home
home home

Қазақ әліпбиін латын қаріпіне көшіру туралы жарлыққа өзгерістер енгізілді

Қазақ әліпбиін латын қаріпіне көшіру туралы жарлыққа өзгерістер енгізілді

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 жарлығына өзгерістерге қол қойды.

Мемлекет басшысы қаулы етті:

  1. «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығына (Қазақстан Республикасы ПҮАЖ-ы, № 50-51-52, 326-құжат) мынадай өзгеріс енгізілсін:

аталған Жарлықпен бекітілген латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі осы Жарлыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

  1. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасы

Президентінің

2018 жылғы 19 ақпандағы

№ 637 Жарлығына

ҚОСЫМША

 

Қазақстан Республикасы

Президентінің

2017 жылғы 26 қазандағы

569 Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

Латын графикасына негізделген қазақ тілі

ӘЛІПБИІ

Жазылуы Дыбысталуы Жазылуы Дыбысталуы
1 A a [а] 17 Ń ń [ң]
2 [ә] 18 O o [о]
3 B b [б] 19 О́ [ө]
4 D d [д] 20 P p [п]
5 E e [е] 21 Q q [қ]
6 F f [ф] 22 R r [р]
7 G g [г] 23 S s [c]
8 Ǵ ǵ [ғ] 24 T t [т]
9 H h [х],  [h] 25 U u  [ұ]
10 I i [і] 26 Ú ú [ү]
11 I ı [и], [й] 27 V v [в]
12 J j [ж] 28 Y y [ы]
13 K k [к] 29 Ý ý [у]
14 L l [л] 30 Z z [з]
15 M m [м] 31 Sh sh [ш]
16 N n [н] 32 Ch ch [ч]

 

Жаңа әліпби – жаңа пікірлер

Жақында ғана Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 жарлығына өзгерістерге қол қойды. Бүгінде қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа  нұсқасы қоғамда қызу талқылануда.

Осы ретте, «Социум-зерттеу» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Нұркеева латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасына қатысты өз пікірімен бөлісті, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қазақ тілінің латын қарпінде таңбалануын бекіткен жаңа әліпби жобасы соңғы бірнеше жыл көлемінде жалпы көпшіліктің қызу талқысына салынды. Қазақ тілінің өзіндік дыбысталу заңдылықтарын сақтай отырып, заманға сай жаңа әліпбиді әзірлеу үшін лингвист-ғалымдар мен еліміздің түкпір-түкпіріндегі қарапайым азаматтар өз ұсыныстарын түсірген болатын. Әліпби реформасы арқылы Қазақстан жоғымызды түгендеп, елдігімізді нығайтуға, даму көшінің бағытын дербес таңдауға мүмкіндік алды. Жаңа әліпбидің әлеуеті еліміздің келешек келбетін айқындайды. Сондықтан, жаңа латын әліпбиінің бекітілуін мемлекетіміз үшін тарихи және тағдырлы шешім деп қабылдаған жөн», – деді Алтынай Нұркеева.

Ал, Астана қаласының кәсіподақтар орталығының төрағасы Тастанбек Есентаевтың айтуныша, бұл әліпбиде барлық ұсынысытардың ескеріліп, әзірленгені байқалады.

«Елімізде қазақ тілі әліпбиінің латынша жаңа нұсқасы қабылданды. Кезінде блогорлердің, мемлекеттік қызметкерлердің, қоғам қайраткерлерінің арасында қызу талқыланған бұл әліпбиде барлық ұсынысытардың ескеріліп, әзірленгені байқалады. Қазақ тілі әліпбиінің латын қарпіне көшуін, мен, жаханның заманауи талаптарына сәйкес келетін, еліміздің дамуын алдыңғы қатарға сүйрейтін мүдделік деп білемін», – деп бөлісті пікірімен Тастанбек Есентаев.

Сонымен қатар, атақты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ә. Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты Бақытжан Тобақовтың пайымынша, жаңадан бекітілген латын графикасы көпшіліктің көңілінен шықты.

«Жуырда Елбасының бекіткен латын графикасы көпшілік қауымның көңілінен шықты ғой деп ойлаймын. Ғалымдарымыздың ұсынған қазіргі заманауи латын нұсқасы бұрынғы диграф пен апострофтан арылып, көңілге де жазуға да қонымды болып тұр. Лайым, жаңа қаріп бүкіл алаш жұртына тұғырлы, ұрпақтарымызға жұғымды бола берсін!», – деп түйіндеді ол. 

 

Латын әліпбиінің соңғы нұсқасы тиімді – Дәурен Абаев

Бүгін жарияланған жаңа редакция бойынша латын графикасындағы қазақ әліпбиінде апострофтар алынып тасталып, бірнеше әріп диграф арқылы жазылатын болды. Осы орайда жаңа латын әліпбиіне қатысты ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев пікір білдірді, деп хабарлайды Вaq.kz тілшісі.

Алдымен министр латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінде соңғы нұсқасын пайдалану кезінде біршама қиындық туғызғанын жеткізді.

«Латын әліпбиін техникалық тұрғыдан пайдалану жөнінде жұмыс тобы өз міндетін атқарды. Біздің мамандар бір мәселеге тап болды. Себебі, әліпбидегі апастрофқа назар аударар болсақ, ол арнайы белгі ретінде қарастырылды. Яғни ол барлығын бөліп тұратын. Ал бұл интернеттегі іздеу және қаржы қызметінде қиындықтар тудырды. Осы орайда Елбасы мамандардың пікірін білді. Оның ішінде ІТ саласының мамандары да бар», – деді Абаев Үкімет отырысынан кейін журналистерге.

Осы орайда басшы жаңа әліпбиге қатысты пікірін білдірді.

«Менің ойымша, латын әліпбиінің соңғы нұсқасы тиімді. Оны енгізуге аз ақша жұмсалады. Бұл Мемлекет басшысы маңызды стратегиялық шешім қабылдаған кезде қоғамның пікірін ескеретінін көрсетеді», – деді министр.

Сонымен қатар Дәурен Абаев қазақ тіліне негізделген латын әліпбиінің соңғы нұсқасын жасау барысында халықтың пікірі ескерілгенін атап өтті.

«Мен соңғы нұсқа «халықтың талқысына салынбады» дегенмен келіспеймін. Осы жолы Ұлттық комиссия ішіндегі топтар көп жұмыс атқарды. Өзім комиссияда техникалық топты басқардым. Осы топта апостроф қандай мәселелерді туындадатынын қарастырдық. Сол проблеманы көтердік. Елбасы мамандардың айтқанын ескеріп, жаңа нұсқаны енгізіп отыр», – деп түйді сөзін министр.

 


© 2017 Аппарат акима Рыскуловского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта