home
home home

Рухты оятып, сананы сілкіндірген

Рухты оятып, сананы сілкіндірген

Елбасының “Тәуелсіздік дәуірі” атты кітабы жарық көрді

Бүгінгі таңда іргесі берік, халқы бейбітшілікті нық ұстанатын, әлемде өзіндік орны бар ел болып отырғанымыз елін сүйген Елбасының қажырлы еңбегі, парасаттылығы мен болашақты болжай алатындығының арқасында десек қателеспейміз. Тәуелсіздік алғалы бері елінің қамын ойлаған кемеңгер көшбасшы Н.Ә.Назарбаев қазақ елін әлем халықтарына жан-жақты таныстырып, мәртебесін көтере білді.

Егеменді еліміздің іргетасы қаланғаннан бастап, не көрдік дегеннің орнына не көрмедік дегеніміз дұрыс болар. Иә, сан тарапқа алып ұшқан аяусыз тағдыр талай қиындықтан өткізіп, тар жол тайғақ кешудің кебін кигізді.Бірақ осының бәріне біртұтас ел болып төтеп бере алдық. Бүгінде қиындыққа толы сол күндер қайта келместей артта елес болып қалғандай. Қазіргі таңда қазақ деген ұлтты әлем таниды, құрметтейді, ойымен санасады. Мұның бәрі кемел ақыл-ойлы, күш-жігері таусылмайтын Елбасының арқасы деп білеміз.

Елбасы елді басқарумен қатар, сонау сындарға толы жылдарды ұрпаққа жеткізу үшін қолына қалам алып, кешегі өткен күндерді парақ беттеріне түсіріп, көптеген кітаптарды жарыққа шығарғанын білеміз. «Ғасырлар тоғысында», «Тәуелсіздік белестері», «Тарих толқынында», «Сындарлы он жыл», «Тарих тағылымдары және қазіргі заман», «Қазақстан жолы», «Жүз жылға татитын он жыл» сынды кешегі күндерден сыр шертетін кітаптары оқырманның көңілінен орын алып, кітап сүйер қауымның қолынан түскен емес. Өткен жылдың соңында оқырмандардың қуанышы на орай Елбасының кезекті кітабы жарық көрді. Бұл жолғы кітаптың атауы «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталыпты. «Тәуелсіздік дәуірі» аты кітап тарихи публицистика жанрында жазылған, еліміздің өткені мен болашағына қатысты  автордың көзқарасы егжей-тегжейлі баяндалған. Онда алдымен қазақстандық даму үлгісінің ерекшеліктері, басты ұстанымдары және қозғаушы күші сараланады. Сондай-ақ, бірінші және екінші жаңғырту аясында тоталитарлық жүйеден түбегейлі ажырап, нарықтық экономиканы құру және бәсекеге барынша қабілетті елу елдің қатарына қосылу міндеті мерзімінен бұрын орындалғаны айрықша атап өтіледі. Бұған қоса елімізді әлемдегі өркениетті 30 мемлекеттің қатарына қосу міндетін жүзеге асыру жолдары анық әрі айқын көрсетілген. Аудандық кітапханалар жүйесі директорының орынбасары Р.Байғамұтованың сөзіне сенсек, кітап 4 бөлім, 31 тақырыпша, 508 беттен тұрып, 2 тілде жарық көріпті. Тарихи туындыда егемендік алған 26 жылдағы, яғни 1991-2017 жылдар аралығында қол жеткен 33 басты нәтиже жазылған. Туындының электронды үлгісі akorda.kz сайтындағы мемлекет басшысының дербес парақшасына да орналастырылған. Аталмыш кітаптың аудандық, ауылдық кітапханаларға да келгенін үлкен қуанышпен атап өтті. Аудандық мәдениет үйінің рухани жаңғыру орталығында өткен тұсаукесер рәсімінде журналист Сейсен Қожеке, аудандық тарихи өлкетану  музейінің меңгерушісі Есназар Құрымбаевтар тарихи туынды жайлы өз ойларын ортаға салды. Елбасының еңбегіне жоғары баға беріп, кітапты қолдарына алып оқуға асығатындарын жеткізді. Өз сөзінде Сейсен Қожеке кітаптың саясаткерлерге, журналистерге үлкен көмек болатынын жеткізсе, Есназар Құрымбаев кітапты «тарихи құжат» деп атады. Ал, №18 Ақыртөбе кәсіптік-техникалық колледжінің директоры Рәткүл Бекмолдаева рухани жаңғыру аясында сөз қозғап, қайда барса да осы кітапты насихаттап жүретініне сөз берді. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Келешек ұрпаққа рухани өсиет ретінде қалдырылған аманаты деп білеміз. Рухыңызды оятып, санаңызды тағы да бір сілкіндіретін ойыңыз болса, Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын оқығаныңыз абзал. Ендеше, кітапты қолға алып оқуға асығайық, ағайын!

 Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ.


© 2017 Аппарат акима Рыскуловского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта