home
home home

Қазақстан Ұлттық Банкі

Размещено: 12.12.2019 – 11:40:42
Обновлено: 12.12.2019 – 11:40:43

Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау

саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету функцияларын Агенттікке беру туралы

 

2019 жылы 3 шілдеде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды.

Документке сәйкес Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету функциялары 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан құрылып жатқан Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі Агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) беріледі.

Баяндалғанды ескере отырып, мемлекеттік қызметерді тұтынушылардан мемлекеттік қызмет көрсетуге Ұлттық Банкі Жамбыл филиалына берілетін өтініштерді қарау мерзімін алдын ала есептеуді сұраймыз – оларды орындау мақсатында ағымдағы жылдың желтоқсан айының соңына дейін немесе 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік қызмет көрсетуге өтініштерді Агенттікке жолдауыңызды сұраймыз.

Агенттікке берілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесі:

  1. Микроқаржылық ұйымдарды есептік тіркеу;
  2. Коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеу.

 

 

ҚР Ұлттық Банкі

Жамбыл филиалы

 

 

 

Микроқаржылық ұйымдарды есептік тіркеу – ҚР Ұлттық Банкі аумақтық филилдарымен көрсетілетін мемлекеттік қызмет

 

 

Қазақстан Республикасының «Микроқаржы ұйымдары туралы» Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес, микроқаржы ұйымы – коммерциялық ұйым болып табылатын, ресми мәртебесі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясында мемлекеттік тіркелумен және есептік тіркеуден өтуімен айқындалатын, микрокредиттер беру жөнiндегi қызметтi, сондай-ақ осы Заңмен рұқсат етілген қосымша қызмет түрлерін жүзеге асыратын заңды тұлға. Ал есептік тіркеу – микроқаржы ұйымын Заңмен белгіленген тәртіпке сәйкес микроқаржы ұйымдарының тізіліміне қосу.

Микроқаржылық ұйымдарды есептік тіркеу (бұдан әрі – мемлкеттік қызмет) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі (бұдан әрі – ҚР ҰБ) аумақтық филиалдарымен заңды тұлғаларға көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсету түрі.

Өтініштерді қабылдау және мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижелерін беру «электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы жүзеге асырылады.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің мерзімі 15 (он бес) жұмыс күнін құрайды.       Көрсетілетін қызметті беруші, яғни ҚРҰБ аумақтық филиалы, көрсетілетін қызметті алушының құжаттарын алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күн ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығын тексереді. Ұсынылған құжаттардың толық болмау фактісі анықталған жағдайда ҚРҰБ аумақтық филиалы көрсетілетін қызметті алушыдан құжаттарды алған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтінішті одан әрі қараудан жазбаша дәлелді бас тарту береді.

Мемлекеттік қызмет және мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі электронды түрде көрсетіледі/ұсынылады. Өз кезегінде мемлекеттік қызмет көрсетудің нәтижесі – микроқаржылық ұйымға, оны микроқаржылық ұйымдардың тізіліміне енгізу туралы хабарлама не белгіленген жағдайларда және негіздер бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап. Порталда мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушының «жеке кабинетіне» көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжат нысанында жіберіледі.

Мемлекеттік қызмет ақылы негізде көрсетілетінін айта кеткен жөн: мемлекеттік қызметті көрсету кезіндегі тіркеу алымының мөлшері 10 (он) айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Бұл 2019 жылға белгіленген АЕК 2 525 теңге есебінен 25 250 теңгені құрайды. Алымды екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар арқылы қолма-қол ақша немесе қолма-қол ақшасыз нысанда төлеуге, сондай-ақ «электрондық үкіметтің» төлем шлюзі арқылы қолма-қол ақшасыз нысанда жүзеге асыруға болады. Портал жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты болатын техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы жұмыс істейді.

Мемлекеттік қызмет ҚР еңбек заңнамасына сәйкес демалыс және мереке күндерінен басқа күндері, сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен дүйсенбі – жұма аралығында сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін көрсетіледі.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін белгіленген құжаттар пакеті ұсынылуы қажет. Оның ішінде белгіленген нысан бойынша өтініш беруге уәкілетті тұлғаның ЭЦҚ-мен куәландырылған өтініші, жарғылық капиталдың төленгенін растайтын құжаттардың көшірмелері, сондай-ақ меншікті капиталдың ең төменгі мөлшерін сақтау туралы мәліметтер, ішкі бақылау қызметі туралы ереже, бизнес-жоспар, өтініш берген күннің алдындағы күнгі жағдай бойынша көрсетілетін қызметті алушының құрылтайшысы (қатысушысы) туралы мәліметтер және т.б. Толық құжаттар пакетінің тізімімен «Микроқаржылық ұйымдарды есептік тіркеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартында[1] көрсетілген.

Мыналар:

– ұсынылған құжаттардың белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;

– құжаттарда дәйексіз мәліметтер мен ақпараттарды ұсынуы;

– егер микроқаржылық ұйым әділет органдарында мемлекеттік тіркелген (қайта тіркелген) күнінен бастап бір жыл ішінде есептік тіркеуден өту туралы өтініш жасамаса;

– егер микроқаржылық ұйымның басшысында немесе құрылтайшыларының бірінде өтелмеген немесе алынбаған соттылығы болса, сондай-ақ тұлға бұған дейін уәкілетті орган осы микроқаржылық ұйымды тізілімнен шығару туралы шешім қабылдағанға дейін бір жылдан бұрын аспайтын кезеңде қаржы ұйымының бірінші басшысы немесе құрылтайшысы болып табылған жағдайда;

– белгіленген құжаттарды ұсынбауы;

– Заңмен белгіленген мемлекеттік қайта тіркеу мерзімінің[2] сақталмауы мемлекеттік қызметті көрсетуден бас тарту үшін негіз болып табылады.

Көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсетудің тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты порталдағы «жеке кабинеті» арқылы қашықтан қол жеткізу режимінде, сондай-ақ Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі бірыңғай байланыс орталығы арқылы алуға мүмкіндігі бар.

Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөнінде сұрақтар туындаған жағдайда ҚР ҰБ www.nationalbank.kz ресми интернет-ресурсында «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер» бөлімінде орналастырылған анықтама қызметтерінің байланыс телефондарына немесе бірыңғай байланыс орталығының 8-800-080-7777, 1414 нөмірлеріне қоңырау шалу арқылы хабарласуға болады.

Сонымен қатар, 2019 жылы 3 шілдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, микроқаржылық қызмет және салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету функциялары (соның ішінде «Микроқаржылық ұйымдарды есептік тіркеу» мемелекеттік қызметін көрсету) 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңадан құрылып жатқан Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі Агенттігіне (бұдан әрі – Агенттік) беріледі.

 

 

Камилла Қырғызбаева

ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының

Қаржылық ұйымдарды бақылау және қаржылық қызметтерді

тұтынушылардың құқықтарын қорғау бөлімі

 

 

Жеке тұлғалардың салымдары «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ сақталған

 

Банктік салымдар тұрғындардың түсінігінде банк қызметі пайда болған мезеттен бастап бар. Банктік салым дегеніміз ол банкке ақша сомасын белгілі бір мерзімге қайтарылымдық, негізінде салынатын ақша. Бүгінде екінші деңгейдегі банктер және «Қазпочта» АҚ жеке тұлғалардың салымдарын қабылдап оларға жинақтаушы банктік шот ашу қызметтерін банктік салым (депозит) шарты негізінде жүзеге асырады.

Ағымдағы жылдың 01 қазандағы жағдайға сәйкес Жамбыл облысы бойынша жеке тұлғалардың екінші деңгейдегі банктердегі депозиттерінің жалпы сомасы 138 млрд. теңгені құрады, оның ішінде 101 млрд. теңгесі ұлттық валютадағы депозиттер, ал 37 млрд.теңгесі шетел валютасындағы депозиттер.

Алайда тұрғындарды басты мазалайтын сұрақ ол қай екінші деңгейдегі банкке ақшаны салу қауіпсіз екендігі. Әрине өз ақшаңызды банкке сала отырып, оның қауіпсіз болуын және тұрақты өсімінің болғанын қалайсыз.

Бұл ретте тұрғындар «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру» қорының қызметі туралы  мәліметті біле бермейді. Аталған қор 1999 жылдың 15 қарашасында «Қазақстанның жеке тұлғалар салымдарына кепілдік беру (сақтандыру) қоры» жабық акционерлік қоғамын құру туралы» Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының №393 қаулысына сәйкес құрылған, қор коммерциялық емес болып табылады.

Қордың жалғыз құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі.

2010 жылдың 24 қыркүйегінде жалғыз акционердің шешіміне сәйкес Қордың атауы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» болып өзгертілді.

Қор қызметінің бір-бірден мақсаты қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету, соның ішінде депозиттерге міндетті кепілдік беру жүйесіне қатысушы банк мәжбүрлеп таратылған жағдайда депозиторларға кепілдік берілген өтемді төлеу арқылы банк жүйесіне деген сенімді қолдау болып табылады.

Осы орайда қандай депозиттер бойынша Қор төлем жасайды деген сауалға келетін болсақ, Қор жеке тұлғалардың және заңды тұлға құрмай ашылған жеке кәсіпкердің ұлттық және шетел валюталарында ашылған мерзімдік депозиттері, талап еткенге дейінгі депозиттері және шартты депозиттері, ағымдағы шотындағы және пластикалық карточкалардағы ақшалары бойынша төлемдерді жүзеге асырады.

Ұлттық валютадағы жинақ салымдары бойынша 15 млн. теңге және Ұлттық валюта теңгемен ашылған депозиттер бойынша 10 млн. теңгеге дейін, ал шетел валютасында салынған депозиттер бойынша баламасы 5 млн. теңгеге дейін төлемді жүзеге асырады, ал үстеме сыйақысын таратылған банктің Тарату Комиссиясы кезектілік негізде жүзеге асыратын болады. Шетел валютасындағы депозиттер баламасы банкті мәжбүрлеп тарату туралы шығарылған Сот шешімі күніне ҚР Ұлттық Банкімен белгіленген ресми валюта бағамы бойынша есептеледі.

Қор заңды тұлғалардың металлдық шоттарындағы, банк жәшіктеріндегі  ақшашалармен құндылықтар, және де исламдық банктердегі депозиттер бойынша кепілдік бермейді және олар бойынша төлемдерді жүзеге асырмайды.

Мәжбүрлеп таратылған банк салымшылары (жеке тұлғалар) өз депозиттерін Қор тағайындаған банк-агенттен ол жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған мезеттен бастап 6 ай ішінде ала алады, ал одан кейін Қордың өзіне тікелей жүгініп алады.

Қордан депозитті келесідей әдістермен кассадан қолма-қол немесе банктегі шотыңызға аудару арқылы, сондай-ақ банк-агенттен депозит ашу арқылы алуға болады.

Қордың қызметі туралы толық ақпаратпен оның келесі www.kdif.kz ресми сайты арқылы таныса аласыздар.

 

 

ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының

жетекші маманы Елнұр Әділбек

 

 

Базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейінде сақтау туралы

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі пайыздық дәлізді +/-1 п.т. деңгейінде сақтай отырып, базалық мөлшерлемені жылдық 9,25% деңгейде сақтау туралы шешім қабылдады.

Жылдық инфляция Ұлттық Банктің күткенінен темен қалыптасуда. Нақты ЖІӨ-нің өсу қарқыны біртіндеп удеуде. Базалық мөлшерлеме бойынша ағымдағы шешімді ескере инфляция 2019-2020 жылдарға арналған 4-6% нысаналы дәліз шегінде қалыптасады.

Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер нақты инфляция деңгейін және оның нысаналы бағдарларға сәйкестігін айқындайтын ішкі және сыртқы тәуекелдердің теңгеріміне қарай қабылданатын болады.

Жылдық инфляция 2019 жылғы қарашада 5,4% болды (қазанда – 5,5%) және ағымдағы жылғы мамыр-қарашада 5,3-5,5%-дық тар дәлізде тұрақты деңгейде қалып отыр. Азық-түлік тауарларының бағасы инфляцияға ең көп үлес қосуын жалғастыруда, ол қазанның деңгейінде тұрақтанып, 9,7%-ды құрады. Ет, нан-тоқаш өнімдері мен жарма бағасының өсуі азық-түлік инфляциясының негізгі себебі болып отыр, олар тиісінше 13,4%-ға және 15,5%-ға қымбаттады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы өсуінің 4,8%-ға дейін және ақылы қызметтердің 0,6%-ға дейін баяулауы инфляцияға тежеуші ықпал етуде.

Халықтың инфляциялық күтулері ағымдағы жылғы қарашада азық-түлік тауарлары бағасының неғұрлым жоғары өсуінің аясында 5,8%-ға дейін (2019 жылғы қазанда 5,6%) аздап көтерілді. Халық арасында жүргізілген соңғы пікіртерім нәтижелері бойынша келесі 12 айда бағалардың қазіргі өсу қарқынының сақталуын немесе оның баяулауын күтетін респонденттер үлесі 54,7%-ды құрады (қазанда 56,4%).

Тұтынушылық сұраныстың кеңеюі және экономикалық белсенділік өсуінің қарқын алуы негізгі проинфляциялық факторлар болып қалуда. Халықтың нақты ақшалай кірістерінің өсуі 2019 жылғы қаңтар-қыркүйекте 6,4% болды. Үшінші тоқсанда нақты жалақы 12%-ға дейін өсті, бұл ретте мұндай өсу экономиканың барлық секторларында байқалады. Үй шаруашылықтарын тұтынуына өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік қолдауға және жалақыға жұмсалған бюджет шығыстарының, сондай-ақ тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқынының жоғары болуы (қазанда жылдық көрсеткіш бойынша 23,8%) қолдау көрсетуде.

Ағымдағы жылғы қаңтар-қазанда қысқа мерзімді экономикалық индикатор жылдық көрсеткіш бойынша 4,7%-ға ұлғайды. Құрылыс 12,7%-ға, сауда – 7,5%-ға, көлік – 5,6%-ға, тау- кен өндіру және өңдеуші өнеркәсібі тиісінше 3,7%-ға және 3,3%-ға оң үлес қосты. 2019 жылғы қаңтар-қазанда инвестициялардың кеңеюі 8,2%-ды құрады. Ұлттық Банктің бағалауынша ІЖӨ- нің нақты өсуі 2019 жылы 4,2% болады.

Ұлттық Банк экономиканың өсуін 2019 жылы 4,2%-ға, 2020 жылы 3,8%-ға бағалайды. Халықтың нақты ақшалай кірісінің ұлғаюы аясында тұтынушылық сұраныстың өсуі, инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде инвестициялық сұраныстың артуы, мұнай және газ конденсатының көлемін өсіру салдарынан экспорттың ұлғаюы негізгі факторлар болады.

Сыртқы сектор факторларының әсері салыстырмалы түрде бейтарап сипатта. Brent маркалы мұнайдың бағасы базалық сценарийде салынғаннан аздап жоғары деңгейде сақталуда. Ағымдағы жылғы 11 айда ол орташа алғанда бір баррель үшін 64,1 АҚШ долларын құрады (2018 жылғы 11 айда – бір баррель 72,9 АҚШ доллары). 2020 жылы мұнай бағасы әлемдік экономиканың әлсіз дамуы аясында ағымдағы деңгейлерге жақын қалыптасатын болады. ФАО азық-түлік бағалары индексі қарашада 9,5%-ға ұлғайды, бұл сүт өнімдері, ет және өсімдік майы бағасының ұлғаюымен түсіндіріледі. Қорларының азаюы аясында дәнді-дақылдарды тұтынудың ұлғаюы нәтижесінде олардың әлемдік бағасы қалыпты түрде өседі деп күтіледі.

Сыртқы монетарлық жағдайлар инфляциялық аяның жұмсаруына ықпал етуде. Орталық банктердің пайыздық мөлшерлемелерді төмендету және түрлі ынталандыру шараларын кеңейту саясаты жалғасуда. Ресейде инфляцияның баяулауы және ЕО елдерінде тұтынушылық бағаның қалыпты өсу қарқынының сақталуы аясында сауда әріптес елдердегі инфляция Қазақстанда ішкі бағаларға дезинфляциялық ықпал етуде.

2019 жылдың соңында жылдық инфляция 4-6% нысаналы дәліз шегінде 2020 жылдың соңына қарай 5,0-5,5%-ға дейін баяулай отырып, 5,5-5,7% аралығында болады деп болжанады. 2020 жылғы бірінші тоқсанда қысқа мерзімді сипаттағы проинфляциялық тәуекелдер іске асырылуы және инфляция нысаналы дәліздің жоғары шегінің деңгейіне дейін өсуі мүмкін. Бұл халыққа көрсетілетін ақылы қызметтердің реттелмелі тарифтерінің, сондай-ақ жекелеген азық-тулік өнімдері бағасының өсуімен байланысты. Экономиканы фискалдық ынталандыруды одан әрі жалғастыру және Ұлттық Банк оң болады деп бағалайтын шығарылым айырмасы орта мерзімді перспективада 2020 жылғы инфляция серпінін айқындайтын негізгі факторлар болып қала береді.

Ағымдағы ақша-кредит талаптары әлсіз тежеуші ретінде бағаланады, бұл төлем балансы ағымдағы шотының кеңейіп жатқан тапшылығының инфляциялық және бағамдық күтулеріне ықпал етуді шектеу жөніндегі алдын алу шараларын қабылдау қажеттілігімен байланысты.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2020 жылғы 3 ақпанда Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 15:00-де жария етіледі.

 

 

Толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады +7 (727) 330 24 52 (1452) +7 (727) 2704 596 (3930) e-mail: press@nationalbank.kz www.nationalbank.kz

 

 

ҚР Ұлттық Банкінің

Жамбыл филиалы

 

 

Сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын кәсіпорындармен тапсыруға тиісті есептіліктер туралы

 

«Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» ҚР Заңының 8 бабына сәйкес, Қазақстан Ұлттық Банкінің функциялары мен өкiлеттiктерiнің бірі – статистикалық жұмыстар жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық бақылауды жүргізу, сондай-ақ өз құзыреті шегінде мемлекеттік статистика саласында бақылауды жүзеге асыру, қаржы нарығына шолу жасау, ақша-кредит және банк статистикасы, төлем балансы, халықаралық инвестициялық позиция және сыртқы борыш жөніндегі статистикалық ақпаратты қалыптастыру және тарату, төлем балансын болжамдық бағалауды әзірлеуге қатысу болып табылады.

Сонымен бірге, ҚР «Мемлекеттік статистика туралы» Заңының 4 бабының 2) тармағына  сәйкес, ҚР Ұлттық Банкі мемлекеттік статистика органы болып табылады және статистикалық жұмыс жоспарына сәйкес ведомстволық статистикалық байқаулар жүргізеді және (немесе) ресми статистикалық ақпаратты қалыптастырады.

Сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын барлық кәсіпорындар басшыларына –Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Қазақстан Республикасының төлем балансын жасау туралы» Қаулысымен меншік нысанына қарамастан, сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын барлық кәсіпорындар мен ұйымдар ҚР Ұлттық Банкіне төлем балансы бойынша бекітілген нысандарға сәйкес статистикалық есептерді тапсыру міндеті белгіленген.

Респонденттер өздерінің тіркелген орындары бойынша Ұлттық Банктің аумақтық филиалдарына төлем балансы бойынша келесі статистикалық есептіліктерді ұсынады: «Резидент еместерге қойылатын қаржылық талаптар және олардың алдындағы міндеттемелер туралы есеп» (1-ТБ нысаны), «Резидент еместерден алынған (резидент еместерге ұсынылған) көлік қызметтері туралы есеп» (2-ТБ нысаны), «Резидент еместерден алынған (резидент еместерге ұсынылған) темір жол көлігі қызметтері туралы есеп» (3-ТБ нысаны), «Резидент емес көлік кәсіпорындарының атынан жүзеге асырылған операциялар туралы есеп» (4-ТБ нысаны), «Резидент емес көлік кәсіпорындарына ұсынылған қызметтер туралы есеп» (5-ТБ нысаны), «Резидент еместерден алынған (резидент еместерге ұсынылған) байланыс қызметі туралы есеп» (6-ТБ нысаны), «Резидент еместер мен халықаралық операциялар туралы есеп» (10-ТБ нысаны) және біржолғы «Кәсіпорындарды төлем балансы бойынша тексеру сауалнамасы».

№1-ТБ нысаны бойынша есеп, есепті кезеңнен кейінгі екінші айдың 10-нан кешіктірілмей тапсырылады, ал №№ 2-ТБ, 3-ТБ, 4-ТБ, 5-ТБ, 6-ТБ, 10-ТБ нысандары бойынша есептіліктер тоқсан сайын есепті кезеңнен кейін 30-нан кешіктірілмей тапсырылады.

Белгіленген есеп нысандарын, оларды толтыру бойынша нұсқауларды, сондай-ақ ҚРҰБ аумақтық филиалдарының байланыс телефондарын/мекен-жайларын ҚР Ұлттық Банктің ресми интернет-ресурсындағы (www.nationalbank.kz) «Статистика», «Төлем балансы бойынша статистикалық есеп нысандарының тізімі» бөлігінен табуға болады.

Сондай-ақ, аталған статистикалық есептіліктерді «ҚРҰБ веб-порталының пилоттық жобасы» ААШЖ (бұдан әрі – Портал) арқылы электрондық түрде тапсыруға болады. Порталмен жұмыс жасау үшін алдымен https://nbportal.nationalbank.kz сілтемесі арқылы өтіп,  Порталдың басты бетінде орналасқан Порталмен жұмыс жасау Нұсқаулығымен танысу қажет. Есептілікті электрондық түрде Портал арқылы ұсыну осы есептілікті қағаз тасығышта ұсынудың қажеттілігін жоятынын айтып өткен жөн.

ҚР Ұлттық Банкіне ұсынылатын төлем балансы бойынша есептер құпия болып табылады және тек елдің төлем балансын қалыптастыру мақсатына ғана пайдаланылады. Есептіліктердің уақытылы тапсырылуы, сондай-ақ есептіліктердегі мәліметтердің толық және шынайы болуы өте маңызды.

Сонымен қатар, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне сәйкес (497 бап), есептіліктерді ұсынбаған немесе дұрыс ұсынбаған жағдайда жауапкершілікке тартылатындығын есте сақтаған жөн.

Осылай, еліміздің төлем балансының шынайылығы сыртқы сауда саясаты, шетелдік салымдарға қатысты бағытты жасау және теңгенің айырбас бағамын қалыптастыру аясында шешімдер қабылдаудың негізі болатындықтан, төлем балансы бойынша есептерді тапсырудың маңыздылығына және қажеттігіне кәсіпорын басшыларының назарын аударамыз.

Төлем балансы бойынша ұсынылатын есептіліктер туралы қосымша толық ақпаратты ҚР Ұлттық Банкі Жамбыл филиалының 8 (7262) 99-93-41, 99-93-48, 45-59-81 телефондарына хабарласып алуға болады.

 

 

ҚР Ұлттық Банкі

Жамбыл филиалының

бөлім бастығы

Тасқараев Талант

 

Банктік несиелер бойынша алынуы мүмкін комиссиялардың тізбесі

 

Банктік қарыздар халықтың көп пайдаланатын қарыз түрі болып табылады. Банктік қарызды алуды тездету мақсатында әлеуетті қарыз алушылар банктік қарыздың құнына мән бере бермейді.

Кредиттеу дегеніміз күнделікті тұрмыста және өмірдің басқа да салаларында халықтың қандай да бір қажеттілігін қанағаттандыруға арналған қаржы құралдарының бірі болып табылады. Халықтың арасында көптеген сұрақ тудыратын банктік қызметтің негізгі түрі – кредиттеу. Оның ішінде, негізгі сұрақтың бірі банктік қарыз беру және қызмет көрсетумен байланысты комиссияларды ұстау болып табылады.

Банктер банктік қарыз шартын жасамас бұрын жеке тұлғаны банктік қарыз беру шартының жобасымен таныстырулары қажет.

Банктік қарыз беру және қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар және басқа да төлемдерді банктер және банктік қызметтің жекеленген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар ҚР заңнамаларымен белгіленген шектеулерді ескере отырып дербес белгілейді.

Жеке тұлғамен кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес банктік қарыз шартын жасамас бұрын банктер, банктік қызметтің жекеленген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар жеке тұлғаға уәкілетті органның нормативтік құқықтық актісімен белгіленген тәртіпке сәйкес қарыз бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін есептеу кезінде ескерілетін комиссияларды және басқа да төлемдерді ұстау көзделмеген кредиттеу шарттарын, сондай-ақ  банктер, банктік қызметтің жекеленген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың сыйақы мөлшерлемесінен басқа банктік қарыз шартында көзделген және қарыз беру және қызмет көрсетумен байланысты комиссиялар мен басқа да төлемдерді ұстап қалуын көздейтін кредиттеу шарттарын өз қалаулары бойынша таңдауына мүмкіндік берулері қажет.

Банктер, банктік қызметтің жекеленген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар банктік қарыз шарттарында комиссиялар мен басқа да төлемдердің толық тізбесін, сондай-ақ қарызды беру мен қызмет көрсетумен байланысты ұсталуы тиіс, олардың мөлшерін көрсетулері тиіс және де жасалған шарт шеңберінде біржақты тәртіпте комиссиялар мен басқа да төлемдердің  жаңа түрлерін енгізуге құқығы жоқ.

2020 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 28.11.2019 жылғы №2018 қаулысында жеке тұлғаға берілген банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдердің тізбесі көзделген.

Осы нормативтік құқықтық актінің 2 тармағына сай, жеке тұлғаға берілген (берілетін) банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты комиссиялар мен өзге де төлемдерге:

1) қарыз алуға өтінішті және құжаттарды қарағаны үшін;

2) қарызды ұйымдастырғаны үшін;

3) берілген қарыздың мынадай талаптарын өзгерткені үшін комиссиялар:

өтеу кестесін;

қарыз валютасын;

сыйақы мөлшерлемесін;

қарызды өтеу әдістерін;

4) мына:

қарыз алушының (тең қарыз алушының), кепіл берушінің (кепілгердің) бастамасы бойынша қарыз алушымен (тең қарыз алушымен), кепіл берушімен (кепілгермен) байланысты талаптардың өзгергені;

қарыз бойынша кепіл мәні ауыртпалығы талаптарының өзгергені, сондай-ақ кепіл мәнін ауыстыру кезінде;

кепіл берушіні ауыстырғаны;

клиенттің өтініші бойынша клиенттің кредиттік досьесіндегі кепіл мәніне құқық белгілейтін құжаттарды ұсынғаны;

клиенттің өтініші бойынша жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша тіркеуге (тіркеуден шығаруға), кепілмен қамтамасыз ету аумағында жасалған қайта жоспарлауды, құрылыстарды, қосымша құрылыстарды заңдастыруға келісім туралы анықтаманы бергені;

кепіл берушіні ауыстыру кезінде пайдалануға енгізілген мүлікке меншік құқығын және (немесе) кепіл құқығын ресімдеу бойынша қызметтер көрсеткені;

жылжымайтын мүліктің нысаналы мақсатын өзгерткені, жер телімдерін үлестерге бөлу бойынша қызметтер көрсеткені;

клиенттің өтініші бойынша кепілмен қамтамасыз ету болып табылатын көлік құралының тіркеу нөмірін ауыстыруға, көлік құралын тіркеу туралы куәлікті қайта ресімдеуге, көлік құралы бойынша жоғалған құжаттарды қалпына келтіруге рұқсат беру туралы анықтаманы беру жөніндегі мәселелерді қарағаны үшін комиссиялар;

5) банктік қарыз шарты бойынша клиенттің міндеттемелерін қамтамасыз ететін және кепіл берушінің пайдалануындағы кепіл шарты бойынша кепіл мәнін сақтандырған жағдайда клиенттің сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдерін қоспағанда, егер сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жағдайы басталған жағдайда екінші деңгейдегі банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – банк) пайда алушы болса, клиенттің сақтандыру ұйымының пайдасына төлемдері;

6) клиенттің кепілдік (кепілгерлік) алу үшін кепіл берушіге (кепілгерге), кепілге берілетін мүлікті бағалау үшін бағалаушыға төлемдері;

7) банкке клиенттерді тарту, клиенттер ұсынатын құжаттарды қарыз беру талаптарына сәйкестігі тұрғысынан тексеруді жүзеге асыру, клиенттердің құжаттарын банкке беру, банктің клиенттерінен қарыздарды өтеу есебіне төлемдер мен аударымдарды қабылдау бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың (делдалдардың) пайдасына клиенттің төлемдері;

8) клиенттің өтініші бойынша қарыз бойынша несие берешегі туралы анықтаманы бергені үшін;

9) қарызды ішінара (толығымен) мерзімінен бұрын өтегені үшін комиссиялар мен өзге де төлемдер жатады.

Банктердің, банктік операциялардың жекеленген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырумен байланысты емес тауарларды, жұмысты және қызметті сатып алу үшін жеке тұлғалармен жасалған банктік қарыз шарттары бойынша банктік қарыз беруге және қызмет көрсетуге байланысты банктік шотты жүргізгені үшін, сондай-ақ қарызды банктік шотқа есепке алғаны үшін комиссия белгілеуге және ұстауға құқы жоқ.

Қаржылық қызметті тұтынушылар банктік қарыздар бойынша банктердің комиссияларды заңсыз ұстау фактілері анықталған жағдайда, сондай-ақ басқа да сұрақтармен  Тараз қ., Қазыбек би, 137 мекенжайы бойынша ҚР Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалының Қоғамдық қабылдауына жүгінуіне болады.

 

 

ҚР Ұлттық Банкі

Жамбыл филиалының

Бөлім бастығы

Ерлан Әзімханов

 

 

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы»

 

2019 жылғы 25 қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» № 272 Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) қабылданды.

Заңды қабылдаудың негізгі мақсаты мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнаманы жетілдіру, мемлекеттік қызметтер көрсету процестерін оңтайландыру және электронды форматқа көшіру болып табылады.

Заң сонымен қатар Ұлттық Банктің аумақтық филиалдары көрсететін, атап айтқанда:

  • Қызмет көрсету мерзімін он бестен он жұмыс күніне қысқарту;

– мемлекеттік қызметтер көрсету аясында ұсынылатын құжаттардың тізбесін қысқарту  (ұсынылатын құжаттардың тізбесінен  ішкі бақылау қызметі туралы   ереже (бар болса); өтініш беру күнінің алдындағы күнгі жағдай бойынша құрылтайшылар (қатысушылар), сондай-ақ басшы қызметкерлер туралы мәліметтер;    Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 6 шілдедегі № 573-II Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік қатысумен кредиттік бюроның жасаған ақпарат беру туралы шартының көшірмесі).

«Коллекторлық агенттіктерді есептік тіркеу» мемлекеттік қызметін, оңтайландыруды көздейді.

 

 

ҚР Ұлттық Банкі

Жамбыл филиалының

Бөлім бастығы

Ерлан Әзімханов

 

 

«Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ мен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ қайта ұйымдастыру туралы

 

Қазақстан Ұлттық Банкі жалғыз акционер ретінде «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ-ты оған «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-ты қосу нысанында ерікті қайта ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.

Қайта ұйымдастырылған компания «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ мен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ қызмет бағыттарын сақтайды:

  • екінші деңгейдегі банктерді қаржылық қолдау арқылы банк секторының қаржылық тұрақтылығына жәрдемдесу;
  • ипотекалық тұрғын үй қарыздарын (ипотекалық қарыздарды) қайта қаржыландыру жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру, сондай-ақ бағдарламаға сәйкес екінші деңгейдегі банктер берген ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша талап ету құқығын сатып алып, «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасы мен «Баспана Хит» нарықтық ипотекалық өнім операторының функцияларын жүзеге асыру.

Қайта ұйымдастыру банк секторын дамыту және халық үшін ипотекалық қарыздардың қолжетімділік деңгейін арттыру мақсатында «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ мен «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ активтерін тиімді пайдалануды арттыруға мүмкіндік береді.

 

Толығырақ ақпаратты БАҚ өкілдері мынадай телефон бойынша алуына болады:

+7 (727) 2704 591 (3930), +7 (727)330 24 52(1452)

e-mail: press@nationalbank.kz www.nationalbank.kz

 

 

 

2020 жылғы үлгідегі номиналдық құны 200 (екі жүз) теңгелік биколорлы

айналыстағы монеталарды айналысқа шығару туралы

 

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі 2020 жылғы «28» қаңтарда 2020 жылғы үлгідегі номиналдық құны 200 (екі жүз) теңгелік биколорлы айналыстағы монеталарды айналысқа шығарады.

 

 

Монеталардың дизайны Қазақстан Республикасы Президентінің
2018 жылғы 12 желтоқсандағы № 804 Жарлығымен бекітілген Ұлттық валюта – Қазақстан теңгесі банкноттары мен монеталары дизайнының тұжырымдамасына сәйкес орындалды.

Биколорлы айналыстағы монеталар дизайнының стилистикасында шығыс және батыс мәдениеттерінің көркемдік элементтерінің үйлесімі көрініс береді.

 

Биколорлы айналыстағы монеталардың сипаты:

Монеталардың сыртқы сақинасы нейзильберден жасалған, ішкі дискі никельді жезден дайындалған. Қыры тегіс және бедерлі секторлармен кезектесіп отыратын 16 ойықпен бедерленген.

Монеталардың сырт жағында (реверсінде) орталық бөлігінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы, айналдыра эмитент елді білдіретін «QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY» деген жазба бейнеленген. Монетаның төменгі жағында соғылған жылын білдіретін «2020» деген жазу бар.

Монеталардың бет жағында (аверсінде) орталық бөлігінде номиналын білдіретін және номинал цифрының кескінін қайталайтын көлденең сызықтар бедері аясында орындалған «200» деген жазу бар. Монетаның жоғарғы және төменгі бөліктерінде – тік сызықтар түрінде орындалған ою-өрнек кескіндері. Монетаның төменгі бөлігінде – тарамдалған сызықтар аясында орындалған, ұлттық валютаның мәтіндік атауын білдіретін «TEŃGE» деген жазу. Монетаның сол жақ бөлігінде QAZAQSTAN  ULTTYQ  BANKI эмитент банкті білдіретін «QUB» аббревиатурасы бар. Монетаның оң жақ бөлігінде – Қазақстан теңге сарайының тауар белгісі (логотип).

 

Техникалық сипаттамалары:

Металл құрамы: нейзильбер/нибрасс

Массасы: 7,5 грамм

Диаметрі: сыртқы сақинасы – 26 мм, ішкі дискі – 18,3 мм

Қалыңдығы – 1,90 мм

Қыры: 16 ойықтар.

 

Айта кету керек, номиналы 200 (екі жүз) теңгелік банкноттар заңды төлем құралы болып қалады және айналыстан табиғи тозу шамасына қарай алынады.

 

 

Толығырақ ақпаратты мына телефондар бойынша алуға болады:

+7 (727) 2 704 998;

+7 (727) 2 704 591 (3930);

E-mail: press@nationalbank.kz

www.nationalbank.kz

 

 

 

Қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларына енгізілген жаңа өзгерістер

 

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Жамбыл филиалы 2020 жылғы 1 ақпаннан бастап Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларына мынадай өзгерістер енгізілгенін хабарлайды:

Уәкілетті ұйымның жарғылық капиталының ең аз мөлшері белгіленді:

  • Республикалық маңызы бар қалаларда, облыстардың әкімшілік орталықтарында, облыстық маңызы бар қалаларда орналасқан әрбір айырбастау пункті (автоматтандырылған айырбастау пункті) үшін 100 000 000 теңге. Норма 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап күшіне енеді. Облыстардың әкімшілік орталықтарында және облыстық маңызы бар қалаларда – 2020 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
  • Басқа мекен-жайы бар әрбір айырбастау пункті (автоматтандырылған айырбастау пункті) үшін 50 000 000 теңге. Аудан және шағын қалалардағы айырбастау пункттеріне 2021 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде жарғылық капиталды қамтамасыз ету талап етіледі.

Уәкілетті ұйым қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын жүзеге асыру үшін күнделікті өзінің банктік шоттарында және (немесе) айырбастау пунктінің кассасында теңгемен немесе шетел валютасымен ақшаның, сондай-ақ жарғылық капиталдың ең аз мөлшерінің кемінде 100 (жүз) пайызы мөлшерінде тазартылған құйма алтынның (бар болса) болуын қамтамасыз етеді.

Бұл шаралар айырбастау пункттерін үздіксіз жұмыс істеу үшін ақша қаражатының жеткілікті көлемімен қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, 1 ақпаннан бастап айырбастау пунктері сағат 09.00 ден бастап 20.00 дейін жұмыс атқарады.

Жұмыс кестесінің өзгеруі айырбастау пункттері мен олардың клиенттерінің қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған. Бұл шара сондай-ақ кешкі және түнгі уақытта қолма-қол шетел валютасын сату бағамын көтеру және халық арасында негізсіз дүрлікпе тудыру фактілерін болдырмауға көмектеседі.

Әуежайлар, вокзалдар мен шекараның өткізу бекеттеріндегі нүктелер тәулік бойы жұмыс істейтін болады. Ірі сауда орталықтарында 22.00-ге дейін валюта айырбастауға болады.

Оған қоса, қазақстандықтардың арасында банктік қосымшалардың көмегімен онлайн-валюталарды айырбастау бойынша қызметтердің танымалдығы артып келеді. Бұл қызмет ұзақтығы бойынша бірнеше секунд алады және клиенттерден комиссияларды талап етпейді. Пайдаланушылар қолма-қол ақша айырбастау пунктін іздеуге кетуі мүмкін уақыт пен көлік шығындарын үнемдейді.

Деректерді тіркеуге келетін болсақ, ол жеңілдетілген түрде өтеді. Егер операция сомасы 500 мың теңгеге дейін болса, клиент жеке басын куәландыратын құжатты және ЖСН ұсынады. Бұл әлемнің көптеген елдерінде қолданылатын халықаралық тәжірибе.

500 мың теңгеден астам сомаға ақша қаражатын айырбастау кезінде ештеңе өзгерген жоқ және бұрын қолданыста болған деректерді тіркеу тәртібі пайдаланылады. Бұл норма жаңа емес. Ол 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Қызметкерлер клиенттің заңды мекен-жайын (тіркеу орнын) сұратады. Мекенжай анықтамасын ұсынудың қажеті жоқ. Ұсынылған деректердің дұрыстығына клиенттер жауап береді.

Жалпы, қазақстандықтар валюта айырбастауда қиындықтарға жолықпайды. Банктік емес айырбастау пункттеріне арналған жаңа ережелер азаматтарға айырбастау операцияларын жүргізуге шектеулер қоймайды.

 

 

ҚР Ұлттық Банкі

Жамбыл филиалының

бөлім бастығы

Тасқараев Талант

 

 

 

Базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейінде сақтау туралы

 

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені және пайыздық дәлізді +/-1 п.т. жылдық 9,25% деңгейінде сақтаутуралы шешім қабылдады.

Инфляция 4-6% нысаналы дәліз шегінде сақталады. 2020 жылғы қаңтарда жылдық инфляция 5,6% болды. Азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 9,2%, азық-түлікке жатпайтын тауарлар – 5,2%, ақылы қызметтер – 1,4% болды.

Халықтың инфляциялық күтулері қалыпты күйінде қалды. 2019 жылғы желтоқсанда олар қарашадағы 5,8%-бен салыстырғанда 5,6%-ға дейін баяулады.

Тұтынушылық және инвестициялық сұраныс экономикалық белсенділікті арттыруға ықпал етеді. Халықтың нақты ақшалай кірісінің өсуі 2019 жылғы қаңтар – қарашада жылдық көрсетуде 5,8% болды, әлеуметтік қолдауға арналған бюджет шығыстары 2019 жылы 26,0%-ға ұлғайды, тұтынушылық кредиттеу 2019 жылы 26,9%-ға өсті. 2019 жылы инвестицияның кеңеюі 8,5% болды.

2019 жылдың қорытындылары бойынша қысқа мерзімді экономикалық индикатор жылдық көрсетуде 5,0%-ға өсті.

Әлемдік нарықта 2020 жылғы қаңтарда мұнайдың орташа бағасы бір баррель үшін 63,7 АҚШ доллары болды, азық-түлік бағасының ФАО индексі 2019 жылғы желтоқсанда 2,5%- ға өсті.

Ресейдегі жылдық инфляция 3%, ЕО елдерінде – 1,6% болды, бұл импортталатын тауарлар бағасының өсуін шектейді.

Проинфляциялық тәуекелдер бензинді сатуға акциздердің жоғарылау және реттелетін қызметтердің қымбаттау әсерінен қысқа мерзімді келешекте байқалатын болады. Ағымдағы жылдың соңына дейін және орта мерзімді болашақта инфляциялық процестердің біртіндеп әлсірей бастайды және жылдық инфляция нысаналы дәліздің орта деңгейі 4-6%-ке және 2020 жылдың соңына дейін одан да төмен деңгейге дейін баяулайды деп күтілуде.

Базалық мөлшерлеме бойынша бұдан кейінгі шешімдер инфляцияның қалыптасқан және болжамды серпінінің оның бағдарларына сәйкес келуі, сондай-ақ ішкі және сыртқы тәуекелдердің балансы ескеріле отырып қабылданатын болады. Жағдай Ұлттық Банктің күтулеріне сәйкес дамыған кезде, сондай-ақ Үкімет және жергілікті атқарушы органдар азық- түлік нарықтарында бәсекелестікті арттыру және оңтайлы тарифтік саясат жүргізу шараларын қабылданған кезде ақша-кредит талаптарының жеңілдеуі мүмкін.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2020 жылғы 16 наурызда Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 15:00-де жарияланады.

 

 

Толығырақ ақпаратты мына телефон арқылы алуға болады +7 (727) 330 24 52 (1452) +7 (727) 2704 596 (3930) e-mail: press@nationalbank.kz www.nationalbank.kz

 

 

 

 

 

 

 


© 2017 Аппарат акима Рыскуловского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта