,-дегені есімде сақталып қалыпты. Айналасы бір жарым сағаттың ішінде Тараз қаласының оңтүстік-шығысында орналасқан «Тектұрмас әулие» мазарына да келдік. Әулиеге құран бағыштап, айналасын аралап шықтық.
Біз, Тектұрмас туралы деректерді шолып отырып, бір тәмсілді көзіміз шалды. Филология ғылымының докторы, профессор Жанғара Дәдебаевтың 2002 жылғы 27 шілде күні «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында:
– Тектұрмас атаның әу бастағы қасиет тұтып қойған есімі – Сұлтан Махмұд екен. Оны бек болып қызмет атқаруға хан сарайына шақырады. Бірақ ол – бек болудан бас тартып, жеке әулиелік жолға түседі. Бектіктен бас тартқандықтан, ел аузында Тектұрмас атаныпты. Жергілікті жұрт Тектұрмас атаның мазарын қасиет тұтып, оның басына шырақ жағып, құрбандық берген,-деген жолдар бар.
Бір анығы, 1864 жылы орыс отрядының зеңбіректері кесене маңына қойылып, қоқандықтармен болған шайқаста оған көп залал келген. Алайда, Елбасының қолдауымен мәдени мұрамызды қайта жаңғырту барысында кесене 2002 жылы ортағасырлық стильге тән жаңа үлгіде салынып, қайта қалпына келтірілген.
Тектұрмас әулие мазарынан кейінгі біз соққан келесі меже – «Айша бибі» кесенесі болды. Зерделеп отырсақ, халық арасында Айша бибі туралы аңыздың 28 түрі айтылады екен. Оның барлығын жазу мүмкін емес. Айша бибінің өмірін мектепте тарих пәнінен оқыған едік. Бәлкім естеріңізде болар. Құран оқып болып, емен-жарқын жайғасқан соң тарихи аңызды «Айша бибі» кесенесінің қор жинақтаушысы Әбдірахым Әбдіжәлелұлынан қайталап болса да сұрадық. Дәл осы жерде тізгінді тартып, қор жинақтаушы айтқан аңызға назар аударайық.
– Жас күнінде Айша Қарахан есімді жігітке ғашық болады. Алайда, жаугершілік заманның зұлматы олардың бақытына кесе-көлденең тұрады. Ештеңеге қарамастан екеуі Қараханның ауылына қарай жол тартады. Ұзақ сапарда Айша бибі суға шомылып жатқанда, сұр жылан ай мүсінді сұлуды шағып алады. Қарахан есінен танып, әлсіреп жатқан Айшаны молдаға апарып, некесін қидырады. Айша бибі осы жерде Қарахан батырдың қолында көз жұмады. Сөйтіп, Айша бибінің қайтыс болған жеріне кесене тұрғызып, дәл сол тұсқа өзіне де мазар салғызған,-дейді қор жинақтаушы.
Көне шаһардағы Сәулет өнерінің тамаша бір туындыларының бірі – «Қарахан баба» кесенесі. Бұл ғимаратты салу барысында 30 түрлі өрнекті кірпіш пайдаланылған. Көне архитектуралық ескерткіш XX ғасырдың басына дейін сақталыпты. 1906 жылы күмбездің орнына жаңа кесене тұрғызылған екен. Біз «Қарахан баба» кесенесіне бас сұққанда аталған ғимараттың қор жинақтаушысы Қалдыхан Жанбосыновпен тілдесе отырып, осындай мәліметтер алдық. Сондай-ақ, Қалдыхан ағамыздан халық аузында мынадай әңгіменің де бар екенін естідік.
X-XII ғасырларда елі мен жерін жау найзасынан қорғаған Қарахан есімді батыр өмір сүрген екен. Талай алыпты тағынан түсіріп, қарсыласының алдында тайсалмаған Қарахан қас жауының қызына ғашық болады. Көп ұзамай қыз әкесінің бұл некеге қарсы болатынын білген соң сүйгенін алып қашуға бел буады. Екі жастың қол ұстасып қашып кеткенін естіген қыздың әкесі сарбаздарына оларды өлтіруді бұйырады. Қуған нөкерлерден қашамыз деп ғашықтар ұзақ жол жүреді. Арада біраз уақыт өткен соң тоқтаусыз шапқылай беруден шаршаған ару Аса өзеннің жағалауына аялдауды сұрайды. Сол мезетте хан жарлығын бұлжытпай орындауды жөн көрген сарбаздар Қарахан мен Айша бибіні көре салысымен қыздың сәукелесіне жылан салып қояды. Бақыттың құшағында жүрген ғашықтар мұны байқамай қалады. Ақырында сәукелесін кие берген кезде Айша сұлуды жылан шағып алады. Осы сәтте ғашығының өз қолында өлім құшып бара жатқанын көрген Қарахан алай-дүлей күйге түсіп, мына өмірден баз кешеді. «Бұл жалғанда бірге болу бұйырмаса да, о дүниеде жұбымыз жазылмасын» деп, сүйгенін жақын маңдағы молдаға апарады. Қараханның Айшаға деген адал махаббатын көзбен көрген молда ғашықтарға батасын беріп, некесін қияды. Сөйтіп қос ғашықтың отбасылық бақыты небары санаулы күнге созылады. Ешбір жауының алдында иілмеген батыр тағдырдың алдында бас иіп, Айша бибі қайтыс болған жерге мазар салдырады. Өмірінің соңына дейін ақ киім киіп, Айша бибі мазарында түнейді. Жаратқанға жалбарынып, кешірім сұрайды. Осы адалдығы үшін халық оны есінде сақтап, содан бұл жер Әулие ата аталып кеткен» екен дейді қор жинақтаушы тарихтан сыр шертіп. Қарахан кесенесі төрт бұрышты. Ортаңғы кең және үш кіші бөлмеден тұрады. Артқы жағында екі мұнарасы бар. Кесененің қас беті оңтүстікке қараған. Қабырғаларының ішкі жағы кесененің бұрынғы өз кірпіштерімен қаланып, сыртқы көрінісіне заманауи үлгідегі жаңа кірпіштер пайдаланылған.
PS: «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақ. Қайтар жолда автобус ішінде ақсақалдар аудан әкіміне алғыстарын осылай жаудырды. Шынында да, алғыстан басқа айтар сөз де жоқ. Өз басым тарихи жәдігерлерді аралап жүріп, көптеген әңгімелер тыңдадым. Мұрат ақсақалдың, Сайлау аталарымның ақ батасын алдым. Құдай қарттықа жеткізсін!
М. Дихамбаев. 25.04.2017 жыл
№ 5 Жаңғырудың жаңа моделі
Алаштың ардақты ұлы Әлихан Бөкейхан «Газет – ғұмыр айнасы» деп айтып кеткен. Содан болу керек, еліміздегі белді басылымдардардан бастап, облыстық газеттерде жарыққа шығып жатқан мақалаларды өз басым үзбей оқимын. Жақында ғана «Егемен Қазақстан» газетінде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген тақырыппен ойлы әрі көлемді мақаласы жарық көрді. Елбасы қаламынан туған бұл мақала кім-кімді де болса, ойландырмай қоймайтыны анық. “Неге бұлай?” дегенге келсек, оның да өзіндік себептері бар. Соның алғашқысы һәм бірегейі – ұлттың кодын сақтау мәселесі. Президенттің аталған мақаласында ұлт жайында айтылатын толғаулы ойларды оқығанда еріксіз ойға қаласың. Рухың оянады. Білімге құштарлығың артады. Шынтуайтын айтсақ, мұндай мақала жазу – саңлақ саясаткердің ғана қолынан келеді.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың қатарында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды XXI ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы,- деп жазады президент «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында.
Қазақстан халқына арнаған Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім саласындағы реформаларға жан-жақты талдау жасап, оны көкейге қонымды мысалдармен түсіндірген еді. Жолдауда айтылған білім турасындағы пікірлер Елбасы мақаласында тіпті кеңінен баяндалады.
Ұлттың тағдыры – баршамызға жүктелген міндет.Тоқсан ауыз сөздің төркінін қорытындылай келе, біз,барша қазақстандықтар, жетістікке жетудің жаңа жолын қаласақ, әрқашан Елбасы бастамаларын қолдауымыз керек.
Орындық Рысқұлова,
Ақтоған орта мектебінің директоры.
№4 Ұлттық рух – киноның негізгі өзегі
Қазақтың тұңғыш кино фильмі «Амангелді» екенін бәріміз жақсы білеміз. Одан кейін де «Қыз бен жігіт» ,«Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Менің атым Қожа» секілді қайталанбас шедевр туындылар түсірілді. Барлығы да адамды еш жалықтырмайды. Көре бергің келеді, көре бергің келеді.Шын мәнінде, бұл дарынына күллі әлем қол соққан қазақтың талантты ұлдары Шәкен Аймановтың, Сұлтан Қожықовтың, Абдолла Қарсақбаевтың көрегендігінің арқасы. Олар ұлтын шексіз сүйген дана режиссерлар. Техника дамымаған заманда осындай кино түсіріп, елді елең еткізді. Кейбір кинолардан мезі болуың бек мүмкін, ал, біз атаған киноларда ондайға жол жоқ. Неліктен дегенге, себебін айтар болсақ, онда шынайылық, қазақылық, ұлттық рух бар дер едік. Сонысымен мәнді, сонысымен құнды. Осылайша бұл туындылар қазақ киносының тарихында алтын әріптермен жазылып, кино қорымыздың жәдігер мұрасына айналды.
Ал бүгін ше? Тәуелсіздіктен кейін дәл сондай фильмдер түсіре алдық па? Меніңше, түсірдік. Сонау 90-жылдарға соқпай-ақ, соңғы 5-6 жыл көлемінде экранға жол тартқан отандық фильмдерге зер салып көрейікші. Мысалы, Досхан Жолжақсыновтың «Біржан сал» фильмі қандай керемет туынды. Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманатында» да ерекше серпіліс бар. Сатыбалды ағаның «Мұстафа Шоқайы» қандай? Иә, еліміздегі режиссура саласына сыншылар тарапынан көптеген сындар айтылады. Әсіресе, кино режиссураға. Бірақ бұл сындардың барлығы да уақытша екеніне көзіміз жетіп отыр. Бірі – көрген шығар, бәлкім, бірі – көрмеген де шығар. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай елімізде «Анаға апарар жол», «28 панфиловшы», «Әміре» сондай-ақ, «Қазақ елі», «Күлтегін» сынды анимациялық топтамалар жарыққа шыққаны белгілі. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірі мен қызметтік жолын арқау еткен 5 бөлімнен тұратын Елбасы киноэпопеясы да мамандар тарапынан жоғары бағаланған фильм. Оған жақында ғана отандық кинотеатрлардан берілген «Алмас қылыш» фильмін қосыңыз. Барлығында да режиссерлік еңбектің көрінісі аңғарылып тұр. Осы туындыларды көрген әрбір адам жоғарыдағыдай пікірде болмас еді. Бұл – бір. Екіншіден, әлемдік кино фестивальдерге ұлттық кескін-келбетімізді әйгілейтін аталған киноларды еш қымсынбай, қатыстыруға әбден болады.
Өз басым «Анаға апарар жол» фильмін көріп, қазақтығымды, асқақтығымды сезіндім. Міне, ұлттық рух, қазақы намыс. Қоғамға мұндай кинолар қажет. Және сол қажеттіліктің орнын «Анаға апрар жол» ақтай білді. «Алмас қылышта» да дәл солай. Бұл мұнымен шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта қазақтың даңқын асыратын тұщымды киноларды біз көретін боламыз. Оған қылаудай күмәніңіз болмасын.
Құрметті оқырман, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен «Ұлттық фильм өндірісі» бағдарламасы шеңберінде түсірілген Елбасы киноэпопеясы, «Алмас қылыш», «Анаға апарар жол», «Әміре», «28 панфиловшы» фильмдерімен қоса, «Қазақ елі», «Күлтегін» атты анимациялық топтамаларды аудандық «Сұлутөр» кинотеатрының ұжымы көрермен назарына ұсынуда. Аталған кинолар мен топтамаларды көрсеңіз шынында да бір демалып қаласыз. Ендеше, бабаларымыздың батырлығы мен ержүректілігіне көз жеткізіп, қазақы қалпымызға қаныққыңыз келсе, «Сұлутөрге» соғуды ұмытпаңыз.
Марат Дихамбаев. 21.04.2017 жыл
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті
Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру
КІРІСПЕ
Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты. Мен жыл басындағы халыққа Жолдауымда Қазақстанның үшінші жаңғыруы басталғанын жарияладым.
Осылайша, біз қайта түлеудің айрықша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға алдық.
Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.
Аталған екі жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері, басымдықтары мен оған жеткізетін жолдары бар. Мен көздеген жұмыстарымыздың бәрі дер уақытында және барынша тиімді жүзеге асарына сенімдімін. Бірақ, ойлағанымыз орындалу үшін мұның өзі жеткіліксіз.
Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.
Рухани жаңғыру тек бүгін басталатын жұмыс емес.
Біз Тәуелсіздік кезеңінде бұл бағытта бірнеше ауқымды іс атқардық.
2004 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандарды жаңғырттық.
2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең белді архивтерінен төл тарихымызға қатысты құжаттарды жүйелі түрде жинап, зерттедік.
Енді осының бәрінен де ауқымды және іргелі жұмыстарды бастағалы отырмыз.
Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім.
І. ХХІ ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА ТУРАЛЫ
Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек.
ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі – олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай.
Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық.
Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды.
Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды.
Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы.
Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын.
Бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытын атап өтер едім.
- Бәсекелік қабілет
Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады.
Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы. Бұл материалдық өнім ғана емес, сонымен бірге, білім, қызмет, зияткерлік өнім немесе сапалы еңбек ресурстары болуы мүмкін.
Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы.
- Прагматизм
Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңғыруымыз мүмкін емес.
Төл тарихымызға, бабаларымыздың өмір салтына бір сәт үңіліп көрсек, шынайы прагматизмнің талай жарқын үлгілерін табуға болады.
Халқымыз ғасырлар бойы туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтап, оның байлығын үнемді, әрі орынды жұмсайтын теңдесі жоқ экологиялық өмір салтын ұстанып келді.
Тек өткен ғасырдың ортасында, небәрі бірнеше жыл ішінде миллиондаған гектар даламыз аяусыз жыртылды. Ықылым замандардан бері ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келген ұлттық прагматизм санаулы жылда адам танымастай өзгеріп, ас та төк ысырапшылдыққа ұласты. Соның кесірінен, Жер-Ана жаратылғаннан бері шөбінің басы тұлпарлардың тұяғымен ғана тапталған даланың барлық құнары құрдымға кетті. Түгін тартсаң майы шығатын мыңдаған гектар миялы жерлеріміз экологиялық апат аймақтарына, Арал теңізі аңқасы кепкен қу медиен шөлге айналды.
Осының бәрі – жерге аса немқұрайлы қараудың ащы мысалы.
Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек.
Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді.
Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы.
Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі. Ұлт немесе жеке адам нақты бір межеге бет түзеп, соған мақсатты түрде ұмтылмаса, ертең іске аспақ түгілі, елді құрдымға бастайтын популистік идеологиялар пайда болады.
Өкінішке қарай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес. Өткен ғасырдың басты үш идеологиясы – коммунизм, фашизм және либерализм біздің көз алдымызда күйреді.
Бүгінде радикалды идеологиялар ғасыры келмеске кетті. Енді айқын, түсінікті және болашаққа жіті көз тіккен бағдарлар керек. Адамның да, тұтас ұлттың да нақты мақсатқа жетуін көздейтін осындай бағдарлар ғана дамудың көгіне темірқазық бола алады. Ең бастысы, олар елдің мүмкіндіктері мен шама-шарқын мұқият ескеруге тиіс.
Яғни, реализм мен прагматизм ғана таяу онжылдықтардың ұраны болуға жарайды.
- Ұлттық бірегейлікті сақтау
Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді.
Оның екі қыры бар.
Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту.
Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін?
Қатер жаңғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс.
Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.
Сонымен бірге, жаңғыру ұғымының өзі мейлінше көнерген, жаһандық әлеммен қабыспайтын кейбір дағдылар мен әдеттерден арылу дегенді білдіреді.
Мысалы, жершілдікті алайық. Әрине, туған жердің тарихын білген және оны мақтан еткен дұрыс. Бірақ, одан да маңыздырақ мәселені – өзіңнің біртұтас ұлы ұлттың перзенті екеніңді ұмытуға әсте болмайды.
Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қосқан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді.
Осының бәрін егжей-тегжейлі айтып отырғандағы мақсатым – бойымыздағы жақсы мен жаманды санамалап, теру емес. Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын.
Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.
Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек.
- Білімнің салтанат құруы
Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет.
Тәуелсіздік жылдарында қыруар жұмыс жасалды. Біз он мыңдаған жасты әлемнің маңдайалды университеттерінде оқытып, дайындадық. Бұл жұмыс өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының басында қолға алынған «Болашақ» бағдарламасынан басталды. Елімізде өте жоғары деңгейдегі бірқатар университеттер ашылды, зияткерлік мектептер жүйесі қалыптасты. Басқа да көптеген іс тындырылды.
Дегенмен, білімнің салтанаты жалпыға ортақ болуға тиіс. Оның айқын да, бұлтартпас себептері бар. Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді.
Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген.
Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді.
Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз.
Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді.
- Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы
Биыл Еуразия құрлығының ұлан-ғайыр аумағын астаң-кестең еткен 1917 жылдың қазан айындағы оқиғаға 100 жыл толады.
Күллі ХХ ғасыр революциялық сілкіністерге толы болды. Бұл осы аумақтағы барша ұлттарға мейлінше әсер етіп, бүкіл болмысын өзгертті.
Әрбір жұрт тарихтан өзінше тағылым алады, бұл – әркімнің өз еркіндегі шаруа.
Біреуге өзіңнің көзқарасыңды еріксіз таңуға ешқашан болмайды. Бізге тарих туралы өздерінің субъективті пайымдарын тықпалауға да ешкімнің қақысы жоқ.
Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұлмат ғасыр болды.
Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып келе жатқан өзімізге ғана тән жолы біржола күйретіліп, қоғамдық құрылымның бізге жат үлгісі еріксіз таңылды.
Екіншіден, ұлтымызға адам айтқысыз демографиялық соққы жасалды. Оның жарасы бір ғасырдан бері әлі жазылмай келеді.
Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаздады.
Төртіншіден, еліміздің көптеген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды. Әрине, тарих тек ақтаңдақтардан тұрмайды.
ХХ ғасыр Қазақстанға бірқатар игіліктерін де берді.
Индустрияландыруды, әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымдардың құрылуын, жаңа интеллигенцияның қалыптасуын осыған жатқызуға болады.
Бұл кезеңде елімізде белгілі бір жаңғыру болды. Бірақ, бұл – ұлттың емес, аумақтың жаңғыруы еді.
Біз тарихтың сабағын айқын түсінуіміз керек. Революциялар дәуірі әлі біткен жоқ. Тек оның формасы мен мазмұны түбегейлі өзгерді.
Біздің кешегі тарихымыз бұлтартпас бір ақиқатқа – эволюциялық даму ғана ұлттың өркендеуіне мүмкіндік беретініне көзімізді жеткізді.
Бұдан сабақ ала білмесек, тағы да тарихтың темір қақпанына түсеміз. Ендеше, эволюциялық даму қағидасы әрбір қазақстандықтың жеке басының дербес бағдарына айналуға тиіс.
Бірақ, қоғамның эволюциялық дамуы қағида ретінде мәңгі тұмшаланудың синонимі емес.
Сол себепті, тарихтың ащы сабағын түсініп қана қоймай, өзіміз күнде көріп жүрген қазіргі құбылыстардан ой түйіп, болашақтың беталысына қарап, пайым жасай білу де айрықша маңызды.
Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды. Бірақ, бәрі де, түптеп келгенде, қантөгіспен, экономикалық күйреумен аяқталатынын көріп отырмыз.
Сондықтан, әлемдегі оқиғаларды ой елегінен өткізіп, қорытынды жасау – қоғамның да, саяси партиялар мен қозғалыстардың да, білім беру жүйесінің де ауқымды дүниетанымдық, рухани жұмысының бір бөлігі.
- Сананың ашықтығы
Көптеген проблема әлемнің қарқынды өзгеріп жатқанына қарамастан, бұқаралық сана-сезімнің «от басы, ошақ қасы» аясында қалуынан туындайды.
Бір қарағанда, жер жүзіндегі миллиардтан астам адам өзінің туған тілімен қатар, кәсіби байланыс құралы ретінде жапатармағай оқып жатқан ағылшын тілін біздің де жаппай және жедел үйренуіміз керектігі еш дәлелдеуді қажет етпейтіндей.
Еуропалық Одақтың 400 миллионнан астам тұрғыны ана тілдері – неміс, француз, испан, итальян немесе басқа да тілдерді сыйламай ма? Әлде 100 миллиондаған қытай мен индонезиялықтар, малайлар ағылшын тілін еріккеннен үйреніп жатыр ма?
Бұл – бәзбіреулердің әншейін қалауы емес, жаһандық әлемге еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты.
Бірақ, мәселе бұған да тіреліп тұрған жоқ. Сананың ашықтығы зерденің үш ерекшелігін білдіреді.
Біріншіден, ол дүйім дүниеде, Жер шарының өзіңе қатысты аумағында және өз еліңнің айналасында не болып жатқанын түсінуге мүмкіндік береді.
Екіншіден, ол жаңа технологияның ағыны алып келетін өзгерістердің бәріне дайын болу деген сөз. Таяудағы он жылда біздің өмір салтымыз: жұмыс, тұрмыс, демалыс, баспана, адами қатынас тәсілдері, қысқасы, барлығы түбегейлі өзгереді. Біз бұған да дайын болуымыз керек.
Үшіншіден, бұл – өзгелердің тәжірибесін алып, ең озық жетістіктерін бойға сіңіру мүмкіндігі. Азиядағы екі ұлы держава – Жапония мен Қытайдың бүгінгі келбеті – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланудың нағыз үлгісі.
«Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі.
Егер қазақстандықтар жер жүзіне үйден шықпай, терезеден телміріп отырып баға беретін болса, әлемде, құрлықта, тіпті іргедегі елдерде қандай дауыл соғып жатқанын көре алмайды.
Көкжиектің арғы жағында не болып жатқанын да біле алмайды. Тіпті, бірқатар ұстанымдарымызды түбегейлі қайта қарауға мәжбүрлейтін сыртқы ықпалдардың байыбына барып, түсіне де алмай қалады.
ІІ. ТАЯУ ЖЫЛДАРДАҒЫ МІНДЕТТЕР
Қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге, біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап етеді.
Осыған байланысты, мен алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынамын.
Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық.
Қазақ тілінің әліпбиі тым тереңнен тамыр тартатынын білесіздер.
VI–VII ғасырлар – ерте орта ғасыр кезеңі. Бұл уақытта Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды.
Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі ретінде белгілі.
V–XV ғасырларда түркі тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды.
Мәселен, Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылып келді.
Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады.
Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды.
1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады.
Латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды.
1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды.
Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.
Мен 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігін» мәлімдедім.
Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз.
Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз.
Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай, бұл жұмысты осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз. Үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауы керек.
Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты.
Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес.
2017 жылдың аяғына дейін ғалымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақылдаса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керек. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет.
Алдағы 2 жылда ұйымдастыру және әдістемелік жұмыстар жүргізілуге тиіс.
Әрине, жаңа әліпбиге бейімделу кезеңінде белгілі бір уақыт кириллица алфавиті де қолданыла тұрады.
Екіншіден, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға аламыз.
Оның мәні мынада:
- Біз тарих, саясаттану, әлеуметтану, философия, психология, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге толыққанды білім беруге қажетті барлық жағдайды жасауға тиіспіз. Гуманитарлық зиялы қауым өкілдері еліміздің жоғары оқу орындарындағы гуманитарлық кафедраларды қайта қалпына келтіру арқылы мемлекеттің қолдауына ие болады. Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет.
- Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз.
- Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек. Ол Үкіметтің тапсырысы бойынша 2017 жылдың жазынан тиісті жұмыстарға кірісе бергені жөн.
Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз?
Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз.
Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз.
Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қоғамда орнықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім ордаларының аудиторияларында қаланады.
Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды. Сол себепті, уақыт ұттырмай, ең заманауи, таңдаулы үлгілерді алып, олардың қазақ тіліндегі аудармасын жасауымыз керек.
Бұл – мемлекеттің міндеті.
Үкімет мұны аудармашы мамандармен қамтамасыз ету, авторлық құқық, оқу-әдістемелік бағдарламалар мен профессорлық-оқытушылық құрамды белгілеу сияқты жайттарды ескере отырып, кешенді түрде шешуі керек.
Үшіншіден, Қазақ «Туған жерге туыңды тік» деп бекер айтпаған.
Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады.
Сол себепті, мен «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынамын. Оның ауқымы ізінше оп-оңай кеңейіп, «Туған елге» ұласады.
Мәселен, «Ауылым – әнім» атты әнді айтқанда, «Туған жерін сүйе алмаған, сүйе алар ма туған елін» деп шырқайтын едік қой. Бажайлап қарасақ, бұл – мағынасы өте терең сөздер.
Бағдарлама неге «Туған жер» деп аталады? Адам баласы – шексіз зерденің ғана емес, ғажайып сезімнің иесі. Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегінің түбінде әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды.
Туған жерге, оның мәдениеті мен салт-дәстүрлеріне айрықша іңкәрлікпен атсалысу – шынайы патриотизмнің маңызды көріністерінің бірі.
Бұл кез келген халықты әншейін біріге салған қауым емес, шын мәніндегі ұлт ететін мәдени-генетикалық кодының негізі.
Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты ғана қорғаған жоқ.
Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті.
Туған жерге деген сүйіспеншілік нені білдіреді, жалпы, бағдарламаның мәні неде?
Бірінші, бұл білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.
Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі.
Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс.
Екінші, басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек.
Үшінші, жергілікті билік «Туған жер» бағдарламасын жинақылықпен және жүйелілікпен қолға алуға тиіс.
Бұл жұмысты өз бетімен жіберуге болмайды, мұқият ойластырып, халыққа дұрыс түсіндіру қажет.
Туған жеріне көмек жасаған жандарды қолдап-құрметтеудің түрлі жолдарын табу керек.
Бұл жерде де көп жұмыс бар.
Осы арқылы қалаларды көгалдандыруға, мектептерді компьютерлендіруге, жергілікті жоғары оқу орындарына демеушілік жасауға, музейлер мен галереялар қорын байыта түсуге болады.
Қысқаша айтқанда, «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналады.
Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады.
Төртіншіден, жергілікті нысандар мен елді мекендерге бағытталған «Туған жер» бағдарламасынан бөлек, біз халықтың санасына одан да маңыздырақ – жалпыұлттық қасиетті орындар ұғымын сіңіруіміз керек.
Ол үшін «Қазақстаның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек.
Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны сол халықтың әрбір азаматы біледі.
Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі.
Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған. Бірақ, осынау рухани географиялық белдеуді мекен еткен халықтың тонның ішкі бауындай байланысы ешқашан үзілмеген.
Біз тарихымызда осынау көркем, рухани, қастерлі жерлеріміздің біртұтас желісін бұрын-соңды жасаған емеспіз.
Мәселе еліміздегі ескерткіштерді, ғимараттар мен көне қалаларды қалпына келтіруде тұрған жоқ.
Идеяның түпкі төркіні Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Бекет ата кесенесін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді.
Мұның бәрі тұтаса келгенде халқымыздың ұлттық бірегейлігінің мызғымас негізін құрайды.
Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек.
Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз.
Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы.
Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз.
Биыл Үкімет жұртшылықпен ақылдаса отырып, жобаны әзірлеуі керек. Онда үш мәселе қамтылғаны жөн. Нақтырақ айтқанда:
- Аталған «Мәдени-географиялық белдеудің» рөлі мен оған енетін орындар туралы әрбір қазақстандық білуі үшін оқу-ағарту дайындығын жүргізу қажет.
- БАҚ осыдан туындайтын ұлттық ақпараттық жобалармен жүйелі түрде, мықтап айналысуы керек.
- Ішкі және сыртқы мәдени туризм халқымыздың осы қастерлі мұраларына сүйенуге тиіс. Мәдени маңыздылығы тұрғысынан біздің Түркістан немесе Алтай – ұлттық немесе құрлықтық қана емес, жаһандық ауқымдағы құндылықтар.
Бесіншіден, заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабілеті деген сөз. АҚШ-тың «қырғи-қабақ соғыс» кезіндегі табысының қомақты бөлігі Голливудтың еншісінде.
Біз ХХІ ғасырдың жаһандық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз.
Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.
Бұл жоба нені көздейді?
Бірінші, отандық мәдениет БҰҰ-ның алты тілі – ағылшын, орыс, қытай, испан, араб және француз тілдерінде сөйлеуі үшін мақсатты ұстаным болуы шарт.
Екінші, ол бүгінгі қазақстандықтар жасаған және жасап жатқан заманауи мәдениет болуға тиіс.
Үшінші, мәдени қазыналарымызды әлем жұртшылығына таныстырудың мүлдем жаңа тәсілдерін ойластыру керек.
Мәдени өнімдеріміз тек кітап түрінде емес, әртүрлі мультимедиалық тәсілдермен де шыққаны абзал.
Төртінші, бұған ауқымды мемлекеттік қолдау жасалуы қажет. Сыртқы істер, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар министрліктері жүйелі түрде, қоян-қолтық жұмыс істеуі керек.
Бесінші, бұл жұмыста шығармашылық зиялы қауым, оның ішінде Жазушылар одағы мен Ғылым академиясы, университеттер мен қоғамдық ұйымдар үлкен рөл атқаруға тиіс.
Біз заманауи мәдениетіміздің қандай өкілдері әлемдік аренаға жол тартуы керектігін анықтап алуымыз керек.
Ұлттық мәдениетіміздің озық үлгілерін іріктеп алғаннан кейін шетелдерде оларды таныстыру рәсімдерін өткіземіз.
2017 жыл жер жүзіне мәдениет саласындағы қай жетістіктерімізді көрсете алатынымызды айқындап алу тұрғысынан шешуші жыл болмақ. Содан соң бірегей бағдарламаны 5-7 жылда тыңғылықты жүзеге асырамыз.
Осылайша, мың жылдық тарихымызда төл мәдениетіміз тұңғыш рет әлемнің барлық құрлықтарына жол тартып, басты тілдерінде сөйлейтін болады.
Алтыншыдан, ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауға тиіс.
Мен бүгінгі замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аударуды ұсынамын.
Бұл идеяны «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырған жөн.
Еліміздің Тәуелсіздік жылнамасы жазыла бастағанына небәрі 25 жыл болды. Бұл – тарих тұрғысынан қас қағым сәт десек те, еліміз үшін ғасырға бергісіз кезең. Әрине, жасалған жұмыстардың маңызы мен ауқымына ешбір күмән жоқ.
Дегенмен, осы қыруар істі атқарған, ел дамуына зор үлес қосқан азаматтардың өздері мен олардың табысқа жету тарихы әдетте құрғақ фактілер мен цифрлардың тасасында қалып қояды. Шын мәнінде, Қазақстанның әрбір жетістігінің артында алуан түрлі тағдырлар тұр.
«Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы – Тәуелсіздік жылдарында табысқа жеткен, еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы, сан алуан этнос өкілдерінің тарихы.
Жобада нақты адамдардың нақты тағдырлары мен өмірбаяндары арқылы бүгінгі, заманауи Қазақстанның келбеті көрініс табады.
Біз «Жаныңда жүр жақсы адам» деген сөздің байыбына бара бермейміз. Шын мәнінде, Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан қаншама замандастарымыз бар. Олардың жүріп өткен жолдары – кез келген статистикадан артық көрсеткіш.
Сондықтан, оларды телевизиялық деректі туындылардың кейіпкеріне айналдыруымыз керек. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек.
Қазіргі медиамәдениетті суырыла сөйлейтін «шешендер» емес, өмірдің өзінен алынған шынайы оқиғалар қалыптастырады. Мұндай оқиғаларды көрсету бұқаралық ақпарат құралдарының басты нысанасына айналуға тиіс.
Бұл жоба үш мәселені шешуге бағытталғаны жөн.
- Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты адамдарды қоғамға таныту.
- Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру.
- «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау. Ел-жұрт ұлтымыздың алтын қорына енетін тұлғаларды білуге тиіс.
ҚОРЫТЫНДЫ
Мемлекет пен ұлт құрыштан құйылып, қатып қалған дүние емес, үнемі дамып отыратын тірі ағза іспетті. Ол өмір сүру үшін заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы керек. Жаңа жаһандық үрдістер ешкімнен сұрамай, есік қақпастан бірден төрге озды. Сондықтан, заманға сәйкес жаңғыру міндеті барлық мемлекеттердің алдында тұр. Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр. Мен барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақ жаңғыру жөніндегі осынау ұсыныстардың маңызын терең түсінеді деп сенемін. Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді.
№ 3 ТҮБЕГЕЙЛІ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ЖАҢА ИДЕЯЛАР – БАЯНДЫ БОЛАШАҒЫМЫЗДЫҢ КЕПІЛІ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты саяси Тұжырымдамасы «ХХІ ғасырдағы ұлттық сана» мен «Таяу жылдардағы міндеттер» деген екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Елбасы бәсекелестік қабілет пен прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау мен білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығына саяси тұрғыдан баға береді. Ал, екінші бөлімде қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіре отырып, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын қарпіне көшуді бастаймыз, сондай-ақ, «Жаңа гуманитарлық білім, Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу, Ұлттық аударма бюросын құру, «Туған жер» бағдарламасын қолға алу, «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыру, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын қолға алу туралы тың идеялар айтылады.
№2 “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” идеясы
колледж оқушылары арасында қолдау тапты
Құлан ауыл шаруашылығы колледжінің оқушылары алғашқылардың бірі болып Елбасының болашақ туралы тұжырымдамаларымен жан-жақты танысты. Осыған дейін Елбасы Жолдауын педагогтар мен оқушы студенттер арасында талқылау кезінде зор белсенділік көрсеткен колледж оқытушылары әрі насихатшылары Мая Бағылбекова, Ұлбосын Акишева және Ақерке Мақұлбековалар бұл жолы да Президентіміздің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тұжырымдамасын талқылап, оны жастар арасында кеңінен түсіндіруге белсене кірісіп кетті. Насихатшылар тіл мен оның келешегі жайлы, «Туған жер» бағдарламасындағы патриотизм туралы Елбасы идеясын жастарға сүйіспеншілікпен насихаттауда.
Біз барған күні колледж директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары (суретте) Ержан Әлібаевтың өзі агрономия және жеміс-көкөніс өсіру мамандықтарына оқып жатқан бірінші курстың оқушыларымен әңгіме өткізіп, Елбасының Тұжырымдамасын әңгімелеп беруде екен.
С.Қожеке, Т.Досмамбетов.
№1 Жаңғырудың жаңа сипаты
Жыл басынан бастау алған екі дүркін жаңғыру – конституциялық реформа және экономикалық жаңғырумен қатар, «Егемен Қазақстан» газетінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген тақырыппен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың көлемді мақаласы жарық көрді. Бұл мақаланың шығуының негізгі себебі де айқын. Өйткені, мемлекет пен ұлттың үнемі даму үрдісін заман талабы көрсетіп отыр. Сол өзгерістерге толы заман ағымына саналы түрде бейімделуге қабілетті болуы үшін барша қазақстандықтар, әсіресе, жас ұрпақтың санасына жаңғырудың маңызын терең түсіндіру мен оларға ұлттық мәдениетті бойында сақтауды үйрету, қалыптастыру басты мақсат болып айқындалды.
Әрине, Ұлт Көшбасшысының мақаласы көкейкесті мәселелердің бірі өскелең жас ұрпақтың болашақтағы кейпін жандандыра түсті. «Жас ағаш иілгіш келеді» деген дана халқымыздың сөзіне ұласа келген бұл мақаланың тармақтары біздерді бейқам қалдырмасы анық.
Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейліктің сақталуы, білімнің салтанат құруы, Қазақстаннның дамуы, сананың ашықтығы әр қазақстандыққа тиесілі ұғымдар.
Тәуелсіздікке дейін және Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктер мақтан тұрарлық дүниелер. Сол себепті, «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымыздың қуанышты ғұмырын лайым баянды ету үшін және барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы екені бәрімізге мәлім.
– Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет, – деген Елбасымыздың сөзін қуаттай келе, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың аз еместігін айтқым келеді. Көптеген дамыған елдердің озық технологиялары мен әдістерін меңгере отырып, өзіміздің ұлттық болмысымызды сақтау қажеттігі әрдайым ойымызда тұрып қана қоймай, оны іске асыру өте маңызды әрекеттердің бірі.
Жүрісі жылдам дәуірге аяқ басуға кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетері көптеген жылдар тәжірибесінің нәтижесі.
“Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, “Құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді” деген Мемлекет басшысының сөздері мәңгілік елдің жалғасы өскелең жас ұрпағымыздың ертеңіне арнау болмақ екенін әрқайсымыз сезініп, сенуіміз қажет.
Ләззат Өтеулиева,
аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы. 17.04.2017 жыл