home
home home

Досымжан ДОМБЫРА тарту етті

Досымжан ДОМБЫРА тарту етті Соңғы екі жылдың көлемінде облыс аумағында «Туған мектепке тағзым» атты тамаша акция ұйымдастырылып келеді. Осыған дейін ауданнан түлеп ұшып, елімізге танымал тұлғаға айналған бірнеше айтулы азаматтардың өзі оқыған мектептерге келіп, ондағы ұстаздары мен мектеп оқушылары алдында келелі әңгіме өрбітіп, ала келген кәде сыйларын тарту еткендерін жарыса жазған едік. Аталған акцияға үн қосу мақсатымен жуырда әнші Досымжан Таңатаров туған ауылы Құмарыққа Астанадан ат терлетіп арнайы келді. Біз барғанда Болтай батыр атындағы орта мектептің ұстаздары Досымжанды қаумалап алыпты. Әнші ұлдарын сағынып қалғандары күлімдеген көздерінен, жанға жайлы сөздерінен анық байқалып тұрды. Бірі ауылға арнайы концерт беруін, енді бірі жерлес сазгер Мелс Өзбековтың «Шал тауының баурайында ауылым бар, Қаракемер» атты әнін жарыққа шығаруын өтініп жатты.

– Мен ауылынан қол үзген жандардың қатарынан емеспін. Қарашаңырақ, үлкен үй осында. Жыл сайын жазғы мезгілде алтын бесік ауылыма келіп, аунап-қунап қайтамын. Әр келгенімде үйдегі ет жақын бауырларымнан бөлек ауылымның барлық адамдары қуанып жатады. Бүгінгі сәт, жаңағы емен-жарқын әңгіме соның бір көрінісі деп білемін, -дейді Досымжан бізге берген сұхбатында тебірене сөйлеп. – Қолымнан келгенше құр келмеуге тырысамын. Сонау бір жылдары өнердегі достарымды ертіп келіп концерт бергенім бар, ал бүгін мектептегі оқушылар ұлттық болмысымыздан, ұлттық өнерімізден қол үзіп кетпесін деген ниетпен ұлтымыздың ұлы мұрасы ұлттық аспаптарды алып келіп отырмын. Оны жаңа ғана мектептің ән сабағынан беретін ұстазы Бақытжан Жаңабердиевке табыс еттім. Енді оқушыларымыз домырада күй тартып, қобыздың қылын шертіп, сазсырнайдың үнін тыңдап, аса таяқты қолына ұстап, ұлттық дүниеден нәр алып тұрса, ол менің түпкі арманымның орындалғаны, – деп ағынан жарылды. Расында да ауыл балалары атын естігені болмаса қолына ұстап көрмеген ұлттық аспаптардың біразын көз шалды. Оның ішінде жоғарыда аталғандардан бөлек, сыбызғы, дауылпаз, шаңқобыз секілді тағы бірнеше ансамблге қажетті ұлттық аспаптар менмұндалап тұр. Келешекте осындағы өнерге бейім жастар ұстаздарымен бірге ұжымдық дүниені жасап, ансамбл құрып, ұлттық өнеріміз ұлықталып жатса, содан сусындап өскен өзгесі ұлттық болмыстан ажырамай, қазақы қалпын сақтап қалатыны анық. Қазіргі жаһандау заманында бұл аса қажет, орынды бастама болды. Біз осыған қуандық.

Досымжанның ауылға келетінінен хабардар «Хабар» телеарнасының тілшілері де осында жүр. «Алтын бесік» деп аталатын танымдық бағдарламаларының кезекті кейіпкері Досымжан болмақ. Бағдарлама түсіріліміне қатысқан ұстаздар қауымы әншімен бірге суретке түсіп, онымен қимай қоштасты. Ауыл мектебінен соң, ауылдық мәдениет үйіне бас сұққан әнші ол жерде өнердегі ұстаздарының бірі Атханбек Саймұратовты көріп, қатты қуанды. Бала күнінде онымен бірге гастролдік сапарларға шығып, ән салған кездерін еске алды. Сахна төрінде тұрып, сол кездегі айтқан әндерін қосыла шырқап алды.

Мереке Ержанұлы


© 2017 Аппарат акима Рыскуловского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта