home
home home

Қалыптан безсең де, ХАЛЫҚТАН БЕЗБЕ…

 

Өткен аптада аудан әкімі Асқар Қырықбаевтың ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері турасындағы халық алдындағы есебі Жаңатұрмыс, Қарақыстақ және Абай ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Бекітілген кесте тізіміне сәйкес аудан басшысы соққан ең бірінші меже -Жаңатұрмыс ауылы болды. Жаңатұрмыс ауылдық округі әкімшілігінің мәжіліс залында өткен қорытынды есеп жиналысында жергілікті тұрғындар алдымен ауыл әкімі Нұрболат Жамалбековтың жылдық есебіне зер салды. Нұрболат Мамырханұлының баяндамасын тыңдап отырып, Жаңатұрмыста көгілдір отын мен ауыз су мәселесінің басты проблемаға айналып отырғанын байқадық. Ауыл әкімінен кейін аудан басшысы Асқар Санатұлы сөз алып, өткен жылы атқарылған жүйелі жұмыстарды тізбектеді. Негізінен, Жаңатұрмысқа көгілдір отын тарту жұмыстары осыдан 3-4 жыл бұрын қолға алынған екен. Алайда, газ кіргізем деп халықтан қыруар ақша жинап алған мердігер компания басшысы сол кеткеннен қара көрсетпеген. Жарыссөз барысында сөз сөйлеген ауыл ақсақалы Өмірзақ Шыңқожаев ауыл әкімнің жылдық есебін қанағаттанарлық деңгейде бағалап, аудан басшысынан осы мәселені түбегейлі шешіп беруді өтінді. Ауыл қариясының пайымды пікірін назарға алған аудан әкімі Асқар Қырықбаев аталмыш мердігер компания басшысымен таяуда кездескенін айтып, алдағы жылдары бұл мәселенің де өз шешімін табатынына жұртшылықты сендірді.

Бұдан кейін, аудан әкімінің есеп беру жиналысы Қарақыстақ ауылдық округінде жалғасып тапты. Айтпақшы, сөз арасында қарақыстақтықтардың ауылдық мәдениет үйіне көптеп жиналғанын жазып өтейік. Әдеттегідей, мұнда да ең алдымен округ әкімі Ораз Танкеев алғашқы болып сөз алды. Ал, аудан әкімінің жылдық қорытынды есебін тыңдаған округ тұрғындары Асқар Қырықбаевтың жасап жатқан еселі еңбегіне жоғары баға берді. Дегенмен, жарыссөз барысында есептік кездесуге ауыл тұрғындарының неліктен көптеп келгенінің негізгі сырын ұққандай болдық.

Жалпы, Қарақыстақ ауылдық округінің тұрғындары да жаңатұрмұстық жамағат секілді әлгіндей жағдайға тап болып отыр. Яғни, мұндағы тұрғындар да «Ақ қар 2009» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі басшысының сөзіне сеніп, ақша жинап берген. Алайда, көгілдір отын әлі кірмеген. Бұған: «Жағдайдың осылай ушығып кетерін әу баста білгенде мұндай қадамға бармас едік» деп күйінеді ашынған жұртшылық. Бұдан бөлек, ауыз су мен жол мәселелері де қарақыстақтықтарды әуреге салып тұр. Жол қауіпсіздігі белгілерін орнату жайы тағы бар. Мінеки, Асқар Санатұлының ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері турасындағы жылдық есебінде жергілікті тұрғындар осындай қордаланған мәселерді ақтарып салды. Оның үстіне, жарыссөз барысында өз ойын ортаға салған округ тұрғыны Ю.Айтбаевтың сөзінен ащы жанайқайдың сыры аңғарылып тұрғандай көрінді бізге. Өз кезегінде тұрғындар тілегін байыппен тыңдаған Асқар Санатұлы тиісті сала басшыларына нақты тапсырма жүктеп, аталмыш мәселердің жай-жапсарын алдағы уақытта лег-легімен шешуге тырысатынын жеткізді.

Ақиқатын айтайық, көп мәселенің түйіні шешілген ауылдың бірі – Абай ауылдық округі. Бәрі емес әрине. Десе де, абайлықтар өзге ауыл тұрғындары секілді көгілдір отынның зардабын көріп отырған жоқ. Ауыз су мәселесіне абайлықтар тіпті де алаңдамайды. Рас, ауылға жаңа медпункт салынса деген көпшіліктің тілегі бар болатын. Өткен жылы бұл мәселе де толығымен шешімін тапты. Биыл Абайдағы 4 көшеге асфальт төселінеді. Оған жастар сарайын қосыңыз. Сондықтан болса керек, Абай атындағы шағын орталықты орта мектепте өткен аудан әкімінің есепті жиналысына жергілікті халық қос әкімге ұсыныстан гөрі тілектерін арнап жатты. Бір сағатқа созылған есепті жиында алдымен Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстанбеков сөз алып, өткен жылғы атқарылған баянды тірліктерді жіпке тізді. Негізінен, ауыл әкімі Мұратбек Дәкенұлының табандылығына абайлықтар дән риза. Ауыл әкімінен соң, аудан әкімі Асқар Қырықбаев тауық жылындағы аудан бойынша жасалған жүйелі жұмыстарға тоқталды. Баяндамашылардың сөзінен соң жарыссөзге шыққан Абай ауылдық округі ақсақалдар алқасының төрағасы Рысбек Секербеков Асқар Санатұлының іскерлік қабілетін сөз етіп, аудан басшысының жұмысына табыс тіледі.

 

Марат ДИХАНБАЙ.


© 2017 Аппарат акима Рыскуловского района
+7 (7262) 00 00 00 Обратная связь
Разработка и поддержка сайта